Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жошы хан - АРҚА АЖАРЫ

Жошы хан

Қазақ тарихында есімі ерекше тұлғалардың бірі – Жошы хан. Протоқазақ (арғықазақ) мемлекетінің түпкі бастауында да осы Жошы хан тұр. Жошы – Шыңғыс ханның қоңырат қызы Бөртеден туған төрт ұлдың үлкені. Шыңғыс ханның Бөрте бәйбішеден туған төрт ұлы: Жошы, Шағатай, Үгедей, Төле өз заманында аты шыққан, ханның сайыпқыран ұлдары еді. Жошы – Шыңғыс хан жорығынан кейін қазақ даласында құрылған Жошы ұлысының негізін салушы. Ол өз дәуірінің ержүрек, алған бетінен қайтпайтын қайсар тұлғасы болған. Әкесі Шыңғыс ханның әскери жорықтарының бәрінде жаужүрек баһадүр, аса талантты, ірі әскери басшы ретінде танылған.

Қазақ арасында Жошының өлімі жөнінде әр түрлі әңгімелер тараған. Оның бірінде – Жошы аң аулап жүргенде, жараланған құланның айғыры шайнап өлтірді десе, ал екіншісінде аттан құлап, мойны үзіліп өлді делінеді. Үшінші бір әңгімеде жеке билікке ұмтылып, әке ырқына көнбей, асаулық танытқан ұлын Шыңғыс арнайы жендеттерін жіберіп, бел омыртқасын үздіріп өлтіріпті-мыс делінеді.

Қаһарлы қағанның батысқа жасаған жорықтарын басқарып, Оңтүстік Сібірді, Алтайды, Жоңғар даласы мен Шығыс Түркістанды мекендеген көптеген тайпаларды бағындырып, Жетісу өңірін алады.
Жошы 1211-1215 жылдары Шыңғыс ханның Қытайды жаулау жорығына қатысады. 1218 жылы Жошы өзіне берілген қалың түмендерді бастап Қыпшақ жеріндегі Ырғыз даласында Хорезм шахтың 60 мыңдық әскерімен шайқасқа түсіп, күштің тең еместігіне қарамастан, өзінің қолбасшылық әскери дарынымен ерекше көзге түседі. Ашық шайқаста Хорезм шах әскері жеңіліп, өз жерлеріне шегінеді.
Жошы басқарған әскер әрі қарай Отырар, Сығанақ, Үзкент, Баршынкент, Аспас, Жаңакент шаһарларын тізе бүктіріп, жыл өткеннен кейін Хорезм мен Түркістан өңірлеріне иелік етеді. Шыңғыс ханның шақыруымен келер жылдың көктемінде Сайрам мен Таластың арасындағы Құланбасы жазығында өткен құрылтайға қатысады. Алып империя құрған Шыңғыс хан жаулап алған жерлерін ұлдарына енші қылып бөлгенде Жошының еншісіне Ертістен бастап Орал тауының аралығына дейінгі жерлер тиеді. Жошының орда тұрағы Ертіс өзенінің бойына орналасқан.
Жошының қазақ мемлекеттілігінің бастауында тұрған тұлға екендігі жайында тарихшылар С.Г.Кляшторный мен Т.И.Сұлтанов былай деп жазады: «Удел Старшего сына Чингиз хана, Джучи, по словам Джувайн, занимал обширные земли к западу от Иртыша и от границ Каялыка (в Семиречье) и Хорезма до мест Саксин и Булгар, вплоть до тех пределов, куда доходили копыта татарских коней. Таким образом территория Казахстана вошла в состав трех монголских улусов: большая часть – степные просторы севера страны и вся местность от верховьев Иртыша к оз. Ала-Куль и дальше на запад к Или и сыр-Дарье входила в состав улуса Джучи, Южный и Юго-Восточный Казахстан – в улус Чагатая, а северо-восточные земли – в улус Угедея. Для нашей темы наибольший интерес представляет улус Джучи, поскольку именно на этой территории складывалась и развивалась собственно казахская государственность» [1.84] (С.Г.Кляшторный, Т.И.Султанов. Казахстан Летопись трех тысячелетий. Алма-Ата: «Рауан»,1992).
Ертістен Атырауға дейінгі кең байтақ жерде кейінгі Көк Орданың негізі болған Дешті қыпшақтың ұлы ұлысын құрды. Шағатай Орта Азиядағы иеліктерге қожалық етті. Ел тарихын зерделеп жүрген әдебиетші-ғалым Тұрсын Жұртбай Жошының қазақ мемлекеттілігінің бастауында тұрғанын: «Қалай дегенмен де, Жошы Шыңғыс ханның ордасынан бөлініп қалды да, Дешті қыпшақтағы түркі тілдес тайпалардың басын қосып, тәуелсіз дербес мемлекет құруға кірісті. Бұл бүгінгі қазақ жерін қамтитын ұлыс еді. Сондықтан да, зерттеушілер бірауыздан Жошыны біртұтас қазақ хандығының негізін салушы адам ретінде бағалайды», – деп көрсетеді [2.357] (Жұртбаев Тұрсын. Дулыға. 2-кітап. Алматы: «Жалын»,1994).
Негізінен Жошының өмір жолына қарап отырсақ, оның әкесі Шыңғыспен екеуінің арасындағы көптеген қайшылықты жайлардың болғандығын ел арасындағы әңгімелер мен зерттеушілер еңбектеріндегі жазбалардан байқаймыз. Ол – Жошы өліміне қатысты аңыз-әңгімелер мен тарихшылар қалдырған жазбаларда айқын байқалады. «Тарихшы Жүзбани: «Жошы қыпшақтардың жері мен суы, ауасын көрген кезде, дүниеде бұдан артық жердің, бұдан артық саф ауаның, мөлдір судың болуы мүмкін емес екенін ұғып, қыпшақтарды жақсы көріп кеткені сонша, өзі осында қалып, бұл елді бүліншіліктен азат етуге бел байлаған. Ол өзінің пікірлес адамдарына: «Шыңғыс қаған, сірә, алжыған, өйткені осыншама жерді ойрандап, мұнша халықты қырғынға ұшыратты. Сондықтан мен аңға шыққан кезде әкемді өлтіріп, мұсылмандармен одақ құратын шығармын», – дегенді айтқан. Оның бұл ойын Шағатай сезіп қалып, әкесіне жеткізген де, әкесі оған білдірмей у беріп өлтіруге әмір еткен», – деп жазды.
Айбынды ханзада Жошыға қатысты әңгімелерде оның әкесі Шыңғыстың өзге балаларымен өткізген құрылтайға қатыспай қалғаны да айтылады. Сонымен бірге, Шыңғыспен Жошы арасындағы қайшылықта, Жошының болмысы, қыпшақ тайпаларына көзқарасы, ішкі мүддесі, көздеген мұраты Тұрсын Жұртбайдың аталмыш еңбегінде былайша беріліпті: «Қаһарынан қар еріп, заһарлы деміне мұз қатқан қағанның қарғысынан қорықпай, құрылтайға да қатыспай, дараланып, қалған Жошының бұл қарсылығының орынды себептері де бар еді. Ержүрек, алып күштің иесі, зерек те білімді, әділ Жошының шешесі Бөрте қоңырат қызы еді және ол тұңғыш ұлына меркіт тайпасының ішінде тұтқында жүргенде жүкті болған еді. Өгей ұлды өкпеге теппесе де, өзегін үзіп бермеген Шыңғыс оны сынау үшін және түркі тілді жұртқа өшіктіру мақсатымен біресе меркіттерге, біресе найман мен керейге, ең соңында қыпшақтарға қарсы соғысқа айдап салды. Қағандық мүддені көздеген Жошы жанын аямады, үнемі жеңіске жетіп отырды. Сондықтан да, қатал әке оған қастандық жасамады әрі қалған ұлдарының шешесі Бөртенің көңілін қимады. Ақылы толып, өз еркін билей бастаған кезден былай Жошы қантөгіске қарсы шығып, жаулап алған елін жаппай қырып салмай, мәмілемен көндірді және қалаларды қиратпады. Өзі білім жолына құмартты. Бірақ, Шыңғыс оған кітаптың орнына қалқан, қаламның орнына қылыш ұстатты.
Қазақ арасында Жошының өлімі жөнінде әр түрлі әңгімелер тараған. Оның бірінде – Жошы аң аулап жүргенде, жараланған құланның айғыры шайнап өлтірді десе, ал екіншісінде аттан құлап, мойны үзіліп өлді делінеді. Үшінші бір әңгімеде жеке билікке ұмтылып, әке ырқына көнбей, асаулық танытқан ұлын Шыңғыс арнайы жендеттерін жіберіп, бел омыртқасын үздіріп өлтіріпті-мыс делінеді. Бұл жайтты ғалым-жазушы М.Мағауин: «Шыңғыстың үлкен ұлы Жошы аңда жүргенде қаза болған. Мазары Қарағанды облысының аумағындағы Кеңгір өзенінің бойында тұр. Күні бүгінге дейін күйшілер Кетбұғаның Жошы өлімін естіртуі деп «Ақсақ құлан, Жошы хан» атты күй тартады. Қазақ шежірелерінің айтуынша, найманның бір бұтағы Балталы – осы Кет-Бұғадан тараған ұрпақ. Халық өлеңдерінде Кет-Бұға ескіде өткен батагөй ақсақал ретінде еске алынады», – деп жазады.
Осындай аңызды ортағасырлық «Шаджарат аль-атрак» (түріктер шежіресі) атты парсы тілінде ХV ғасырда жазылған тарихи еңбектен де кездестіреміз. Мұнда Шыңғыс ханға Жошы өлімін естіртуші Кетбұғы есімі Ұлы жыршы, кейде Аталық жырау деп беріледі. Осы аңыздардың барлығының мазмұндары бірдей болып келеді. Қалай десек те Жошы хан қазақ даласында, Ұлытау жерінде өлгені айқын. Оның дәлелді айғағындай, баба тарихтың куәсіндей, көне заманның көзіндей, ескерткіш боп, Жезқазған қаласынан 45 шақырымдай жерде Кеңгір өзенінің сол жағасында Жошының ескі мазары сол күйінде әлі тұр.
Қазақ мемлекеттілігінің бастауында тұрған, барша қазақ хандары мен сұлтандарының арғы атасы, қазақ халқының құрамындағы төре әулеттерінің түп бабасы, қазақ тарихында өшпес із қалдырған, абзал да айбынды ұрпақ берген Жошы есімі өзіміздің төл тарихымызда аса әспеттеліп, ұлықталуы қажет деп ойлаймыз.

Сәбит Жәмбек,
Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетінің профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар