Дара талант

Қазақстан Республикасының халық әртісі, Көкшетаудағы ШАхмет Құсайынов атындағы театр әртісі Жібек Бағысова туралы бір үзік сыр.

Тәңірдің тамаша тартуы, жұмақ мекен кербез Көкшенің киелі топырағы талай тау тұлғалы алыптар мен арыны бөлек, дарыны ерек ұл-қыздарды дүниеге әкелген. Сыр-сымбаты келіскен, сылаңдаған сұлудай көрікті даланың саф ауасымен тыныстап, тұма бастауларынан шөл қандырған талай тарланбоз бабалар өнерімен өрістеп, кейінгі ұрпаққа өшпес өнегесі мен өнерін қалдырды. Сол бабалардың ізін жалғастырып қасиетті өнердің күллі болмысын бойына көшіріп, туған елдің мерейін өсіріп, театр өнеріне қалтқысыз адал еңбек етіп келе жатқан дарабоз тұлғалардың бірі Жібек Есекеқызы 1940 жылы 8 қазанда тамаша табиғатымен талайды тамсандырған көгілдір Көкшенің Бурабай өңіріндегі Степняк қаласында дүниеге келген. Оны өнерге құштар еткен тұмса табиғаттың тылсымы. Ол Айнакөлге қарап мөлдірлікті, Оқжетпеске қарап биіктікті, ормандағы бұлбұл үнін тыңдап ән салуды, тау бөктерін көмкерген биші қайыңдарға қарап билеуді, қасқайған қарағайларға қарап қайсарлықты қанына сіңіріп, туған елдің топырағынан нәр алып, өнерге құлаш сермеп, асқақ армандарға қол созды.
Жібек Бағысова өнерге деген алғашқы қадамын 1957 жылы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Ботагөз» фильміне каскадер болудан бастады. Бұл уақиға өр мінезді, ізгілікке жаны құмар Жібек қыздың жүрегіндегі өнерге деген махаббатты одан сайын маздатып «Қалайда әртіс болам» деген арманына жетуге үлкен жол ашты. Осынау ақ қардай таза армандары оны көрікті Көкшеден өнердің астанасы саналатын Алматыға алып-ұштырды. Сол жылдары тұла бойы тұнып тұрған жас талант Жібек Есекеқызы Абай атындағы опера және балет театр жанынан ашылған театралды студияға қабылданып, аса жоғары деңгейдегі театр мамандарынан дәріс алып, табиғаттың берген тұмса талантын жан-жақты жетілдіріп, дамытып жоғары санатты тәлімгерлердің көзіне түсіп, қанатын қатайтты.
Киелі сахна төріндегі еңбек жолын 1959 жылы Талдықорғандағы қазақ театрынан бастаған өнерлі қыз 1960 жылы Қызылордаға көшірілген театр құрамында болып Сыр өңірі көрермендерінің көзайымына айналып үлгерді. Жібек апамыз содан бергі 80 жылдық тағылымға толы ғұмырының 60 жылын сахна төрінде өрнектеп келеді. Өнердегі 60 жылдың 20 жылдан астам уақытын туған жері Көкшетау өңіріндегі іргелі өнер ордасы Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында жалғастырып келеді.
Жібек апамыз сона-а-ау қазақ театр өнерінің негізін қалаушы корифейлердің ізін жалғастырушы аса ірі талант. Ол өз көрермендерін тапқан театр қайраткері. Жібек Есекеқызының ойнаған рөлдерінің қай-қайсысын тамашаласаңыз да жаныңызды тебірентпей қоймайды. Жібек апай өзіне берілген кейіпкердің жанына үңіліп, қат-қабат сырын ақтарып, бар болмыс-бітімімен көрерменнің іздегенін көз алдына нанымды ұсына алатын актриса.
Жібек Бағысованың театр сахнасында ең алғашқы сәтті ойналған рөлдерінің бірі М.Әуезовтың «Қарагөз» трагедиясындағы Қарагөз бейнесі еді. Қарагөз Жібек Бағысованың ішкі қуаты мен актерлік шеберлігін дәлелдеуіне үлкен мүмкіндік берді. Махаббат күйігінен бастау алған ішкі арпалысы аз болғандай, ар-намыстың қызыл шоғы жүрегіне түсіп, жанына батып жынданып кететін Қарагөзді ойнау екінің біріне бұйыра бермейтін зор мәртебе саналады. Оны ойнау үшін әртіс мамандығына оқу аздық етеді. М.Әуезовтың «Қарагөзі» болып көрерменді сендіру үшін әртістің бойында көрегендік, парасаттылықпен қатар, өмірге деген өзіндік ой-пайымның болуы шарт. Қарагөзді ойнап көрген жанды, ойыныңа нандыра алсаң, сенің мойындалғаның. Жібек Бағысова да Қарагөз бейнесін өзіндік трактовкасымен сәтті шығарып, көзі қарақты көрерменнің жоғары бағасы мен театр саңлақтарының ақ батасын алып, жастайынан мойындалып, Халық әртісі атағына қол жеткізген тума дарын иесі.
Осы бір зор мәртебенің астарында небір ұйқысыз түндер мен ізденіске толы күндер жатқаны анық. Халық алдында жарқырап жүретін әртістердің маңдайынан сорғалаған тері мен тынымсыз еңбегі көрерменге жұмбақ. Сол еңбек пен дарынның арқасында осы күнге дейін театр сахнасында 60-тан астам рөлді сомдады.
Жібек Бағысова қазақ драматургиясындағы шоқтығы биік шығармалармен қатар, шетел классиктерінің де озық пьесаларында сан түрлі қыздар тағдырын, әйелдер образын, аналар бейнесін жан-жақты етіп көрсете алған қарым-қабілеті мол, өресі биік талант. Тағы бір атап өтетін жай, Жібек апайымыз жалғандықтан ада актриса. Ол өзіне жүктелген кейіпкерді зерттеп, зерделеп өз өмірінде болған ұқсас жағдайлармен ұштастыра отырып, сахнада шынайы өмір сүре білудің шебері. Әсіресе, мейірім шуағы саналатын әйелдер мен ақ жаулықты аналар бейнесі арқылы көрермен көкейінен ойып тұрып орын алды. Мәселен, Ш.Айтматовтың «Ана – Жер анасындағы» Әлиман бейнесі, Дулат Исабековтың «Мұрагерлеріндегі» Салиқа, Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күніндегі» Найман ана, Сайт Ахматтың «Келіндер көтерілісіндегі» Фармон бибі, Шәріп Құсайыновтың «Анамның ақ көйлегіндегі» Ана, Мар Бажиевтің «Тіл табысқандарындағы» Болдухан, Мұстай Кәрімнің «Ай тұтылған түніндегі» Таңқабике, Түнжер Жүженоглудың «Қар көшкініндегі» Бәйбіше сынды сырлы бейнелерімен сахнаның сәніне айналған бір-біріне ұқсамайтын образдар жасады.
Өнер атты алпауыт әлемде өзінің сырлы бедері мен айшықты бейнелерін жасаған дарабоз, Көкшенің ғана емес, күллі қазақтың мақтанышы саналатын Жібек апайдың өмір жолы театрдағы бүгінгі жастармен келер ұрпаққа үлкен өнеге. Ол бүгінгі таңда Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының, ақсағанда ақыл айтатын анасы, ақ тілегімен жебеп жүретін панасы.
Өнер өлкесінде өзіндік сара жолын салған дара талант, Халық әртісі Жібек Бағысова сексеннің сеңгіріне шығып, мерейлі жасқа жетуде. Жібек апамызды барша әріптестері мен көрермендері атынан шын жүректен құттықтап, қажымас қайрат, талмас қанат, мол қажыр-қайрат, мықты денсаулық тілейміз!
Манарбек ҚЫДЫРБАЙ,
Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ
музыкалық-драма театрының әдебиет бөлім меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар