Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы аясында ой бөлісіп, пікір алмасу мақсатында кездесу болып өтті.
Оған мемлекеттік мекемелердің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға жауапты мамандары, оқу орындарының, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен қызметкерлері, аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі өңірлік сараптамалық комиссияның мүшелері және бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысты.
Кездесуде өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Марал Жақыпова «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өткен 9 айда атқарылған жұмыстарға тоқтала келе, қатысушыларды биылғы Жолдаудың он бірінші тарауындағы «Ұлттың жаңа болмысы» аясында ой өрбітуге шақырды. Кездесуге қатысқан облыстық оқу әдістемелік оқыту орталығының директоры Қаратай Бәйкенұлы, профессор, академик Әбілжан Құсайынов, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің «Рухани жаңғыру» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Роза Буктыгутова, ақын Ерболат Баят және басқалары биылғы Жолдаудың он бірінші тарауындағы міндеттерге арнайы тоқталып, «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесінің берік орнығуы тұрғысында өз пікірлерін ортаға салып, болашақ жастардың қолында екенін салиқалы ойларымен жеткізді. Жалпы, қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру бойынша өзекті мәселелер талқыланған басқосу мазмұнды өрбіді. Кездесу түйіні – жаңғырған қоғам жат әдеттерден біртіндеп арылуы қажет. Ол үшін жанашырлық, ұқыптылық пен адалдық керек.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.