Көпір салынады. «Сервистік әкімдік» іске қосылды

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев кезекті жұмыс сапарымен Зеренді ауданында болып, бірқатар құрылыс нысандарының және «Сервистік әкімдіктің» жұмысымен танысты.

Зеренді ауданы үшін ең басты құрылыс учаскелерінің бірі – Заречный селосы маңындағы Шағалалы өзенінің үстінен өтетін автокөлік көпірін салу. Ұзындығы 54 метр, ені 1,8 метр ескі көпір біраз жыл апатты жағдайда тұрды, екі елді мекен тұрғындарының әлеуметтік және экономикалық қажеттілігіне толық сәйкес келмеді. Ал, Елікті мен Заречный селосында мыңға жуық адам тұрады. Көпірге жасалған техникалық зерттеу оның жарамсыздығын, тіпті жыл сайынғы ағымдағы жөндеу жүргізуге де жарамайтынын көрсетті. Осыған орай, ауыл тұрғындары облыс және аудан орталығына айналып барып жүрді. Тұрғындардың басым бөлігі Көкшетау қаласы мен Зеренді селосында жұмыс істейді.
2018 жылы көпір құрылысының жобалық- сметалық құжаттамасы жасалды. Жобаның құны 368 миллион теңгені құрады. Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, жолдың асфальт енген учаскесіне қосылатын жерін қоса есептегенде көпірдің ұзындығы 620 метрді құрайды. Бүгінгі күні «Бука» серіктестігінің бригадасы ескі жаяу жүргіншілер көпірін бұзып жатыр. Көпірге келетін жолға асфальт төселуде. Сондай-ақ, көпір негізін нығайту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Өңір басшысы мердігермен болған әңгімесінде бұл жоба адамдар үшін маңызды екенін, жан-жақты қолдау көрсететінін айтты. Мердігер алдында үлкен жауапкершілік тұр. Өйткені, көпір ең қиын инженерлік нысан. Басты талап – жұмыс сапасы мен құрылыс мерзімін сақтау.
Бұдан кейін облыс басшысы Шағалалы орта мектебінде болды. Мұнда «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Осы мақсатқа 260 миллион теңге бөлінген екен. Облыс әкімі күрделі жөндеу жұмысын жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтауды, бірінші тоқсанда қашықтықтан оқытуға дайын болуды тапсырды. Сондай-ақ, білім сапасын арттыру жөнінде де сөз болды.
Өңір басшысы жұмыс сапарының соңында Зеренді селосында болып, бір апта бұрын ашылған «Сервистік әкімдіктің» жұмысымен танысты. «Сервистік әкімдік» атқарушы органдар жұмысының ашықтығын, қызмет алушылар үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз етеді, мемлекеттік қызметшілер мен тұрғындар кездескен кезде сыбайлас жемқорлық тәуекелдігін азайтады. Зеренді селолық округі әкімдігі ғимаратының екі бөлмесіне өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы, «Электрондық үкімет» порталының жұмысы бойынша кеңес алатын орын орналасыпты. Әлеуметтік жағынан мұқтаж адамдарға жағдай жасалған. Мұнда әкімдік бөлімдерінің мамандары білім, сәулет және қала құрылысы, жер қатынасы, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салалары бойынша қызмет көрсетеді және кеңес береді.
– «Сервистік әкімдіктің» басты міндеті – адамдардың бір орыннан барлық қызметті алуына жағдай жасау. Мұнда жұмыс істейтін мамандар адамдарды тыңдап қана қоймай, оның проблемасын жете түсініп, көмек көрсетуі керек,–деген облыс әкімі Зерендіні есепке алғанда облыста 14 «Сервистік әкімдік» жұмыс істейтінін, 1 қазанға дейін әр ауданда осындай әкімдіктер ашылатынын айтты.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар