Өмір үшін күрестің алғы шебінде

Елімізде бүкіл әлемді шарпып кеткен аты жаман індетке қарсы дәрігер атты қаһармандар барлық күш-жігерін салуда. Солардың бірі – Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының провизорлық стационарының меңгерушісі Наталья Соколованы әңгімеге тарттық.

Облыстық аурухананың базасындағы аталмыш провизорлық стационар 30 наурыздан бастап елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты жұмысын карантиндік режимнің төтенше, шұғыл жағдайында жүргізіп келеді.
Қазіргі жағдайда провизорлық госпитальдің қызметкерлері өздерінің отбасыларынан оқшауланып, алшақтатылған. Олар жатақханаларда тұрып жатыр. Өздерінің тағдыр қосқан жарларымен, жұбайларымен, бала-шағасымен бұрынғыдай күнделікті шүйіркелесе алмайды. Қарым-қатынас жасауға болмайды. Осы бір қиын сәттегі мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау да олардың еңбегінің еленгенінің айқын дәлелі. Бұл орайда, стационар меңгерушісі:
–Дәрігерлерді қолдап, құрметтеу, әсіресе, мемлекет тарапынан көрсетілгені қандай жақсы, жанымыз шын жадырап қалды. Мамандығымыздың мәртебесін, жауапкершілігі мен маңыздылығын медицина мамандығын таңдап келген жастар қауымы да ұғына түскендей. Жалпы, бізді күн сайын төрт мезгіл сапалы тағамдармен тамақтандырады. 15 күндік вахталық жұмыс тәсілін енгізгеннен кейін әрқайсымыз жеке гигиенаның толық пакетін алдық, ішінде қажеттінің барлығы бар, тіпті біз ойламаған ұсақ-түйектерге дейін салыныпты. Сонымен бірге, облысымыздағы кәсіпкерлер мен дәулетті жандардың да қазіргі жағдайға бейжай қарамай, өздерінің тарапынан демеушілік жасап, бізді қолдап жатқандығы қуантады. Жақында біздің ұжымға қала шетінде орналасқан көтермелеп сататын көкөністер базары қолдау көрсетті. Ал, «Сенім» облыстық медицина қызметкерлерінің кәсіподағы 100 мың теңге сомасында материалдық көмек беріп, бұл қаржыға біздер қосымша залалсыздандыру құралдарын сатып алдық,– деді.
Стационар қызметкерлері еңбекақыларының үстіне мемлекет тарапынан қоса берілетін үстемеақыға дән риза. Санитарлардан бастап дәрігерлерге дейін 300 мың теңгеден жоғары еңбекақы алды. Госпитальда 26 медициналық қызметкер еңбек етеді.
Қазіргі уақытта провизорлық стационарда қарттар үйінен жеткізілген отызға жуық егде адам жатыр. Олардың дертпен күресіп, аурудан ада болатындығынан дәрігерлердің үлкен үміті бар. Дәрігерлер мұнда науқастарды қабылдап, тиісті диагностикалық шараларын өткізіп, тәулік бойы індетке күдікті жандарды бақылайды, ем уақыты аяқталған соң, оларды стационардан шығуға дайындайды.
–Өз тарапымнан айтарым, біздің ұжымның барлық қызметкерлері өз жұмыстарын шынайы көңілмен, адал ниетпен атқарып, өз істеріне жүз пайыз, тіпті одан да көп берілген адамдар. Басқаша болуы мүмкін емес. Өйткені, біздің
мойынымызда үлкен жауапкершілік жүгі тұр, оны әрқайсысы біледі және өз бойындағы бар қажыр-қайраты мен білімін, күш-жігері мен қабілетін барлығы бірге ортақ іске жұмылдыруда, – деді сөзін түйіндеп Наталья Соколова.
Елімізге оңай соқпай отырған осынау ауыр да қиын күндер тезірек артта қалсын деген тілектеміз. Ақ халатты абзал жандардың еңбегі қашанда жана берсін!
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар