Ұлы Отан соғысының ауыртпалығын қазіргі кезде жасы егде тартқан адамдар жақсы біледі. «Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпес» дегендей, олар өткенде көргендерін ертегідей айтып отырады.
Ұлы Отан соғысы қазақ даласына көп қайғы-қасірет әкелді. Бірақ, соған қарамастан, біздің аталарымыз бен әжелеріміз, олардың немерелері жас ерекшеліктеріне қарамай қажырлылықпен еңбек етті.
Жақында Талапкер ауылында соғысқа қатысқан ардагерлер құрметіне ескерткіш тақта ашылды. Елорда іргесіндегі осы шағын ауылдан 80-ге жуық азамат соғысқа аттанып, оның тең жарымынан көбіне туған жерінен топырақ бұйырмады. Соған қарап-ақ қаншама ата-ананың аңырап, жесір мен жетімдердің жерге қарап қалғанын аңғаруға болатындай.
Біздің бұрыннан білетініміз, Талапкер дәстүрі мен мәдениеті жарасқан қазақтың көне ауылы. Соғыс ардагерлері құрметіне алғашқы ескерткіш тақтаны жасаған кісі Молдахмет Досаев деген осы елдің қадірлі азаматы болатын. Ол ел басына күн туғанда өздігімен соғысқа аттанып, аман-есен офицер шенімен елге оралды. Целиноград ауданының құрметті азаматы Сабыр Малғаздаров бұл ескерткіш тұрған алаңды кеңейтіп, жанына соғыс ардагерлерінің есімдері жазылған қос тақтаны орнатты.
Ардагер аға өз сөзінде бұл бастамаға қол ұшын берген ауылдың аптал азаматтарына шынайы алғысын білдірді. Соның ішінде сәулетші Мұхтар Құлмағамбетовтың, мектеп директоры Сағымбала Әбееваның алатын орны ерекше. Ауыл тұрғындарын салтанатты шара барысында Талапкер ауылдық округінің әкімі Асқар Жақсыгелдинов, мәдениет бөлімінің меңгерушісі Айгүл Сүйінжанова, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Жанар Байділдина құттықтады.
Ескерткіштің ашылу рәсіміне арнайы келген марқұм майдангер ағалардың ұрпақтары гүл шоқтарын қойып, асыл ерлер есімін қайра жаңғыртуға айрықша үлес қосқан ел ағасы Сабыр Малғаздарұлына зор алғыстарын білдірді.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Талапкер ауылы,
Целиноград ауданы.