Қазақ білсін!

Сүт тағамдары

Майдың сүті. Қаймақтың сары май айырғанда іркіліп шығатын қышқыл сүт. Оны кейде сол күйінде сусын ретінде ішкен, кейде қайнатып ірімшік жасаған. Шайқалған майды шынылау үшін, суық суға салып сығымдаған, одан қалған сүтті май сүтінің шалабы деп кей жерлерде май шалап деп атаған. Нанға да қосып иленеді.
Тұрнияз. Сүтке май, су, ұн, езген құрт, ақтаған тары қосып қайнатқан соң, бұқтырып қойып жейтін оңтүстік қазақтарының сүйікті асы, ұнды бөлек қуырып алып, тұрнияздың үстіне себелеп те әзірлейді.
Ақірім. Сүр еттің сорпасына айран қосып, қатық немесе қымыз қосып, сапырып ішетін қышқыл сусын. Ол әрі сусын, әрі тамақты бойға жақсы таратады. Әдетте, ертеректе, сүр етке тойғаннан кейін, құр шай ішу немесе ақірім ішетін болған.
Ірімшік. Жаңа сауылған жылқы сүтін мәндірмен (кей жерлерде мәйек дейді) ұйытып, одан кейін суалғанша қайнатады. Қайнауы жеткен ірімшік қызыл сары түске айналады. Содан кейін оны сүзіп алып, дорбаға салып, желге, күнге қойып кептіреді. Кепкен ірімшік бұзылмайды, көп сақталады. Қонақ дастарқанына қойылатын өте дәмді, сүйікті де бағалы ас. Кепкен ірімшікті түйіп, жент жасайды, тұш бауырсақтың үстіне себеді, майға қосып жейді. Қызыл ірімшіктің сары суынан шайға тістейтін жақсы тамақ жасалған, ол тәтті болады.
Ақ ірімшік. Сүтке айран қосып, ірітіп қайнату арқылы әзірлейді. Кейде ашып қалған, өздігінен ұйыған сүттің айранын сүзу арқылы да ірімшік жасалады. Ақ ірімшікті қамырға орап, үстіне май салып, табаны қоламтаға қойып пісіру әдісімен бүркеме нан делінетін сүйікті ас жасалады.
Мәндір (мәйек) – ірімшік қайнататын сүтті тез, шымыр ұйыту үшін жас төлдердің жұмыршағынан алып, ашытып жасалатын ұйытқы. Жас бұзаудың, қозының ұлтабарына, жұмыршақ қарнына (ішкі жағына) байланған уыздың өңезі. Бауыздалған осындай төлдердің жұмыршағынан әлгі өңезді қырып алады, кейде ұлтабарды, жұмыршақты тұтас алады. Сол қырындыға азырақ айран жағып, ішекке салып, шаңыраққа іліп қойса, біраз күннен кейін ол ашып, кебеді. Осы мәндірді жылы сүтке малып, біраз шайқап, бетін жауып қойса, сүт балдырдай болып, ұйып қалады. Сөйтіп одан ірімшік қайнатылады.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар