«Әліппе» қайта оралады

Келесі жылы мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндер «Сауат ашу» пәнінің орнына «Әліппе» мен «Ана тілін» оқитын болады. 

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мемлекеттік жалпыға міндетті стандартқа өзгерістер енгізілгенін хабарлады.

–Ондағы маңызды жаңалықтардың бірі – келесі оқу жылында бірінші сынып оқушылары «Сауат ашу» пәнінің орнына «Әліппе» мен «Ана тілін» оқитын болады. Бірінші сынып оқушылары оқу жылының бастапқы екі тоқсанында «Әліппенің» бағдарламасымен танысса, қалған екі тоқсанда «Ана тілі» пәнін оқиды. Сәйкесінше, орыс тілінде немесе басқа тілдерде білім алатын сыныптарда «Букварь» мен «Обучение грамоте» пәндері жүргізіледі», – деді министр.

Министрдің сөзіне сүйенсек, «Әліппе» Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде дайындалатын болыпты.

–Қазіргі кезде оқулықтарды әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірыңғай бағдарлама жасаумен айналысатын жұмыс тобын құрдық. Оның құрамында мықты тіл мамандары, әдіскерлер, бастауыш сынып мұғалімдері мен бұған дейін оқытылған «Әліппе» оқулықтарының авторлары бар. Орынбасарым Шолпан Каринова осы жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізіп те үлгерді. Бағдарламалар мен оқулықтар дайын болғаннан кейін оларды пилоттық мектептерде сынақтан өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Кейін басқа мектептерге жіберілетін болады. Бұл мәселе менің жіті бақылауымда», – деді Асхат Аймағамбетов.

Еске сала кетейік, бұрынғы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев 2015 жылы білім жүйесіне біраз өзгерістер жасап, бастауыш сыныптан «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулықтарын алып тастап, оның орнына «Сауат ашуды» енгізген еді. Бірақ, балалар, ең алдымен өзінің тілін, мәдениетін, руханиятын ұғынып өсулері үшін ұлттық дүниетаныммен байланыстырып жасалған «Әліппеден» бастағаны дұрыс. Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесіне сүйене отырып жасалатын оқулықты ғалымдарымыз бен мамандарымыз баланың санасына сіңімді етіп жасаса игі деген тілек қана бар бізде.

Ырысалды ШАМШИЕВА,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар