Қайғырып Көкшетауың қалды артыңда!..

Тағы бір бәйтерегі құлаған Ақмола,  Көкше еліне оңай соқпады-ау, бұл жолы да. Бір өзі өңір руханиятының үлкен зәу биігі саналатын Төлеген ағамыз дүниеден өтіп, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің ұжымы да осы бір ауыр сәтте қабырғасы қайыса, қайғыға батуда.

Сонау қым-қуыт, аласапыран кезеңде дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллин негізін қалаған «Тіршіліктің» заңды жалғасы – «Арқа ажарының» бертінгі тарихын Көкшенің жыр дегендегі сұңқары, сөз дегендегі тұлпары Төлеген Сыздықұлы Қажыбаевтан бөліп қарастыру әсте де мүмкін еместігін көзі қарақты оқырмандарымыз жақсы біледі. Сондықтан, қазақ әдебиеті мен журналистикасында өзіндік дара орны бар Аға қазасы естіген сәттен-ақ бәріміздің жүрегімізді ауыртып, жанымызды жүдетіп, ауыр күйге сала түскен жайы бар.

Сіз, бір елдің айтса ауыз, сүйсінсе көңіл толатын асылы, ардағы едіңіз! Жастайыңыздан осы елмен бірге жасап, оның ел ағасы ғана емес, абыз ақсақалына да айналған жалын жүрегіңіз қашанда қазағым, Көкшем деп тебіренді, хас талантыңыз осы елге, жерге қызмет етті. Соның жарқын бір көрінісін «Арқа ажарын» парақтасақ та, бүгінге мұра болып қалған мол дүниелеріңізден анық байқап, анық аңғарамыз. Әттең, бүгінгі Сізден айырған қаралы күн…

Бар Көкшетау қиналып,

Тына қалған секілді.

Қайта келмес бақиға,

Түзедің бе, бетіңді?!

Қажыбайдың ұлы боп,

Келіп едің өмірге.

Бүгін шексіз қайғысың,

Қиналған әр көңілде.

Қаламыңның құты бар,

Бір өзің бір биік ең.

Жаңылмадың бұл елді,

Жан аянбай сүюден.

Сен барыңда ер Көкшем,

Бәрі де бар, түгел-ді.

Салқынымен қазанның,

Қан жылатқан күн келді…

Кеудемдегі наламды,

Кімге барып айтамын?

Қазаң мынау қазақтың,

Шарлап кетті байтағын…

Иә, бұл ауыр қаза ендігі Сізді біліп-танитын, Сіздің қазақ әдебиеті мен баспасөзіне сіңірген зор еңбегіңізді, қалам қарымыңызды жоғары бағалайтын қазағымыздың кең даласына да біртіндеп жетіп, талайдың қабырғасын қайыстырып та жатқан болар. Біз де, туған ұжымыңыздың бірі – «Арқа ажары» сондай күйдеміз. Сіздің жоқтығыңызға күйзелген көңілімізді осы бір суыт хабарға сендіре алмасақ та, о дүниеден тек жақсылық тілеген ата-баба жолымен хош Аға, жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын дейміз. Жер бетінде ұмытылмас тектілігіңіз бен тереңдігіңізді бақилық сапарда да Алла өзі қолдап, иман байлығын, пейіштің нұрын берсін!

 Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің ұжымы.       

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар