Көмір қымбат, шөп қымбат, ауыл қайтіп күн көрер?!.

Мал шаруашылығынан хабары бар кез-келген қазақ «Сиырдың сүті – тілінде» деген сөзді естіп өскен болар. Шынында да, сиыр қанша жерден сүтті болғанымен, жеткілікті жемшөбі болмаса, еңбегіңіз зая кетті дей беріңіз.

Бүгінде ата кәсіппен айналысамын дейтіндер некен-саяқ. Ынтаның жоқтығынан емес, қанша тырбанса да еңбегі еш, тұзы сор болғандықтан. Оны айтасыз, қазіргі таңда ауылдағы мал шаруашылығын өзінің басты күнкөріс көзі санайтын тұрғындардың басым көпшілігі қорадағы малын сатуды жөн көріп жатыр. Себебі, жайылым жоқ, жемшөп қымбат.
Қазір шөп саудасының қызған шағы. Ауылда мал азығының қаны жерге тамбай тұр. Әр аудандағы баға да әртүрлі. Мәселен, Зеренді ауданының ауылдарында трактордың тіркемесіне тиеген бір тіркеме шөптің құны 40 мың теңгеден сатылып жатса, шалғай ауылдарда жемшөп бұдан да қымбат, 45-50 мың көлемінде. Қыстан қоңды шығу үшін алмасқа амалың жоқ. Мал жылда төлдесе де көбеймейтін болды дейді ауыл тұрғындары. Себебі, төлдеген малдың жұмсалар жері дайын тұрады.
– Негізгі күнкөріс көзі қорадағы мал екенін несіне жасырайын. Қазір мал өрісте. Дегенмен де, «қыстың қамын жаз ойла» деген емес пе? Мал бағу сондай оңай шаруа болса, елдің барлығы ауылға келіп тұрар еді. Алты сауынды сиыр, он шақты қойымыз бар. Осылардың барлығын қыстан аман алып шығу оңай-оспақ шаруа емес. Зейнетінен бейнеті көп. Қазіргі жастар мал баққысы келе ме?! «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар» деген сөз тегіннен-тегін айтылмаса керек. Бірақ, мал өсіруге жүрдім-бардым қарауға болмайды. Бір бас қара малға бір қыста бір тіркеме шөп жетпейді. Үнемдегеннің өзінде бізге сегіз арба шөп керек. Кем дегенде 15 қап жем аласың. Оның да бағасы шарықтап кеткен. Биыл жаз ыстық болды. Шөп тез қуарып кеткен. Бағаның да шарықтауының бір себебі осы. Бұрнағы жылдары бір арба шөп 35 мың теңге еді. Қазір 45-50 мыңның шамасында, – дейді Аралбек Мұқатаев.
Қазір ауылдағы ағайынның басым көпшілігі мал өсіруден бас тартып отыр, өзін-өзі ақтамайтын кәсіп дейді олар. Бұрындары құрт қайнатып, май былғайтын қыз-келіншектер де некен-саяқ. Керісінше сүт тапсырып, бала-шағасын асырап отырғандар көп. Өкініштісі, сүт зауыттары, нақтырар айтсақ, зауытпен халықтың арасындағы делдалдар өңдеуге қажетті сүтті жергілікті халықтан арзан бағаға алады. Тұрғындар зауытқа өткізген бір литр сүттің ақшасына бір бөлке нан да сатып ала алмайсың дейді сөз арасында.
Қазір күн райы құбылмалы болғанымен, қоңыр күз салқыны сезіліп келеді. Алдын ала қамданбасаң, Арқаның қысы қатты. Бұл орайда, ауыл халқының тағы бір көкейдегі мәселесі, отын мен көмір болып отыр. Елдегі ағайынның негізгі күнкөріс көзі мал болғасын отын мен көмірді сатып алуға тағы да төлдерін сатпасқа шара бар ма? Осыдан кейін мал басы қайдан көбейсін…
«Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» деген осы-ау, шамасы!
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар