Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Бақытжан АЙДОСОВА, «Nur Otan»  партиясының Зеренді аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары,  Зеренді аудандық мәслихатының депутаты.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында Қазақстан қауіпті дерттің алдын алуға әлем елдерінің ең алғашқыларының бірі болып кірісіп,тиісті сақтандыру шаралары жасалып жатқандығы баяндалады.

Соның нәтижесінде елімізде мүмкіндігінше індеттің етек алып кетуіне жол берілмей, ахуал күн сайын тұрақты назарда ұсталып отыр «Бүгінгідей бүкіл әлем алаң күй кешіп, ұлт саулығы сынға түскен қазіргі сәтте де баршаны сабырға, байсалдылыққа шақырып, тағы да жұртыма ақ тілеулі сөзімді арнағалы отырмын»  дейді Елбасы өз мақаласында.

Ел Президенті  Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған таяудағы үндеуінде барлық әлеуметтік топтарға, кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы  саласына көрсетілетін түрлі көмек туралы жан-жақты мағлұмат берген болатын. Елбасы, әрі қарайғы жұмыстарда үкімет пен жергілікті атқару органдарының да мемлекет тарапынан бөлінетін қаржыны үнемді пайдаланулары керек екенін  атап өтті. «Әр министр, әрбір облыс, қала және аудан басшылары жүйемен, тәртіппен, үйлесіммен, нақты жоспармен, нық сеніммен әрекет етіп, уақытша қиындықтан шығуға барлық күш-қуатты жұмылдыруы қажет. «Nur Otan» партиясының мүшелері де осы бір сауапты істің алдыңғы қатарынан табылуға тиіс»,– дейді бұл орайда Нұрсұлтан Назарбаев.

Қалыптасып отырған жағдай тек қазақстандықтарға ғана емес, барлық әлем үшін оңайға түспегенін барлығымыз сезініп отырмыз. Нұрсұлтан Әбішұлы осындай сын сағатта халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі септігін тигізіп, соның арқасында қиындықты міндетті түрде жеңіп шығамыз дейді.  Бұлай деп мәлімдеуі – бізде қажетті қаржы-қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түлік, бәрі бар.

Алаңдайтын, абыржитын еш негіз жоқ дей келе, еліміздің халқын сабырлылыққа шақырып, өз мүддесін ойлап,ел ішінде үрей таратып, байбалам салушылардың азғырынды, арзан әңгімелеріне еруден сақ болуға шақырады. Шынымен көптің қамын көздейтін адам айғайшыл күшімен емес, игілікті ісімен қызмет еткені дұрыс дейді. Бұнымен, қалайша келіспейміз?!

Сондықтан, әрбір қазақстандықты  өзінің, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершілікпен қарауға шақырып, дәл осы тұста көмекке аса мұқтаж қарияларды, ардагерлерімізді, көпбалалы аналарды, әл-ауқаты төмендерді, жұмысқа жарамсыз жандарды ерекше қамқорлыққа алуға үндеп отыр.

Иә, барлығымыз күнделікті бұқаралық ақпараттық құралдары және әлеуметтік желілердегі жаңалықтардан пандемияны көрші Қытай елі өз ұйымшылдығы мен темірдей берік тәртібінің арқасында ауыздықтағанын естіп, көріп отырмыз. Береке-бірліктің алмайтын қамалы, бағындырмайтын биігі болмайтынының дәлелі бұл.

Елбасының сындарлы саясаты арқасында тәуелсіздік жылдары қол жеткізген барлық табысымыздың қайнары – ең алдымен халқымыздың береке-бірлігі.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Біз біргеміз!» республикалық акциясы аясында Елбасының тапсырмасы бойынша «Nur Otan» партиясы мен Тұңғыш Президент Қоры коронавирус кезінде халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына қолдау көрсету үшін қаражат бөлсе, барлық  аймақтарға қарасты  аудандық филиалдар да кәсіпкерлердің қолдауымен қамқорлыққа мұқтаж жандарға өз әлеуметтік көмектерін көрсетуде. Біз бұл жұмысты одан әрі де жалғастырамыз. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, біз біргеміз!

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар