Төзім мен сабыр тілекке жеткізеді

Марат Сырлыбаев,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры.

Қарашаның қамын ойлаған басшымыздан айналып кетпейміз пе? Мына бір қара халықтың басына түскен сындарлы уақытта президентіміздің әлеуметтің барша топтарына әлеуеттік қамқорлық танытып, нақтылы қол ұшын ұсынуы, тапсырмалар топтамасын беріп, орындалуын қатаң бақылауға алуы өте-мөте құптарлық іс, көңілден де, жүректен де шығатын шаралар. Есімізге осындай сәтте Алаш тарихының дүрбелең кезеңдері, қилы, қым -қиғаш сәттерге толы сан алуан беттері түсіп, сондағы халқымыздың рухани көсемдерінің, серкелерінің әрекеттері көз алдымызға келеді. Әсіресе, Әлихан Бөкейхановтың қара басын тігіп бәйгеге, халқы үшін шырылдағанын тарих та, халық та ұмытпақ емес. Қан майданға барып қазақ солдаттарына көмек беруі, патша құлағаннан кейін алаштың келешегін сақтауға барынша ат салысуы, бірінші кезекте таптық емес, ұлттық мүддені алға қоюы, қасқайып тұрып Уақытша үкіметке де, кейін Кеңес өкіметіне де қарсы тұрып ел болашағының іргесін қорғауы – кез-келген тарих сүйер қауымды бей-жай қалдырған жоқ. Сол жолда құрбан да болды қайран «алаштың Әлиханы». Иә, әр кезең өзінің ерлерін тудырады, тарих заңдылығына бас иесің.
«Ақтабан..» заманындағы Абылай, Хрущевтан қаймықпаған Жұмабек Тәшенов, «еркек тоқты-құрмалдық» деп шырылдаған Қайрат Рысқұлбеков, Кремльге бас имеген тарихшы Ермахан Бекмаханов тағысын тағылар… Міне, осы параллельді Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа да таққым келіп отыр, мүмкін біреу-міреуге ұнамас, не басқа ой тудырар, бірақ, менің жеке пікірім, ойым осыған
жетелейді.Қандай себептер дейсіздер ғой, әрине жауабым жетерлік.
Ел тізгінін берік ұстауы, халықаралық беделі, жеке басының қарапайымдылығы, үлкен интеллектуалдық деңгейі. Айта берсек тізе беруге болады. Осы қазіргі уақыттағы көпшілік көңілінен шығып жатқан қолдау-бастамалардың өзі бір төбе. Ешқандай абыржу, асқан алаңдаушылық білдірмей салқынқандылықпен ел бетін түзу әкеле жатқаны қуантады. Қараңыздаршы. Кірісі төмендеп, уақытша жұмыс көзінен айырылғандарға көмек, зейнетақы көлеміне қосымша үстеме, әлсіз, шектеулі топтарға азық-түлік шеңберінің кеңейтілген жәрдемі, коммуналдық төлемдерді жеңілдету шаралары, медициналық сақтандыру мүмкіндіктері, бағаны тұрақтандыру мен несие-ипотекалық төлем шаралары, басқа да жұмылдырылып атқарып жатқан іс-шаралар жоспары көкейге қонып, бойымызға үміт пен сенім ұялатуда. Қарашаның қамын тауып, қарға тамырлы қазаққа жағу оңай емес екендігі бесенеден белгілі. Төрелік айтып, көлденең кесім айтатындар да, бабын білмей байбалам салатындар баршылық. Онсыз болмас, ол да қазіргі күннің көрінісі. Сараптай білейік, саралап көрейік, сағын сындырмайық, сабырға салайық, нәтижесіне мән берейік, жолын ашайық. «Қасым ханның қасқа жолындай» бұл Қасым-Жомарт жолы, ел мұраты үшін таңдаған жолы, тарих пен тағдыр еншілеген жол.Ақ жол тілейміз ендеше.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар