Әр баланың өзін бақытты сезінуі – қоғам міндеті

Айгүл НҮГЕРТАЕВА,
облыстық білім басқармасының қамқоршылық, қорғаншылық және тәрбие жұмыстары бөлімінің басшысы.

Халықаралық балаларды қорғау күні 1950 жылдан бері аталып өтілуде. Қазақстанда балалар құқығы заңмен қорғалып, бекітілген. Әр бала балабақшада, мектепте мемлекет тарапынан тегін тәлім-тәрбие мен білім алуға құқылы.

Ең алғаш Халықаралық балаларды қорғау күні 1950 жылы өткізілген. БҰҰ аталған бастаманы дер кезінде қолдап, балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғауды өз қызметінің басты бағыттарының біріне айналдырды. Балаларды қорғау күнін олардың өмірін соғыстан қорғау, денсаулығын сақтау, болашақ ұрпаққа демократиялық негізде білім мен тәрбие беру жөніндегі барша әлемдегі озық пікірлердің тоғысқан арнасы десек, артық айтқандық емес. 1989 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы балалар құқықтары туралы Конвенция қабылдады. Бұл құжатқа бүкіл әлем балаларын қорғау туралы заң мен жобалар енгізілді. Осы мерекені тойлаудың басты миссиясы – жұртшылық назарын проблемалы балаларға, олардың құқығын қорғауға, балалық шағын тыныш өткізуге және өз елінің толық азаматы ретінде өсуіне көз жеткізу болып саналады.
БҰҰ-ның жүргізген сауалнамасына жүгінсек, бүгінгі таңда әлемде әрбір оныншы бала үлкендер тарапынан жасалатын зорлық пен зомбылыққа ұшырайды екен. Сондай-ақ, әлемде өмірі қатерге толы балалар да баршылық. Аш-жалаңаштық, соғыс өрті, терактілер балалар өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, оларды бақытты балалығынан, әлемдегі басқа қатарластары секілді білім алып, тәрбиелену мүмкіндігінен айырады. Сондықтан, бұл күні тұрақсыздық жайлаған елдердегі балаларға қамқорлық мәселесі де назардан тыс қалмауы тиіс.
Қазақстанда 1 маусым күні балаларға арналған көптеген мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, жалпыхалықтық деңгейде аталып өтіледі. Алайда, биылғы мереке коронавирус пандемиясының таралуына орай, біздің елде үлкен масштабта аталып өтілмейтіндігі белгілі. Бірақ, әр отбасы, әр қорғаншылық ұжым, асырап алушылар өз қамқорлығындағы сәбилері мен балаларына жақсы көңіл бөліп, өз орталарында мерекелейді деп сенеміз.
Облыста балалардың құқығын қорғау үшін қандай жағдайлар жасалып жатқандығын шолып өтсек, қазіргі уақытта 18 жасқа дейінгі 204468 бала тіркелген. Республикалық мәліметтер қорының ақпаратына сүйенсек, олардың 1718-і жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар. Осы балалардың 1447-і, яғни, 85,7 пайызы қорғаншылыққа, патронаттық тәрбиеге алу және қазақстандық азаматтардың отбасыларына қабылдау тәрізді асырап алудың түрлі тәсілдері арқылы қамқорлыққа алынған. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандарға арналған 7 мекемеде 247 бала үш жүйе негізінде тәрбиеленіп жатыр.
Жетім балаларға арналған ұйымдардан қамқорлыққа алу, патронаттық тәрбиеге қабылдау, асыранды отбасы секілді баламалы отбасылық тәрбие түріне берілген тәрбиеленушілердің жалпы саны соңғы үш жыл ішінде 87 баланы құрады. Мәселен, 2018 жылы 33, былтырғы жылы 47 және биыл әзірге 7 бала әр түрлі отбасылардың тәрбиесіне тапсырылды. Әрине, бұл асырап алған отбасылар өздерінің туғандарындай болмаса да, олардың бойында бауырмалдық, мейірімділік, сыйластық пен адамгершілік секілді қасиеттерінің ашылуына мүмкіндік береді. Бұл арқылы олар ана атаулының аялы алақаны мен сүйіспеншілігін, әкенің қамқорлығы мен жанашырлығын сезіне алады. Балаларды отбасыларына асырап алудың оң көрсеткіштері Көкшетау қаласында (14), Сандықтау (13), Зеренді (8), Бурабай (6) аудандарында байқалады.
Білім басқармасының қамқорлыққа және қорғаншылыққа алу бөлімдері мамандарының алдын алу жұмыстарының нәтижесінде тұрмыстық жағдайы нашар отбасылардан шыққан 63 тәрбиеленуші өздерінің туған ата-аналарына қайтарылды. Бұл орайда, нәтижелі жұмыс жүргізген Бурабай (11 бала), Біржан сал (10) , Зеренді (8) аудандары мен Көкшетау (9) қалалық органдарының жұмыстарын ерекше атап өтуге тұрарлық.
Облыста балалардың «жетім бала» немесе «ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала» деген санатқа қосылуына жол бермеу мақсатында мүдделі органдармен бірлесіп, тұрмыстық жағдайы нашар отбасыларды сауықтыру бойынша алдын алу жұмыстарын жүргізетін екі орталық бар. Олардың бірі – Көкшетау қаласындағы кәмелеттік жасқа толмағандардың бейімделу орталығы, екіншісі Сандықтаудағы өмірдің қиын жағдайында қалған балаларды қолдаудың облыстық орталығы.
Сонымен бірге, өңірде «Мектепке жол» акциясы аясында 16463 оқушыға 339 миллион 720 мың теңгеге көмек көрсетілді. Осының ішінде 11 мыңға жуық оқушыға қолдау-көмек бюджет қаражаты есебінен көрсетілсе, қалған 5 мыңдайына қайырымды азаматтар мен бала өміріне бей-жай қарамайтын ұйымдар жәрдемдесті. Жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес әлеуметтік қорғалмаған және аз қамтылған отбасылардан шыққан 17947 баланы тегін және жеңілдікпен тамақтандыруды 100 пайыз қамтамасыз етіп берді.
2020 жылы облыстық бюджеттен аудандар мен қалаларға қосымша 541,3 миллион теңге қаржы жалпы білім беру үшін көрсетілетін көмекке бөлінді. Оның 224 миллион теңгесі тамақтануға, қалғаны балаларға киім-кешек пен кеңсе тауарларын алуға жұмсалды.
1 сынып оқушыларының тегін ыстық тамақпен қамтылуын ұйымдастыруға облыстық бюджеттен 325 миллион теңге қарастырылды. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап, аймақтағы барлық 15941 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылды.
Оқушылардың жазғы демалысына келер болсақ, Білім және ғылым министрлігінің тұжырымдамасына сәйкес демалысты дәстүрлі және қашықтықтан ұйымдастыру көзделіп отыр. Жазғы кезеңде 120 мыңнан астам оқушыны сауықтыру және демалу орындарына, мектеп жанындағы лагерьлерге, балалардың сауықтыру орталықтарына жіберу жоспарлануда. Ең алдымен, демалыс пен сауықтырудың барлық түрлері әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына ұйымдастырылады.
Қазіргі уақытта білім басқармасы коронавирус жұқпасының етек алып жатқанына орай, жазғы демалысты, оқушыларды еңбекпен қамтып, сауықтыруды қашықтықтан өткізу форматын әзірлеуде.
Балалар – бұл біздің болашағымыз. Бастаған ізгі істеріміздің жалғастырушысы, үкілеп ұшырған үміт құсымыздың қанаты. Балалар – тыныштықтың символы. Осы себепті олардың бақытты болуы үшін ештеңеден тартынбауымыз керек.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар