Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Мектеп – кеме, білім – теңіз» - АРҚА АЖАРЫ

«Мектеп – кеме, білім – теңіз»

«Мектеп – кеме, білім – теңіз» демекші, адам қанша жыл өмір сүрсе де, қандай іспен айналысса да, мектепте өткізген уақыт өмірдегі ең ұмытылмас сәттер болып қалатын шығар. Мектеп – білім айдынындағы үлкен кеме. Осы кемеде әр бала он бір жыл уақытты өткізеді.

Мектеп табалдырығын тарыдай болып аттап, жылдар бойы білім алып, таудай болып шығамыз. Алғашқыда мектепке келіп әрбір әріпті, әрбір санды жазып үйрену қалай қиынға соққан еді?! Уақыт өте келе бәрі өзгереді екен. Жазуды да, оқуды да білмейтін кішкентай балалар әртүрлі мамандықтың иесі болып, еңбектеніп жүр. Соның бәрі алғашқы ұстаздың арқасында. Осы ретте, білім нәрін сусындатып, әліпбиді, сандарды үйреткен алғашқы ұстазым Раушан Таспайқызы жайында айтқым келеді.
Ол өте білімді, еңбекқор, білікті ұстаз. Раушан Таспайқызының алдынан талай адам білім алды. 1985-1986 жылдары алғаш мектеп табалдырығын аттағанда, алдымыздан жылы жүзбен қарсы алған ұстазымыздың келбеті әлі күнге көз алдымда. Аяулы жар, асыл ана, өнегелі әже Раушан Таспайқызы Көкшетау қаласында тұрады. Көп жылдар бойы ауылдық, қалалық мектептерде ұстаздық жолын атқарған ұстазымыз қазіргі уақытта зейнеткер, ер жетіп қалған қызы мен ұлынан немерелер сүйіп отыр.
Мектептегі ұстаз – баланың екінші ата-анасы, болашаққа айқын жол сілтер ақылшысы. Оның мейірімге толы жүрегі шәкірт бойындағы талай ағаттықты кешіре біледі. Оның бойындағы білім мен ақыл, ойының қуаты талай тентекті жуасытып, небір еркені сабасына түсіреді, тәртіпке баулып, есейтіп, ержеткізеді. Сондықтан, әрбір шәкірт өзіне үлгі-өнеге болған сүйікті ұстаздарын ұмытпайды.
Зеренді ауданы Кеңөткел негізгі мектебінде білім алған кезімде бастауыш буыннан кейін орта буынға ауысқан кезде әртүрлі мұғалімдер сабақ берді. Болашаққа қорқынышпен қараған бүлдіршіндерге қол созып, бағыт беретін сынып жетекшіміз Алма Дүйсенова 5-9-сыныптар аралығында қолдаушымыз, тірегіміз болды. Алма Шаймұратқызы әділ, салмақты, жанашыр ұстаз. Баланың бойына білім мен тәрбиені сіңіріп, жүрегіме сенім ұялатқан зор тұлға. Әрбір шәкірттің жылдар бойы тәлім алған ұстазының аяулы бейнесі жүрек түбінде сақталатыны анық.
Мектеп қабырғасында өткен қайран уақытты бағаламаппыз. Ондағы өткізген әрбір күн, әрбір қырық бес минут балалық шағымның балғын уақыты болып қала бермек. Мектеп үлкен отбасы, ұстазымыз біздің ақылшымыз, анамыз, сыныптастарымыз жақын досымыз. Мектепте біз шынайы дос табамыз, білім алып, өмірді үйренеміз. Мектеп бізге тірек болып, жылулық пен бақыт сыйлайды. Ал, ұстаздар болса, балаға үйретуден еш жалыққан емес.
Мектепте өткен уақыт адам өміріндегі шаттыққа толы кездер. Дәл осы кездер есімізде ең жарқын естеліктер болып қалады. Сол жылдар бойы аянбай еңбек еткен ұстаздарымыз Салтанат Қасымқызы, Көпей Ғалымқызы, Балдырған Ғалымжанқызы, Алмагүл Қойшыбайқызы, Сәкен Шахмаұлы және тағы басқалары қашан да жүрегіміздің төрінде. Қазір өзім осы білім бағбандарының өкшесін басып, ұстаздық жолда жүргендіктен, бұл мамандықтың қиын екенін түсінемін. Осындайда, Абай атамыздың: «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға, – деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Егер әр шәкірт өмірде бір кірпіш болып қаланып, ұстаздан шәкірт озып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны емес пе?!
1 қыркүйек – Білім күніне де санаулы күндер қалды. Биылғы оқу жылы әлемдегі пандемияға байланысты өзгеше форматта жүргізілетінін бәріміз білеміз. Барша ұстаздарды Білім күнімен құттықтап, дендеріңізге саулық, шығармашылық табыстар тілеп, оқушылардың, мектептің жеңістері мен жетістіктері көбейе берсін дегіміз келеді.

Мәнсия ӘБЖАНОВА,
Макин орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Суретте: Раушан Таспайқызы.
Біржан сал ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар