Жүрегімнің төріндесің, алғашқы ұстазым!

Жылдар жылжыған сайын өткен өміріміз де ақырындап ұмыт болып қала береді. Бірақ, кей жандардың бейнесін зымырап өткен уақыт та жадымыздан өшіре алмайды екен. Жүрегімнің төрінен мәңгіге орын алған сондай жандардың бірі – алғашқы ұстазым.

Оның есімі Жұмажан Қайырбаева. Ғұмырының отыз жылын Зеренді ауданына қарасты Ортағаш орта мектебінде бастауыш сынып оқушыларына сабақ беруге арнаған. Өзі де осы ауылда дүниеге келіп, жасы 18-ге келгенде ата-анасының айтуымен Сейітжанов Хасен есімді ауыл азаматына тұрмысқа шығып, ұрпақ өрбіткен. Төл мерекесі қарсаңында алғашқы ұстазыма хабарласып, отбасы мен еңбек жолы туралы әңгімелесудің сәті түскен еді.
–Ұстаздық жолға түскенім қайын енемнің арқасында. Мені «үйде отырып қалма, оқып ал» деп қанаттандырған, білім алуыма ықпалын тигізген қайын енем. 1977-1980 жылдары Арқалық педагогикалық училищесін сырттай оқып жүрген кезімде бес балам болды. Мен емтиханға кеткенде оларды Рәзия апам (жолдасының анасы) қарады. Қайын атам ауыл имамы, ал, қайын енем сауыншы болатын. Жолдасым өмір бойы механизатор болып жұмыс істеді. Тұрмысымыз жаман болған жоқ. Ата-енем бізді үнемі қолдап отырды, – деп ағынан жарылды Жұмажан мұғалім.
Ол мұғалім дипломын 1980 жылы алғанымен, ұстаздық жолы одан он жыл бұрын басталған. Сонау 1970 жылдан ауылдық мектепте бастауыш сыныптарға сабақ берген. Сол жерде 30 жыл табан аудармастан еңбек етіп, көпбалалы ана ретінде 50 жасында зейнеткерлікке шықты. Одан кейін де жұмыс істей беруіне болар еді. Алайда, Жұмажан апай орнын ауылда жұмыссыз бос жүрген дипломды жастарға беруді жөн санапты. Нағыз көрегендік, білгендік деп осыны айт!
Талай баланы білім нәрімен сусындатқаны үшін ауылдастарының алғысын арқалағаны өз алдына бір төбе, мұнымен қоса, кейіпкеріміздің «Білім озаты» төсбелгісі бар. Ұстаздық жолымен қатар, келін ретіндегі міндетін де адал атқара білді. Алты баланы дүниеге әкеліп, «Күміс алқа» иегері атанды. Тынбай, талмай еңбек еткен мектебін бүгінде өзінің тұңғыш баласы Бақытбектің 26 жылдан бері басқарып отырғаны да бұл отбасында ұстаздықтың тамыры тереңде жатқанының белгісі шығар.
Бүгінде апайдың жасы 71-ге келді. Бес жылдан бері жолдасы екеуі Көкшетауда тұрады. Екеуінің отасқандарына биыл аттай 51 жыл. Көз қуаныштары болып немере-жиендері, шөберелері өсіп келеді. Жұмажан апай бізге сабақ беріп жүргенде басынан ормалын бір күн де тастамайтын. Оның нағыз қазақ анасына тән образы әлі күнге көз алдымызда. Кезінде ауыл имамы болған қайын атасының жолымен дінге бет бұрып отырған жайы бар. Бес уақыт намазын оқиды, ораза ұстайды, мешітке барады.
Алғашқы ұстазым жайлы сөз қозғағанда кеудемді туған ауылыма деген сағыныш оты кернеп бара жатқанын қайтерсіз. Ортағашта өмірімнің ең бір тәтті кезеңі балалық шағым өтті. Ортағашпен бірге балалық шағымның куәсі болған аяулы ұстазым Жұмажан апай. Қазір ойлап отырсам, сонау 1996 жылы күздің алғашқы күнінде мектеп табалдырығын аттаған кезімнен бері 24 жыл өтіп кеткен екен ғой. Ұстазымның алдынан білім алған шәкірттер қазір бір-бір мамандық пен отау иесі. Қарлығаш Мүскенқызы, Римма Қойкенқызы, Шынар Ырымбекқызы, Тілеужан Алкенқызы, Қорғанбек Ырымбекұлы, Мейрам Өтежанұлы есімді бір топ шәкірттері кезінде өзі жұмыс істеген Ортағаш негізгі мектебінде мұғалім болып еңбек етіп жүр.
Осы арада мына бір қызық жайтты айта кетсем артық болмас. Қателеспесем, бұл 1997-1998 жылдары болған жағдай. Қыс қатты болып, содан мектептің батареясы қатып, Жұмажан апайымыздың үйінде оқуға тура келген еді. Қандай қызық десеңізші! Нендей жағдай болса да, ұстазымыз өзінің сабырлы қалпынан танбайтын. Бір себептермен сабаққа бара алмай қалсақ, бізге өткен тақырыпты түсіндірмейінше жаны байыз таппайтын.
–Қазір бала мектепке біліп баруы керек деп жатыр. Біздің кезімізде бала мектепке келгенде бір-ақ әріп танитын. Ол кезде ауылдарда балабақша деген атымен жоқ. Білмегенін үйрету, сауатын ашу ұстаздың бойындағы ұлылық қой. Ұстаз шәкіртіне өз баласынан да артық жан жылуын берсе, сонда еңбегінің жемісін көреді. Мектепте істеп жүргенімде бірде-бір ата-ана өз уәжін айтып, алдыма келген емес. Қазір ғой ата-аналар мұғалімді жерден алып, жерге салып жатады. Былтыр қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң ұстаздардың қоғамдағы беделін арттыруға ықпал етеді деп сенемін. Тағы бір айтарым, қазіргі кітаптарға көңілім толмайды,– деген ардагер ұстаз Ахмет Байтұрсыновтың жобасы негізінде «Әліппе» қайта шығарылатыны құптарлық іс екенін айтып, «Бүкіл Қазақстанның келешегі ұстазда. Ұстаз жақсы болса, шәкірті де жақсы болады. Еліміз өркендеп, өссін десек, қазақ қазақ болсын десек, ұстаздар аянбай еңбек етуге тиіс» деген тілегін жеткізді.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар