Әкім – ел ішінде

Бурабай курорттық аймағы: бүгін атқарылатын жұмыс ертеңге қалмасын

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Бурабай ауданында болып, курорттық аймақтың бүгінгі таңдағы шешімін тілейтін өзекті мәселелеріне назар аударды.

Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту әрқашан атқарушы және өкілетті биліктің басты назарында болып келеді. Осы орайдағы басты мақсат – оның деңгейін әлемдік курорттардың деңгейіне жеткізу. Сол себепті осы курортты аймақтың тиісті мәселелерін шешудің маңызы жыл сайын емес, күн сайын артып келеді десек, ешбір артықтығы жоқ.
Әрине, мұндайда қолға алынатын шаралардың бәрі терең ойластырыла түсуі тиіс. Курортты аймақтың өзін дамыту Щучинск қаласының инфрақұрылымын дұрыс түзіп, Бурабай кентіндегі мәселелерді шешудің қай-қайсысын болсын кейінге ысырмау деген сөз. Оның үстіне тұрғындардың өздері де баспасөз беттері мен теледидарда, әлеуметтік желілерде осы жайларға жиі үн қосып отырады.
–Біз «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының шеңберінде халық үшін де, келетін туристер үшін де айтарлықтай қаржы салып, осы аймақтың дұрыс дамуына мүдделі болып отырмыз. Осы қаржыны сауатты жұмсап, әрбір істен нәтиже шығару керек. Сондықтан, сіздер осындағы жұмыстың бәріне жеке жауапкершілікте боласыздар. Бұл орайда, аталған бағдарламаның маңызды мақсаттарының бірі – жұмыс орындарын ашу екендігін естен шығармау керек,–деді облыс әкімі Бурабай ауданына жұмыс сапары барысында өңір басшыларына.
Жолдардың жай-күйі аудан тұрғындары, әсіресе, қалалықтардың жиі көтеретін мәселесі. Айталық, биыл Щучинск қаласында 22 шақырымдық жол айырығын немесе 14 көшені жөндеу жоспарлануда. Жұмыс аудан орталығында да, курортты кенттің өзінде де жүргізіліп жатқанымен, құрылыс қарқынына Ермек Маржықпаев аса қанағаттана қойған жоқ. Аймақ басшысының:
–Артта қалып келесіздер, басқа аудандарда сәуірдің ортасынан бастап іске кіріссе, сіздер мұны тек жуырда ғана қолға алдыңыздар. Сондықтан, қарқынды арттырыңыздар. Оның барысында әрине, сапаны да өз деңгейінде ұстау міндеттеріңіз,–деген сөзі соған саяды.
Жылдың қазіргідей жылы кезеңі әлеуметтік нысандарды жөндеп, жаңалауға аса қолайлы. №6 орта мектепте «Көкшетауқұрылыс» ПСК» ЖШС-ының күшімен күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған. Атқаратын шаруа жетерлік. Шатырды, терезелер мен еденді, инженерлік жүйелерді ауыстырып, қабырғаларды сылап, әктеу, ішкі бөлмелердің сәнін келтіру осы екі-үш айдың жұмысы. Мердігерлер ғимараттың іші де, сырты да мүлдем жақсы жағына өзгереді деп уәде беріп отыр. Ермек Маржықпаев та 20 тамызға қарай нысанды пайдалануға беру керектігін тағы бір баса айтты.
Щучинск мәдениет үйіне жөндеу жұмыстары жасала бастап еді, 1959 жылы салынған ғимарат шыдамады, яғни, қабаттардың ортасындағы қойылған жабынды құлап түсті.

Сарапшылардың шығарған қорытындысы бойынша қазіргісі одан әрі пайдалануға жарамсыз, сондықтан, қосымша ғимаратты қайтадан тұрғызу керек.
–Жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеңіздер, 300-400 орындық жақсы жоба табуға күш салу керек. Қаржы бөлеміз,– деді бұл сауалға облыс әкімі. Оқжетпес селосындағы клуб та қайта жаңартудан өткізілуде. Жобада клубтың сыртын, ішкі бөлмелерін қоса жөндеу қарастырылып отыр.
Осы жұмыстармен бір мезгілде ауданда келесі жылу беру маусымына дайындық шаралары да қолға алынған. Мұндайда жылу берушілердің тиянақты жұмысы ғана емес, сонымен бірге, кәсіпорынның энергетикалық қуатының деңгейі де маңызды. Осы мақсатқа аудан 2 миллиард теңгеден астам қаржылай көмек алып отыр.
–Қаржыны игеріп жатырмыз. Жаңа желілерді төсеу, орталық қазандықта агрегаттарды жөндеу, №12 қазандықта насостар тобын ауыстыру жөнінен жұмыстар қарқын ала түсуде. Қолда бар қазандықтардың 6-уы немесе 80 пайызы жөндеуден өткізілуі тиіс. «Горный» шағын ауданына төселген магист-раль мұндағы үйлерді де жылу жүйесіне қосуымызға мүмкіндік береді,– деді осыған байланысты өз сөзінде «Бурабай жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Зейнұр Әлібеков.
Абаттандыру мәселесі де аудан әкімі Әсет Мұздыбаевпен жеке әңгіменің тақырыбына айналды. Ермек Маржықпаев осы бағытта Бурабай кентінде жүргізілетін жұмыстардың жобасымен танысып көрді. Бұл – бет-бейнесі өзгертілгелі отырған орталық алаң. Оның жаңартылуына 20 миллион теңге қаржы салу көзделіп отыр. Алаңда осы заманғы сауда нүктелері, қоғамдық тамақтандыру орындары, үлкендер мен балалардың демалыс аймақтары орналасатын болады. Кезең-кезеңімен тротуарлар да жаңартылып, жарықтандыру, аулаларды абаттандыру қолға алынбақшы.
–Бұл жұмыстарға жүйелі сипат беру керек. Өйткені, курортты аймақта осының бәрі өте-мөте маңызды,–деп атап көрсетті бұл ретте облыс әкімі. Шынында, курортты өңірімізді көркейтуде ұсақ-түйек мәселе болмауы керек.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Суретті түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар