Біздің Жеңіс!

Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің бірі, қызылтулық Жүніс Рақымжанұлы Айтжанов 1908 жылы туып, 1980 жылы 14 наурызда 72 жасында қайтыс болған. Соғыстың басынан аяғына дейін қан майданда болып, талай жаралыны ұрыс даласынан алып шыққан медицина саласының старшинасы, аға санинструктор. Москва түбіндегі шайқастарға қатысып, Будапешт, Кенисберг қалаларын зұлым жаудан азат етуде көрсеткен батылдығы мен қаһармандығына орай, «Москваны қорғағаны үшін», «Ерлігі үшін», Будапешті азат еткені үшін», «1941-1945 жылдары Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған қарт майдангер көзі тірісінде сол соғыс көріністерін өлең етіп өруде де қара жаяу болмаған көрінеді. Соның дәлелі – кезінде Ұлы Жеңістің 30 жылдығына арнап шығарған төмендегі өлеңі. Оны мереке қарсаңында редакциямызға ата аманатына адал қараған немересі Еркін Төлеубайұлы алып келген еді.

41-дің жиырма екінші маусым айы,
Былай болды ұмытпасам, оның жайы.
Тап берді таң алдында аңдыған жау,
Деп ойлап осы мезгіл өте ыңғайлы.

Сол шақта құлаш жайды Отан-Ана,
Ышқынып, серпілді бір байтақ дала.
Қолына қару алып аттанды кеп,
Майданға ер азамат, қыз-бозбала.

Бермеуге ештеңені өз қолынан,
Көшірді заводтарды жау жолынан.
Осылай күшті жинап, тоқтатқанмен,
Фашист та мықты болды біз таныған.

Босатып жау қолынан ел мен жерді,
Тарқатып ішіндегі қайғы-шерді.
Сонда да біздің әскер бой берместен,
Берлинде ең соңғы рет соққы берді.
Қырық бес, тоғызыншы майдың күні,
Жар салып Левитанның шықты үні.
Жеңіске жеттік біздер бұл қырғында,
Қан төгіп, тоқтамаған күні-түні.

Осы күн – Ұлы Жеңіс мейрам болды,
Ерлікке дүниежүзі қайран қалды.
Халқымыз қуаныштан шалқып-толқып,
Кәрі-жас салтанатты сайран салды.

Соғыста шейіт болған талай ерлер,
Солдаттар, политрук, командирлер.
Еске алып, үнсіз тұрып, бас иеміз,
Сондағы тірі қалған мына біздер.

Біз көрдік мерекені отыз жылдық,
Бұған да шүкір Алла, тәубә қылдық.
Үрейсіз еркін өсіп кейінгі ұрпақ,
Орнасын бейбітшілік көп-көп жылдық!
1975 жыл.

Ту тіккен күн

Қимадың бәрібір Мәскеу жұлдызыңды,
Алған соң егемендік сең бұзылды.
Рейхстагқа тігілген алғашқы ту,
Қуантты сан мыңдаған ұл-қызыңды.

Қарсыластың сақ сынауы расталды –
Жау ұясы қара жерді жастанды.
Жалғыз солдат мыңдап фашист айдады,
Капитуляция. Штандарттар тасталды.

Төрт жыл күткен миллиондар арманын,
Орындады Нұраның ер тарланы.
Жалғыз тумен үміт сыйлап әлемге,
Бұл ерлігін ұрпағына арнады.

Үш қыраным – Қасымым мен Бауыржан,
Ең кенжесі – Қошқарбаев Рақымжан.
Тірі күні бұйырмады жұлдызың,
Қанша құрмет көрсеңдер де халқыңнан.

Әлем үшін, әншейін бір «жауыр» күн,
Елім үшін салтанаты тәуір күн.
Әскеріміз рухтанар, ал, халқым,
Жігерленер отызымен сәуірдің.

Тап осы күн жүрекке нұр толсыншы,
Шаңыраққа бақыт құсы қонсыншы.
Рейхстагқа ту тіккені қазақтың,
Мәңгі біздің елімізде болсыншы!

Тарғын МАҚЫЖАН.
Жақсы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар