Облыстық әкімдікте

Өңірде коронавирус бойынша жағдай тұрақты

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен төтенше жағдайға байланысты өңірлік жедел штабтың кезекті отырысы болып өтті.  

Өңір басшысы коронавирус пандемиясы елімізде күн сайын қиындап бара жатқандығына, бірақ, біздің өңірде жағдай тұрақты екендігіне назарға аударды. Соңғы мәлімет бойынша облыста 726 адам медициналық бақылауға алынып, оның 346-сы ауруханаларға жатқызылыпты. Үй карантинінде 380 адам. Ал, зертханалық тексерістерден коронавирус індеті расталғандары 83 адамды құрап отыр, оның ішінде 20 адам емделіп шыққан, қазіргі күні тағы да 36 адам үйге шығарылуға дайындалып жатыр, оның ішінде 22 адам 65 жастан асқан егде адамдар. Еліміз бойынша індеттің анықталу көрсеткіші соңғы күндері 8-ді құраса, біздің облыста 1, 2 ғана. Облыс әкімі осындай қиын жағдайда өздеріне қауіп төніп тұрса да, індетпен күн-түн демей күресіп, өздерінің кәсіби парызын абыроймен атқарған дәрігерлерге ризашылығын жеткізіп, алғыс білдірді.

Облыста 31 наурыздан бастап, карантин режимі енгізіліп, кейін қауіпсіздік шараларын сақтау үшін оның тәртібі қатаңдай түскені белгілі. Облыс аумағында осындай тәртіп әлі де біраз сақталуы мүмкін, себебі індеттің таралуы әлі де шарықтау шегіне жеткен жоқ дейді мамандар.

Сонымен бірге, отырыс барысында күні кеше облыс аумағына Минскіден 40 жерлесіміз жеткізілгендігі, олар Бурабайдағы өкпе-тыныс аурулары шипажайына орналастырылғандығы белгілі болды. Олардан індеттің бар-жоғын анықтау үшін тест алынып, барлығы да теріс  нәтиже көрсеткен. Әлі де Түмен және Омбы қалаларынан оқып жатқан студенттер әкелінеді деп күтілуде. Оларды да орналастырып, оқшаулауға, тиісті тест алуға дайындық шаралары ұйымдастырылып жатыр.

Облыс әкімі отырыс барысында Зеренді аумағында дем алып жатқан медицина қызметкерлерінің жағдайын да анықтап біліп, барлық жағдайды жасауды тапсырды.  Науқастармен тікелей жұмыс істеген Аршалы аудандық ауруханасының медицина қызметкерлері де осындай демалыс орнына орнастырылып, оқшауландыратын  болады.

Облысымыз республикада коронавирусқа экспресс тест өткізу бойынша Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан кейін үшінші орында. Қазіргі уақытта 6000 тест жүргілген. Ұлттық сараптама орталығымен бірге, «Олимп» клиникалық диагностикалық орталығы ашқан мобильдік орталығы да тесттер өткізе бастады. Онда карантин режимінде жұмыс істеп жатқан медицина қызметкерлері, полицейлер, тағы басқа да арнайы жұмылдырылған азаматтар тест тапсырады. Ал, қарапайым халық алдын ала сайт арқылы сауалнаманы толтырып,  белгіліленген уақытта ақылы түрде тексеріле алады. Орталықта осы күні 3000 тест бар, әлі де 7 мың тест жеткізіледі деп күтілуде.

Облыс әкімі сонымен бірге, маска тігіп жатқан кәсіпорындардың жағдайын, өңірдегі азық-түлік қорын, карантин тәртібін сақтау, көктемгі егіс науқанына «жасыл дәліз» ұйымдастыру, ауруханалардың, блок бекеттердің жағдайы, кәсіпкерлердің қайта өз жұмыстарын жандандыруға дайындығы бойынша біраз мәселелерге көңіл бөліп, тиісті орындарға тапсырмалар берді. Карантин тәртібі жеңілдетілетін болса, бұл жөнінде арнайы қаулы қабылданып, онда осыған қатысты барлық мәселелер жан-жақты, нақты атап көрсетілгендігі айтылды.

Ырысалды ШАМШИЕВА,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар