Әкім – ел ішінде

Бизнеске барынша қолдау көрсетіледі

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен облысымыздың Біржан сал және Бұланды аудандарында болып, бірқатар әлеуметтік-медициналық және өнеркәсіптік нысандарды аралап көрді.

Облыс әкімі алдымен, Біржан сал ауданына қарасты Макинка ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға ат басын бұрды. Медициналық мекеме елімізде қалыптасқан жағдайға байланысты қатаң дезинфекциялық режимде жұмыс істеуде. Аудандық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Марат Досетов облыс әкіміне емдеу мекемесін аралатып көрсетіп, жұмыс барысын баяндап берді.

Оның айтуынша, бүгінде амбулатория Макинка ауылымен қатар, алты елді-мекен тұрғындарына, барлығы 2200 адамға амбулаторлық көмек көрсетеді. Карантин уақытында қабылданған қаулыға сәйкес, ақ халаттылар дене қызуы бар науқастарды үйлеріне барып қарайды. Тұмау белгілері бар науқастар арнайы фильтр кабинеттерде тексерістен өтеді. Сол жерде коронавирусқа анализ алынып, ол облыс орталығындағы зертханаға жіберіледі екен.

Коронавирус жұқпасы тіркелген елдерден, сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласынан келулеріне байланысты қазіргі таңда тоғыз тұрғын үй карантинінде. Зерттеу нәтижесінде олардың ешбірінде қауіпті індет анықталмапты. Соған қарамастан олар он төрт күн бойы бақылауда болады деді дәрігерлік амбулатория қызметкерлері.

Макинка ауылындағы «Мейірім» қарттар үйінде болған облыс әкіміне қарттар үйінің жаңа ғимараты құрылысының жобасы таныстырылды. Құны 3 миллиард теңгеге бағаланып отырған бұл жобаны Ермек Маржықпаев құптай қоймады. Себебі, жүз орындық әлеуметтік мекеме үшін бұл тым қымбат жоба. Сол үшін біраз ойланып, жобаны қайта қарау керектігі айтылды. Осы арада айта кетейік, қарттар үйінің қазіргі ғимараты 1912 жылы салынып, көтеріліс кезеңінен бұрын уездік аурухана, одан кейін туберкулезбен ауыратын науқастарға арналған шипажай орталығы болыпты. Ғимараттың бүгінде тозығы жеткен. Қазір «Мейірім» деп аталатын бұл қарттар үйінде 93 қария тұрады. Ал, мұнда жұмыс істейтін мамандардың саны 84 адам.

Жалпы, облыс бойынша 5 қарттар үйі бар. Олардың барлығы лық толы деді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова. Өкінішке орай, қарттар үйлеріндегі қарттардың саны жыл санап өсіп келе жатқан көрінеді. Бұл біздің қоғамымыздың кеселі деді облыс әкімі.

Ауданға жасаған жұмыс сапары кезінде Ермек Маржықпаев былтырдан бері Макинка ауылында құлпынай өсіруді қолға алған «Прогресс» шаруа қожалығының жылыжайында да болды.

–Құлпынай өсіру туралы ой өздігінен келді. Сөйтіп, өткен жылы Италиядан қатырылған күйінде құлпынай көшеттерін әкелдік. Маусымда отырғызғанымызбен, әлі өнім алған жоқпыз. Себебі, көшеттің жерсінуін күттік. Алдағы мамыр айының ортасына қарай көшет алғашқы жемісін бере бастайды. Биыл 5 тоннаға дейін өнім алып, Нұр-Сұлтан қаласына тасымалдауды жоспарлап отырмыз, – деді шаруа қожалығының өкілі Д.Ведянин. Осы орайда, облыс әкімі құлпынай өсіру кәсібі өңірімізде бұрын соңды болмағанын, бұл жылыжай басқаларға жақсы мысал екенін айта келе, кәсіп иелеріне бизнесті қолдауға бағытталған «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы» секілді бағдарламаларға қатысуға кеңес берді.

Одан кейін жұмыс сапары Бұланды ауданында жалғасты. Мұнда облыс әкімі Макинск құс фабрикасының құрама жем шығаратын зауытында болып, құс фабрикасының екінші кезеңінің құрылыс жұмыстарымен де танысты. Үстіміздегі жылы мұнда бройлер тауығын өсіретін төрт алаң салынады. Әрбіреуінде 12 құсқорадан болса (бір құсқора 2 мың шаршы метр), барлығы 48 құсқора салу жоспарланып отыр. Жоба құны 14,9 миллиард теңгені құрайды. Құс фабрикасының екінші кезеңінің құрылысы аяқталғаннан кейін кәсіпорын толық қуаттылығына көшіп, жылына 50 мың тонна құс етін өндіретін болады. Бұл елімізде құс етінің импортын 30 пайызға азайтуға мүмкіндік береді. Макинск құс фабрикасы Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы ірі құс фабрикасына айналатынына сенім мол екенін айтқан облыс әкімі:

–Макинск құс фабрикасы жақсы өндірістердің бірі, әрі біздің жақсы серіктесіміз. Бүгінде баршамызды коронавирус індеті қыспаққа алған кезде осы компания үлкен қолдау көрсетті. Облысқа екі өкпені жасанды желдету аппаратын сыйға тартып, коронавирус жұқпасына анализ алатын лаборатория салып берді. Мұнымен қоса, 10 мың тестпен қамтамасыз етті. Зор алғысымды білдіремін, – дей келе, Ермек Маржықпаев кәсіпорынның әрі қарай дамуы үшін мемлекеттік бағдарламалар аясында барынша қолдау көрсететінін жеткізді.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар