Әбу Насыр Әл-Фараби – 1150

Әбу-Насыр Әл-Фарабидің саяси ой-пікірлері

2020 жылы Әбу-Насыр Әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толып отыр. Сол себепті ғасырларды жалғаған асыл бабаның шығармашылығын зерттеп, толық жинақ қылып бастырып, бүгінгі ұрпақпен қауыштыру – кезек күттірмес келелі мәселе.

Сондықтан да, біз осы бір қайталанбас дара тұлғаның өмірі мен шығармашылығына кеңірек тоқталып өтуді жөн көрдік. Әбу Насыр Әл-Фараби шығыстың көрнекті ойшылы, ағартушы, араб ғалымы. Оның зерттеуі ортағасырлық араб философиясының қалыптасуына зор әсер етті. Екінші Аристотель ғылымның дамуы-
на елеулі үлес қосып, мыңдаған кітаптар жазған.
Х ғасырдан бастап исламның саяси iлiмi шеңберiнде мемлекет пен саясатты зерттеу оны нормативтiк-құқықтық және этикалы-философиялық тұрғыда қалыптастырды. Нормативтiк-құқықтық бағыт мұсылмандық-құқықтық теорияға сүйендi және басқа iлiмдердiң ықпалын сезiнбедi. Философиялық-этикалық бағытта зерттеушiлер гректiң саяси философиясының дәстүрлерiне сүйендi және оны мұсылман мемлекетi – Араб халифатының ерекшелiктерiне қарай бейiмдеп пайдаланды.
Әбу Насыр Әл-Фарабидiң 870-950 жылдардағы еңбектерiнде орта ғасырлық араб философиясында саясат, мемлекет және билiк пен құқық туралы ойлар жан-жақты қамтылған.
Араб саяси философиясының атасы атанған Әл-Фараби саяси теорияны басқарудың, оны ұйымдастырудың тәсiлдерiн, қала тұрғындарына қайырымдылық пен игiлiктiң қалай келетiндiгiн атап көрсеттi. Өзiнiң саяси көзқарастарын ол «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы», «Мемлекеттiк билеушiнiң нақыл сөздерi» және «Азаматтық саясат» трактаттарында кеңiрек баяндайды.
«Бақыт – әрбiр адам ұмтылатын ұлы мақсат» екендiгiн атап көрсеткен Әл-Фараби бақытқа бiлiм мен игiлiк нәтижесiнде ғана жетуге болатынын, ал, ондай мүмкiндiк қайырымды қала тұрғындарында көбiрек екенін дәлелдейдi. Әл-Фараби басқаруды қайырлы және қайырсыз деп екіге бөлді. Қайырлы, білімді, мәдениетті басқару халықты бақытқа бастайды, олардың іс-әрекетін, ерік-қасиетін осы жолға бағыттайды. Ол үшін басқару заң күшіне, игі тәжірибеге негізделуі тиіс. Ал, қайырымсыз, надан басқаруда теріс әрекеттер мен жаман қасиеттер бой алады. Сондықтан, ол надан адам басқарған, озбырлыққа сүйенген, қайырымсыз, қатал мемлекеттік тәртіпті өткір сынайды. Мінсіз мемлекетті уағыздайды.
«Бақытқа жету» еңбегiнде ол «бақыт дегенiмiз игiлiктердiң iшiндегi ең қадiрлiсi, ең үлкенi, ең жетiлгенi» деп атап көрсетедi және әр адамның оған толық құқығы бар дейдi. Ал, ондай құқыққа ие болуға қайырымды қала тұрғындарының ғана мүмкiндiгi бар, сондықтан да қайырымды билеушiлер билеген қала тұрғындары ғана бақытқа жете алатындығын айтады. Мұндай қалалардың басқа қалалардан басты айырмашылығы және негiзгi белгiсi жоғары тәртiп пен оның тұрғындарының мәдениеттiлiгi, сыпайыгершiлiгi және билеушiлерiнiң қайырымдылығы, ақыл-парасаты. Сондықтан, Әл-Фараби бұндай қалалардың өмiр сүруi өзiнiң бiлгiрлiгi мен ұстамдылығына толық жауап бере алатын билеушiге тiкелей байланысты деп тұжырымдайды.
Әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы» трактатында қала тұрғындарын бес топқа бөледi. Оның ойынша, «қайырымды қала бес түрлi адамдар тобынан құралады: ең құрметтi адамдардан, шешендерден, өлшеушiлерден, жауынгерлерден және байлардан». Әл-Фараби ең құрметтi адамдарға ақылдыларды, пайымдағыш адамдарды, маңызды iстерде беделге ие болғандарды жатқызады. Екiншi топтағы шешендерге – дiни қызметкерлердi, ақындарды, музыканттарды, хатшыларды сол сияқты шығармашылық жұмыспен айналысатындарды, ал өлшеушiлерге-есепшiлердi, дәрiгерлердi, астрологтарды, математиканы оқытушыларды қосады. Оның ойынша, байлар дегенiмiз – қалада байлық табатындар, егiншiлер, мал өсiрушiлер, саудагерлер, қол өнершiлер.
Әл-Фараби қайырымды қала басшысында алты түрлi қасиет болу керек деп есептейдi. Олар: даналық, асқан пайымдылық, сенiмдiлiк, ойлау қабiлетiнiң жоғары болуы, соғыс өнерiн жетiк бiлуi, денсаулығының мықты болуы. «Осының бәрiн өз бойында ұштастыратын адам барлық уақытта кiмге елiктеу керек екенiн, кiмнiң айтқан сөзi мен ақылына құлақ қою керек екенiн көрсететiн үлгi болады. Мұндай адам мемлекеттi өзiнiң қалауынша басқара алады».
Әл-Фараби қаланы билеудiң алқалық түрiн де жоққа шығармайды. Билiктiң бұл түрi туралы ол былай деп жазады: «Жақсы қасиеттердiң бәрiн өз бойында ұштастыратын адам болмаса, бiрақ бұл қасиеттер бiр топ адамдардың арасында жеке-дара дарыған болса, онда бұл топтың мүшелерi бiрлесе отырып, әкiмнiң орнына ие болады, оларды жұрт жақсы басшылар және қадiрлi адамдар деп атайды, ал олардың басқаруы қадiрлi адамдардың басқармасы деп аталады».
Әл-Фараби қоғамды мемлекеттен бөлiп қарамайды. Қоғамның өзi адамның ағзасы сияқты, «Қайырымды қала» дене мүшелерiнiң бәрi де тiршiлiк иесiнiң өмiрiн сақтау, оны анағұрлым толыққанды ету үшiн бiр-бiрiн толықтырып тұратын адамның сау тәнi секiлдi көрiнедi. Өйткенi, қоғам да оның толыққанды мүшелерiнен тұрады және олар да бiр-бiрiн қажетсiнедi. Адамдардың әлеуметтiк теңсiздiгi туралы айтқан Әл-Фараби «адамдардың әуелден тоқымашы немесе хатшы болып тумайтыны сияқты қайырымдылық пен жаман әрекеттер де әуел бастан жаратылысынан дарымайды» олар адамдардың бiр-бiрiне деген үстемдiк құруға ұмтылысынан пайда болған деген ой түйедi.
«Қайырымды қала» трактатында Әл-Фараби әлеуметтiк әдiлеттiлiк пен еркiндiктi орнықтыратын – iзгiлiктi қоғам туралы ой қозғайды. Мұндай қоғамды ұлы ойшыл «әрбiр адам екiншi адамның өмiр сүруiне қажеттi үлесiн беретiн, бiр-бiрiне көмектесетiн адамдарды бiрiктiру арқылы ғана адам өз табиғатына сай жету дәрежесiне ие болатын» қоғам түрiнде елестетедi. Халықтың аз қамтамасыз етiлген топтарын мемлекеттiк қолдау туралы бұдан мың жылдан астам уақыт бұрын айтылған ғұлама идеясы бүгiнгi күнi де мемлекеттiң iшкi саясатындағы басты мiндеттердiң бiрiнен саналады. Осындай «жетiлдiрiлген қоғамда, Әл-Фарабидiң айтуынша, бiр-бiрiмен қарым-қатынас жасау, көмектесу, қолдау, ұжымдасу адамдардың өмiрлiк қажетiне айналады». Әл-Фараби мұндай қоғамды тумысынан табиғат берген он екi қасиетi бар ақылды, бiлiмдi, сабырлы, рухани билiктi iзгiлiктi билiкпен ұштастыратын, адами қасиеттерді бағалауға қабiлеттi адам басқаруы керек дейдi.
Адамдардың рухани жетiлуiнде де дiн мен философияны салыстырған Әл-Фараби, философия дәлелдеудi, дiн сенудi қажет етедi, бiрақ екеуi де адамдардың ақиқатқа жету жолына көмек бере алады дейдi. Философия мен дiндi, әсiресе, этиканы жақсылық пен жамандықты ажыратуға мүмкiндiк беретiн ғылым ретiнде қараған ол адам баласын жаратылыстың ең құндылығы, сондықтан да адамдар арасындағы өзара құрмет пен мейiрбандықты, сыйластықты жоғары қояды. Адамның шын бақытқа қол жеткiзуі тек осы дүниеде ғана мүмкiн екендiгiне назар аударған Әл-Фараби, адамдар өзiн-өзi жетiлдiруi және қиындықтан қашпауы тиiс дейдi. Оның айтуынша, адам өмiрiндегi «жақсылық» пен «жамандық» құдайдан емес, адамдардың күнделiктi белсендi әрекетiне ғана байланысты. Адамның табиғи қабiлетi жақсы әдеттi де, жаман әдеттi де iстеуге бiрдей мүмкiндiк бередi, ал оны таңдау адамның iзгiлiктi мiнез-құлқына келiп тiреледi. Сондықтан да адамның жақсы iстерге үйiр болуы оның мiнез-құлықтық жетiлуiне де тәуелдi.
Бүкiл араб саяси философиясында саясатқа көзқарас оның адамгершiлiк мазмұнымен сипатталады. Осы жағынан алып қарағанда саясат «саяси адамгершiлiк философиясы» ретiнде көрiнедi. Сондықтан, Әл-Фараби саясаттың басты мақсаты адамдарды бақытқа жеткiзу, игiлiкпен жеткiзу деп санайды. Грек философиясын мұсылман құқығы, дiнi және құқықтық теориясымен байланыстырып, одан саясат туралы жалпы iлiм жасауға талпыну бұл iлiмнiң дiни-мұсылмандық сипатын бiлдiрмейдi. Әл-Фараби саясат туралы iлiмдi мұсылман құқығымен, догматикасымен салыстыру арқылы олардың құдайлық бастауы туралы ұқсастығын емес, бұл iлiмдердiң адам iс-әрекетi мен мiнез-құлқындағы әртүрлi жақтарға тигiзген әсерiнiң мәнiн атап көрсетедi. Әл-Фарабидiң саясат туралы айтқан құнды ойлары Араб шығысы мен Орта Азия елдерiнде саяси-құқықтық iлiмнiң одан кейiнгi дамуына өз ықпалын тигiзе алды. Оның саяси-құқықтық идеялары орта ғасырлық және жаңа заман ойшылдарының еңбектерiнде көрiнiс тапты.
Бұл күндері Қазақстан Республикасы Ғылым министрлігі Ғылым Академиясының философия институтында шығыс философиясы және фарабитану бөлімі жұмыс істейді. Мұнда ғұламаның қазақ және орыс тілдеріне аударылып, ғылыми түсініктемелері мен алғысөздері жазылып, 20-дан астам трактаттары жарық көрді. Бұл бөлім Әбу Насыр Әл-Фарабидің диалектикасы, гносеологиясы мен әлеуметтік философиялық мәселелері бойынша зерттеулер циклін жүргізіп келеді. ҚазМУ-де Фарабитану орталығы құрылған. Мұнда да Әбу Насыр Әл-Фараби мұраларын аудару, зерттеу,
насихаттау жұмыстары маркстік көзқарастардан арылған жаңа, тың бағыттар бойынша жүргізілуде.
Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде Әбу Насыр Әл-Фараби атамыздың құрметіне арналған іс-шаралар жалғасын табуда. Мысалы, 27 ақпан күні Студенттер үйінде «тарих және халықаралық қатынастар» кафедрасының ұйымдастыруымен «Ұлы даланың Ұлы тұлғасы ұлтымыздың мақтанышы – Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығы» атты кеш өтті. Оның мақсаты – Әбу Насыр Әл-Фараби өмірімен таныстыру және ғылымның дамуына қосқан үлесі туралы әңгімелеу. Кеште 870 жылы Отырар қаласында дүниеге келген Әбу Насыр Әл-Фарабидің өміріне арналған баяндама жасалды. Студенттер домбыра тартып, ән айтып, би биледі. Бұдан басқа өз еркімен ортаға шыққан бірнеше студенттер Әбу-Насыр Әл-Фараби туралы мәліметтерімен қоса, қысқаша презентациялар мен баяндамалар жасады.
Біздің университеттің кітапханасында ашылған көрме «Әл-Фараби – шығыстың көрнекті ұстазы» деп аталды. Студенттер арасында «Әл-Фараби оқулары» атты ғылыми-семинар өткізілді. Шара аясында «Әл-Фараби әлемі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізіліп, «Мен таныған Әл-Фараби» атты театрландырылған тарихи көрініске ұласты. Одан әрі «Әл-Фараби және Отырар өркениеті» тақырыбы бойынша дизайн кафедрасының студенттері арасында сурет салудан байқау өткізілді.
Қорытындылай келе айтарым, Әбу Насыр Әл-Фарабидін өмірі мен шығармашылығын орта мектеп пен жоғары оқу орындарының тарих пен әдебиетке қатысты пәндеріне жеке тарау ретінде болса да кіргізе беру керек-ақ. Тарих пен филология, шығыстану факультеті студенттеріне арнап Әбу Насыр Әл-Фараби атындағы стипендиялар тағайындау да қажет.
Роза БҰҚТЫҒҰТОВА,
Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің
«Рухани жаңғыру» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар