Жасыл орақ – 2020

Шабындықтағы шабытты қимыл

Ерте қамданбағанның қапы қалуы да әбден мүмкін. Қара қарғаның миы қайнайтын ыстық сейілмей тұрған соң ел ақсақалдары тасаттық беруге де оқталған. Бірақ, оған жаман тұмау жақсы дәстүрге жол беретін емес. Ендігісі өз бойыңдағы күш-қуатқа ғана сеніп, нәрі бар шөпті тезірек орып, маялап алу.
«Осана Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шабындығында жұмыс қыза түсуде. Табиғаттың тосын мінезін ыстық қабағынан қапысыз аңғарған шөпшілер жіті қимылдап, қолайлы шақты өткізіп алмау қамына кіріскен.
–Биыл көктем ерте келді. Әйтсе де, жаңбыр жиі жауғандықтан, көктемгі егісті сәл кештеу аяқтадық. Енді мал азығын молынан дайындауға мейлінше мән беріп, жинақы жұмыс істеуіміз керек,–дейді тәжірибелі механизатор Олег Отт.
Шаруашылық қолда бар техниканың бәрін шөп шабу науқанына жұмылдырған. Оның ішінде жаңадан алынғандары да бар. «LOVOL 1304» тракторы көктемгі егіс кезінде сынақтан өткізілген екен. Ойлы-қырлы, ылдилы, еңісті алқаптарда жұмыс істеуге әбден қолайлы, оңтайлы техника ретінде танылған. Шөп шабу барысында да әншейінде техниканың табаны көп тие бермейтін адырларда сынаптай сырғиды. Капотының астында 6 цилиндрлі турбо қозғалтқышы бар трактор нағыз ауыл шаруашылығының қиын тұсын еңсеруге жаратылғандай. Олег бұл өңірге таңсық техниканы ілгері-кейінді жүргізіп, бір орында шырқ көбелек айналдырып, бұрып, бар мүмкіндігін көрсетіп жатыр. Тақымындағы темір тұлпар мақтаса мақтағандай екен. Тізгінін ұстаған өзінің шеберлігіне де, техникасының адам айтқысыз мықтылығына да мәз болған ол жел қаққан өңі күлімдеп, масаттанады. Күннің шыжыған ыстығынан қорғайтын кондиционері де бар екен. Механизаторлардың тәулік бойы тынымсыз жұмыс істеуіне осындай жағдайлар себепші болып отыр.
Олег Оттың өзі Астрахан селосындағы №26 кәсіптік-техникалық колледждің түлегі. Әскери борышын өтеп келген соң бірден бел буып шаруашылық жұмысына араласқан. Қазір өз бойындағы іске деген ықылас, қажыр-қайратының арқасында әріптестеріне үлгі болып жүрген жайы бар. Бесаспап маманның бірі Михаил Авижич шаруашылықта жұмыс істеуге небары 16 жасында өтініш білдіріпті. Әуелі слесарьдің көмекшісі етіп алған, кейін МТЗ тракторына отырған. Қазір кез-келген техниканың құлағында ойнайтын мынау деген механизатор. Бүгінде «Krone ComprimaVI 50» агрегатымен шөп буып жүр.
Көктемгі ылғалдың арқасында шөп біршама бітік шығыпты. Бауланған шөпті агрегаттан босату үшін жиі тоқтауға тура келеді. Табиғи шөппен бірге шығымы мол, жұғымдылығы жақсы екпе шөп алқабы да бар. Шаруашылықтың тағы бір белді механизаторы Руслан Исхаков «MacDon D60» агрегатымен ұйыса өскен жасыл шалғынды баудай түсіріп жүр. Ауқымы 11 метрлік шалғының өнімділігі де әжептәуір. Мал қораларының маңында иісі мұрныңды жаратын, бабымен кептірілген шөп маялары бой көтеруде. Қазірдің өзінде қаз-қатар тізіліп тұр. Берекелі шаруашылықтың бекем іс-қимылының көрінісі іспетті.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Жарқайың ауданы.
Суретте: механизатор Олег Отт.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар