«Әкелер одағы» әкелердің рөлін көтеруге атсалысуда

Елімізде екі айға созылған төтенше жағдай режимі кезінде облысымыздың бірқатар үкіметтік емес ұйымдарының әлеуметтік жағдайы ауыр отбасыларына көмек қолын созғаны белгілі. Осы ретте, «Ақмола облысының әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің де қайырымдылық шараларының басы-қасынан табылғанын айта кеткіміз келеді.

Аталмыш қоғамдық бірлестік облысымызда өткен жылы құрылған болатын. Бірлестік төрағасы Ерлан Зәкірияновтың тікелей араласуымен бірқатар аудандарда әкелер одағының филиалдары, 54 мектепте әкелер клубтары ашылып, жұмыс істеуде.
­–Қазіргі таңда әкелердің бала тәрбиесінен алшақтап кеткенін, отбасылық мәселелерден көбіне сырт қалғанын көреміз. Әйелдер басқаратын қоғамдар көбейді. Көптеген әкелер өзін отбасын асыраушы есебінде ғана санайды. «Міндетім ақша табу, отбасылық мәселелерге, бала тәрбиесіне уақытым жоқ» дегенді айтады. Сондай әкелердің ойын өзгерту, сана сезімдерін ояту мақсатында атсалысып жүрміз. Бұрын аналарымыздың «Әкеңе айтам» деген бір ауыз сөзін естіген бала тентектігін лезде қоятын. Ал, қазір балаларды олай тоқтата алмайсыз. Жастар еркін өмір сүргісі келеді. Міне, әкелердің рөлінің төмендеп кеткенін осыдан-ақ көруге болады. Кезінде шаңырақтың отағасы әке болатын. Соңғы шешімді әкелер айтатын, әкемен ақылдасатын, – деген бірлестік төрағасы қазіргі қазақ қоғамында әкелер рөлінің төмендеп кетуіне тоқсаныншы жылдардағы жұмыссыздық, батыстық мәдениет себеп болды деген ойын білдірді.
Ерлан Зәкіриянов қазақ отбасыларының шетелге еліктемей, ұлттық салт-дәстүрді берік ұстанғанын қалайды. Бірлестік ар-намыс, адамгершілік секілді қасиеттерді жастардың бойына сіңіру, отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында «Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық орталығымен бірлесіп жұмыс істейді. Жаңа отау құрып жатқан жастарға ақыл-кеңестерін айтады.
Былтыр әкелер одағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында мектеп оқушылары үшін облысымыздың киелі жерлеріне саяхат ұйымдастырған. Көкшетау қаласының үш мектебінде әкелер сайысын өткізген. Сайыс барысында әкелер балаларымен топқа бөлініп, тоғызқұмалақ, асық секілді ұлттық ойындарды ойнаған. Әңгіме барысында Ерлан Жәкімұлы жас отбасыларға үлгі-өнеге болсын деп өзінің өмірлік ұстанымдары туралы да айта кетті.
–Айыртау ауданына қарасты «Сырымбет» кеңшары Сарыбұлақ ауылында үлкен отбасында дүниеге келдім. Он төрт баланың ішінде кенжесі болдым. Ата-анамыз бізді жастайымыздан еңбекке баулып өсірді. Тәрбиенің, тіршіліктің бастауы ­еңбек болды. Еш нәрсе жай келмейтінін кішкентайымыздан біліп өстік. Әкем орманшы болды. Ер балалар әкемізбен бірге ағаш отырғызатынбыз. Ата-анамызға үй шаруасына да көмектестік. Отбасында үйлесімділік болу керек. Жас жұбайлар ашуға бой алдырмай, бәрін сабырмен, ақылмен шеше білгені абзал. Өз отбасым жайлы айтсам, жұбайымыз екеуіміз балаларымызға қатты талап қоймаймыз. Бәрін өз ісімізбен көрсетуге тырысамыз. Себебі, бала ­– ата-анасының айнасы. Не көрсе, соны жасайды. Көптеген форумдарға қатысқанда мұны психологтардың аузынан жиі естимін. Отбасы мүшелері бір-біріне көбірек жақсы сөздер айтып, бір-бірін қолпаштап отыруы керек, ­­– деген Ерлан Жәкімұлы жас қыздардың жігіттің бір ауыз жылы сөзіне елігіп, алданып қалып жататыны әкенің тәрбиесін, әкенің мейір-махаббатын көрмеуінен деп есептейді.
Сонымен қатар, кейіпкеріміз қазіргі таңда мектептерде ер мұғалімдердің азайып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Мектеп директоры секілді лауазымдық қызметтерді былай қойғанда, көбіне ер-азаматтардың ыңғайы келетін еңбек, дене шынықтыру пәндерінен де нәзік жандылардың сабақ беретіні қалыпты құбылысқа айналған. Осыдан кейін үйде де, түзде де әйел адамның тәрбиесін ғана көріп келе жатқан ер балалардың неге ынжық болатынын өзіңіз бағамдай беріңіз.
–Сот орындаушысы болып жұмыс істегенімде жалақысын жасырып, алимент төлегісі келмей, өз баласынан ақшаны аяп, қашып жүрген талай әкелерді көзім көрді. Алиментті аз төлеу үшін өзі кәсіпкер болса да, күзетшінің жұмысын істейтіні жайлы жалған анықтама жасатқандарды да кездестірдім. Қазіргі заманда баласына алимент төлейтін аналар да бар. Бұл – біздің қоғамдағы үлкен проблема, – деген Ерлан Зәкіриянов өткен жылы әкелер одағы ювеналды сотпен және қалалық ішкі істер бөлімімен бірлесіп, сот шешімімен ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларды жазғы лагерьлерге жібергенін айтты.
Осындай игі істердің бастамашысы болып жүрген Ерлан Зәкірияновтың жеке басы туралы да сөз соңында айта кетсек, артық болмас. Ерлан Жәкімұлы ­«Ақмола облысының әкелер одағы» қоғамдық бірлестігіне төрағалық етумен қатар, нотариус қызметін атқарады. Одан бұрын сот орындаушысы, кеңсе меңгерушісі, бірнеше ауданда әділет басқармасының басшысы, судья болған. Адвокат, жеке сот орындаушысы, нотариус деген лицензиялары бар. Мұнымен қоса, төрт жоғары оқу орны жанындағы заңгерлік мәселелер жөніндегі комиссияларға төрағалық етеді.
Кейіпкеріміздің бір ұлы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, «Болашақ» бағдарламасымен Берлин техникалық университетін тәмамдап, қазіргі таңда «Қазкосмос» ұлттық компаниясында еңбек етуде. Екінші баласы да ағасының жолын қуып, ғарыш саласында қызмет атқаруда.
Әкелердің рөлін көтеру мақсатында білгір азамат Ерлан Жәкімұлы жетекшілік ететін бірлестіктің алға қойған жоспарлары өте көп. Оның барлығын карантин режимі аяқталғаннан кейін қолға аламыз деп отыр.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар