Мемлекеттік мүдденің алғы шебінде

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Бұқараралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті. Салтанатты жиында сөз алған өңір басшысы қазіргідей дағдарыс жағдайында елді жақсы істерге жұмылдыруда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі зор екендігін атап көрсетті.

– Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күнді кәсіби мереке деп белгіледі. Бұл шешім төртінші билік өкілдерінің қоғамды дамытудағы маңызды рөлін тағы да бір мәрте растайды. Өкінішке орай, әлемді жайлаған коронавирус дерті біздің өңірді де айналып өткен жоқ. Осыған байланысты біз бүгін өңіріміздегі бұқаралық ақпарат өкілдерімен бұл кездесуді шағын форматта өткізіп отырмыз. Адамзат баласы газет, теледидар, интернет кеңістігін уақыт айнасы деп біледі. Күн сайын тың деректер алып, мемлекетіміздің дамуын, облысымыздың тыныс-тіршілігін қадағалап отырамыз. Облыстағы, әр аудан, қаладағы жаңа бастамалар, жарқын істер немесе тосын оқиғалар тілшілер қауымының назарынан тыс қалған емес. Қазіргі таңда бұқаралық ақпарат өкілдері сөзбен емес, іс жүзінде төртінші билік болуы керек. Бұл бүгінгі реформалардың, уақыттың талабы. Біздің тілшілеріміз ең өзекті тақырыптарды тілге тиек етіп, сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру тетіктері жайлы үзбей жариялап, ел халқын хабардар етіп тұрады. Баршаңызға дендеріңізге саулық, шығармашылық табыс, отбасыларыңызға береке-бірлік тілеймін! –деді өңір басшысы өз құттықтауында.
Ақмола облысында 88 бұқаралық ақпарат құралдары бар, олардың әрқайсысы аймақ өмірінде ерекше орын алады. Онда жүз алпыс-
тан астам журналист жұмыс істейді. Сонымен қатар, республикалық басылымдардың аймақтағы 20 меншікті тілшісі бар.
Жиын барысында «Акмолинская правда» газетінің редакторы Серік Смағұлов Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталса, бірқатар журналистер облыс әкімінің Алғыс хаттарына ие болды. Сондай-ақ, жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Алтын қалам» байқауының әртүрлі аталымдар бойынша жеңімпаздары мен арнайы ынталандыру сыйлығына ие болған бұқаралық ақпарат өкілдері қаржылай сертификаттармен марапатталды. Биылғы жылы бұл байқауға 83 өтінім түскен. Комиссия шешімімен жеңімпаздар он номинация бойынша анықталды. Жеңімпаздардың арасында ардагер журналист Сайлау Көшкенұлы, облыстық «Арқа ажары» газетінің фототілшісі Берік Ескенов, «Baq.kz» ақпараттық агенттігінің Ақмола облысындағы тілшісі Әсем Құлжанова және тағы басқалары бар. Сонымен қатар, конкурстың ережесіне сәйкес облыс әкімінің ынталандыру сыйлықтары да қарастырылған. Медиа саласын дамытуға қосқан үлесі үшін арнайы сыйлықпен сегіз журналист марапатталды. Олардың қатарында «Акмолинская правда» газетінің тілшісі Марат Нұрсейітов, «Арқа ажары» газетінің тілшісі Ұлмекен Сәдуақасова, «Қазақстан дәуірі» газетінің меншікті тілшісі Дахан Шөкшірұлы, «Литер» газетінің меншікті тілшісі Сәуле Құсайынова, «Экспресс К» газетінің меншікті тілшісі Нұржан Баймулдин және тағы басқалары бар. Сондай-ақ, ағымдағы жылы кәсіби мереке қарсаңында қалалық, аудандық әкімдіктер мен облыстық басқармаларда қызмет ететін баспасөз хатшылары арасында алғаш рет «Жылдың үздік баспасөз хатшысы» атты онлайн конкурс жарияланған болатын. Дауыс беру қорытындысы бойынша үздік танылған Көкшетау қаласы әкімінің кеңесшісі Камила Әубәкірова арнайы сыйлықпен марапатталды.
Отырысты қорытындылаған облыс әкімі Ермек Маржықпаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сарабдал саясатын жүзеге асыруда журналистермен қоян-қолтық жұмыс істейтінін баса айтып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін тағы бір мәрте кәсіби мерекелерімен құттықтап, ел игілігі жолында аянбай қызмет етіп жатқан журналистерді мақтан тұтатын жеткізді.
Жиын соңында мемлекет және қоғам қайраткері, «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің директоры Жабал Ерғалиев пен «Любимый город» газетінің бас редакторы Айя Калягина өңір басшысына алғыс айтып, жылы лебіздерін білдірді.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілішісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың құттықтауы

Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері!
Қадірлі жерлестер!
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні – кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке өзінің шығармашылық еңбегімен ақпараттық кеңістігімізді бай, әрі кең ауқымды ететін бірнеше мамандықтың иелері – журналистерді, баспагерлерді, полиграфистерді, теледидар мен радио қызметкерлерін біріктіреді.
Бұқаралық ақпарат құралдарының кәсіби деңгейі, ақпаратты жедел ұсынудан бастап, орын алып жатқан оқиғаларды тереңінен талдауға дейінгі көптеген құрамдас бөліктерден қалыптастырылады.
Кәсіби журналистердің еңбегі азаматтардың тағдыры мен өмірін түбегейлі өзгертумен қатар, жүйелі сипаттағы мәселелерді шешеді, адамдарға сенім ұялатады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада БАҚ өкілдерін құттықтай отырып: «…Әлемде және елде не болып жатқанын, ең алдымен, біз сіздерден естиміз. Сіздердің еңбектеріңіз қоғамдық пікір, қоғамның рухани құндылықтарын қалыптастыру мәселесінде өте маңызды. Ақпараттың ашықтығы, жылдамдығы мен қол жетімділігі журналистердің нәтижелі жұмысының маркеріне айналды» – деп атап өтті.
Бүгін мен, ақмолалық бұқаралық ақпарат құралдарының өңірдің тыныс-тіршілігі мен қызметінің барлық салаларында – саясат пен экономикадағы, әлеуметтік сала мен қоғамдық үрдістердегі ерекше рөлі мен маңыздылығын атап өткім келеді.
Соңғы айларда барлығымыз БАҚ кәсіби қызметкерлерінің осы бір ауыр кезеңде адамдарға объективті ақпарат беріп, ертеңгі күнге деген сенімділікті ұялата отырып, өзінің өмірі мен денсаулығына дейін тәуекелге барып, қауырт жерлерде атқарып жүрген жұмысын, өзінің кәсіби парызын орындауын жаңаша бағалай алдық.
Құрметті журналистер, жоғары кәсіби шеберліктеріңіз үшін ризашылығымды білдіре отырып, шығармашылық идеялар мен жобаларды нәтижелі жүзеге асыруларыңызға тілектеспін, сіздерге және жақындарыңызға баянды бақыт және отбасылық береке тілеймін!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар