Ерейментау талапқа сай өркендеп келеді

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев кезекті жұмыс сапарымен Ерейментау ауданында болып, ауыл шаруашылығы, құрылыс, білім беру салаларында атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарымен танысты, сондай-ақ, алдағы қысқы жылу беру маусымына дайындық мәселелеріне баса назар аударды.

Өңір басшысы алдымен, Новомарковка селосы маңында орналасқан «Жаңа береке» серіктестігінің мал бордақылау алаңында болып, оның жұмысымен танысты. Серіктестіктің директоры Айдар Нығметовтың айтуынша, 3 мың басқа арналған бұл нысан 2018 жылы құрылған. Бүгінгі күні мұнда 1688 бас ірі қара мал, оның ішінде 174 бас сауын сиыр, 26 бас асыл тұқымды бұқа бағылады. Үстіміздегі жылы ауданда асыл тұқымды мал санын көбейту үшін 182 бас бұқа өзге шаруашылықтарға берілген. Қазір мал бордақылау алаңында 680 бас ірі қара мал семіртілуде. Ет бағытындағы 168 бас ірі қара Қосшы кентінде орналасқан «Алтын қазық компаниясы» серіктестігінің ет өңдейтін кәсіпорнына өткізілген. Бұл дегеніңіз 23,2 тонна ет. Шаруашылықта төрт түлік малдың бәрі бағылатынын атап өткен жөн. Мұнда 20 адам тұрақты жұмыс істейді.
Аудан әкімі Абай Әлжанов өз сөзінде ауданның барлық санаттағы шаруашылықтарында 60,9 мың бас ірі қара, оның ішінде 27,2 мың бас сауын сиыр, 111,8 мың қой-ешкі, 31,3 мың бас жылқы, 3,7 мың шошқа, 47,1 мың құс бағылатынын, биылғы жылдың 5 айында 4 101,4 тонна барлық мал мен құстың еті, 14 313,5 тонна сүт, 2 010,9 мың дана жұмыртқа өндірілгенін айтты. Облыс басшысы бұл өңірдің мал бағуға қолайлылығын айтып, мал шаруашылықтары мен өңдеуші кәсіпорындар санын көбейтуді, қажетті жемшөп қорын дайындап алуды тапсырды.
Облыс әкімі «Жаңа береке» серіктестігінің суармалы алқабында болды. 200 гектар жерде мал сүрлемі үшін жүгері өсіріледі. Жалпы, шаруашылықтың 26 мың гектар жері болса, оның 1 мың гектар алқабы егіншілікке, 26 мың гектары мал жайылымына арналған. Бұл жобаның негізгі мақсаты ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру болып табылады. Осы орайда, өткен жылы өздігінен жүріп, суаратын қондырғы сатып алыныпты. Биыл бұл өңірге 7 миллиметр жауын-шашын түскен. Өңір басшысы өз сөзінде биылғы жылы бірқатар аудандар бір тамшы жауынға зар болып отырғанын, мұндай жағдайда бұл шаруашылық өзгелерге үлгі болатынын айтты. Әрі серіктестіктің одан әрі дамуына тілектестігін білдірді.
Одан әрі облыс әкімі Балабек Жахин атындағы Новомарковка орта мектебінде болып, жөндеу жұмысының жай-жапсарымен танысты. 500 оқушыға арналған білім ошағының ғимараты сонау 1974 жылы салынған екен. Қазір мектепте 325 оқушы білім алуда. Үстіміздегі жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында білім ошағына 119 миллион теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмысын «Қазбайлық Астана» серіктестігі жүргізуде. Бұл жұмысқа жергілікті жұмысшылар тартылған. Қазір мектептің едені мен төбесі жөнге келтіріліп, есік пен терезелері ауыс-тырылып жатыр. Өңір басшысы осындай коммуналдық шығыны көп, жартылай бос тұрған мектептер мәселесін шешу бюджет шығынын азайтатынын айтты.
Облыс басшысының жұмыс сапары Ерейментау қаласында жалғасын тауып, №5 бу қазандығында болды. «Теплосервис» коммуналдық кәсіпорнының директоры Ерболат Мәдияровтың айтуынша, биылғы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында аталмыш бу қазандығы мен магистральдық жүйені қалпына келтіру үшін 734 миллион теңге бөлініпті. Қазір бұл жұмысты «Көкшетау Хлебстрой» серіктестігі атқаруда. Жалпы, Ерейментау қаласындағы магистральдық жүйенің ұзындығы 24,8 шақырымды құрайды. Жыл басынан бері «Теплосервис» коммуналдық кәсіпорны 155,2 миллион теңгенің қызметін көрсеткен. Бұл кәсіпорында 119 адам еңбек етеді. Орташа еңбекақы 76,1 мың теңгені құрайды. Облыс әкімі атқарылып жатқан жұмыстың сапалы әрі жұмыс кестесіне сай болуын шегелеп тапсырды.
Облыс басшысы Ерейментау қаласындағы көше мен жол жүйесінің жөнделуіне назар аударды. Қала әкімі Төлеутай Мұхамеджановтың айтуынша, үстіміздегі жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында аудан орталығының көшелері мен жолдарын жөндеуге 86,5 миллион теңге бөлінген. Жалпы, қаладағы автокөлік жолдарының ұзындығы 95 шақырымды құрайды. Оның 40 шақырымына асфальт төсеу, 55 шақырымын грейдірлеу жоспарланған. Дегенмен, бұл жұмысты «Реалстрой 2012» серіктестігі аяғына дейін жеткізбепті. Өңір басшысы мердігер ұйымның жұмысын қатты сынға алды. Сондай-ақ, абаттандыру жұмысы бойынша Ерейментау қаласы әкімінің жұмысына көңілі толмады. Қала сыртындағы «Мәңгілік ел» стелласының маңына гүл түгілі шөп те егілмепті.
Бұдан соң облыс басшысы аудан орталығындағы №1 орта мектепте болып, күрделі жөндеу жұмысының жай-жапсарымен танысты. Білім ошағының ғимараты сонау 1965 жылы салынған. Бүгінгі күні 960 орындық мектепте 318 оқушы білім алады. Яғни, мектеп бөлмелерінің үштен бірі бос тұр. Облыс әкімі бұл мәселені оңынан шешуді тиісті басшыларға тапсырды. Өткен жылы мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліпті. Үстіміздегі жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша мектептің электр қондырғылары мен жарығын күрделі жөндеуге 29,8 миллион теңге бөлінген болатын. Бұл жұмысты «Ерейментау 2005» серіктестігі атқаруда. Мердігер ұйымға жұмыстың сапалы болуын тапсырған өңір басшысы суға шомылу бассейні бар денешынықтыру сауықтыру кешені құрылысының басына келді. Сақалды құрылыстың жұмысын аяқтау үшін биылғы жылдың басында облыстық бюджеттен 198,9 миллион теңге бөлінген екен. Дегенмен, Ақмола облыстық мәслихаты сессиясының шешімімен қаржыландырудың жылдық жоспарынан 178,9 миллион теңге алынып тасталған. Биылғы жылдың 11 маусымында өткен конкурс қорытындысы бойынша «Ұлы-Тау-Сервис» серіктестігімен 233,5 миллион теңгенің келісім-шарты жасалып, құрылыс жұмысы жанданыпты.
Облыс әкімі жұмыс сапарының соңында Ерейментау қаласындағы 45 пәтерлік көп қабатты тұрғын үй құрылысында болып, құрылыс жұмысының барысымен танысты. Биылғы жылы бұл тұрғын үйдің құрылысына облыстық бюджеттің несиелеу есебінен 392,976 миллион теңге қарастырылыпты. Мемлекеттік сатып алу қорытындысы бо-йынша «КСМК-АФ» серіктестігімен 412,3 миллион теңгенің келісім-шарты жасалып, қазір бұл тұрғын үйдің құрылыс-монтаж жұмысы жүргізілуде. Мердігер ұйымның басшысы құрылыс жұмыстары бес айдан кейін аяқталады деп сендірді.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар