Жақыныңа жанашыр бол: Жағдай күрделі болса да қажетті шаралар жедел қолға алынуда

Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өңірлік жедел штабтың кезекті отырысы болып өтті. Онда өңір басшысы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ведомствоаралық комиссия отырысы барысында жүктеген міндеттеріне тоқталып, аймақтағы коронавирус пандемиясының қазіргі жағдайы бойынша атқарылып жатқан шараларды пысықтады.

–Елімізде, оның ішінде біздің облыста пандемияға қатысты жағдай күн сайын қиындап, ушығып барады. Індет жұқтырушылардың саны бүгінде геометриялық прогрессия есебімен көбеюде. Жағдай өте күрделі. Небары екі аптаның ішінде жұқтырушылар саны екі есеге дейін артты. Өкінішке орай, бұл жағдайды эпидемия десе де болады, –деп атап өтті Ермек Боранбайұлы.
Бүгінде облыста 472 адамнан індет лабораториялық жолмен анықталған, ал 597 науқаста ауру белгілер білінбей өтуде. Аталмыш дерттен 212 адам емделіп шығыпты. Күн сайынғы өсу көрсеткіші 7 пайызды, ал симп-томды түрдегі анықталу 3 пайызды құрайды. Жұқпадан осы күнге дейін өңірде 13 адам көз жұмды. Осыған орай, індет жұқтырушылар санының күрт өсуінің салдарынан өңірде дәрі-дәрмек пен қажетті құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі байқалуда. Сонымен бірге, отырыс барысында дәріханалардағы вирусқа қарсы дәрілердің болмауы, медициналық мекемелердегі обаға қарсы киімдер қорының азайып бара жатқандығы және оның тек шілде айының соңына дейін жететіндігі, антибиотиктер мен ИВЛ аппараттарының жетпейтіндігі белгілі болды. Жалпы, облыс орталығында жедел жәрдем станцияларының қызметіне де шағымдардың көп түсіп жатқаны қызмет көрсетуші бригадалардың індет жұқтыруларына байланысты қысқарыпты. Облыста індеттің дендеп бара жатқандығына байланысты медициналық кадрлардың жетіспеушілігі де анық көрініс беруде. Бұл мәселе де өз шешімін жақын арада табады. Ол үшін облыс орталығындағы жоғары медициналық колледжді биыл тәмамдаған түлектердің барлығын денсаулық сақтау саласына, әсіресе, жедел жәрдем қызметіне жұмылдыру көзделіп отыр. Биыл жоғарыда аталған оқу орнын 44 түлек бітіріпті, олардың барлығы облыс аумағында коронавируспен күресу жұмысына қатыстырылады.
Облыста 3 ПТР лаборатория жұмыс істейді, өкінішке орай, бұл мекемелерде де түйткілді мәселелер туындауда. Жақын күндері олар да өз шешімін табады. Аудандар да арнайы колл-орталықтар іске қосылған, онда індет белгілері бар немесе өзін жайсыз сезінген тұрғындар хабарласып, кәсіби білікті дәрігерлердің ақыл-кеңестеріне жүгіне алады.
Штаб отырысында сонымен бірге, науқастарға арналған кереуеттер санын арттыру мәселесі қаралды. Облыстық туберкулезге қарсы диспансерде осы күні орта және ауыр дәрежедегі науқастарды емдеуге арналған 190 орын бар екен. Өңір басшысы бұл медициналық мекемедегі қызмет көрсететін білікті дәрігерлердің жұмысына көңілі толатындығын және бұл жердегі медициналық қызметкерлердің жұмысы барысында індет жұқтыру фактісі анықталмағандығына риза болып, ондағы орындар санын шамамен 240-250 орынға дейін кеңейту мәселесін көтерді. Аталмыш мекемеде енді тек ауыр және орта дәрежедегі науқастар емделетін болады. Бұл орайда, мекеменің әкімшілік бөлімін уақытша басқа орынға орналастыру туралы ойласу керектігі айтылды.
Өңірлік жедел штаб отырысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов қазіргі жағдайға байланысты ұйымдастырылған шаралар мен туындаған мәселелерді шешу жолдары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Аймақ басшысы жиын соңында денсаулық сақтау басқармасының басшысына Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен комиссия отырысында жүктелген міндеттер мен министрлік тарапынан жолданған індетті емдеудің жаңа алгоритмін, ем жүргізу хаттамаларын назарға алуды, туындаған басқа да түйткілді мәселелерді тез арада шешуді тапсырды.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар