Данышпан аманатын салиқалы оймен жеткізген

Тәуелсіз қазақ елінің бүгінгі ұл-қыздарының Абайды жаңаша тануы Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Әлі есімізде ұлы Абайдың 150 жылдығы Тұңғыш Президентіміздің тікелей бастамасымен, бақылауымен және өзінің қатысуымен әлемдік деңгейде атап өтілген болатын. Осы бір ұлы Абайдың Назарбаев бастаған шарасымен қазақ руханияты жаңа бір биік белеске көтерілгендігін бәріміз де сезіндік. Расында да, Абайдың 150 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО ұйымының қолдауымен өткендігі қазақ тарихының жаңа бір беттері болғандығы анық еді.

Республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай ама­наты» мақаласы Абайдың ұлы­лығын танытудағы тың бір соқпақ бол­ғандығын айтар едім. Бұл орайда, Елбасының «Ұлы ақын, дана ойшыл Абай ХІХ және ХХ ғасырлар тоғысындағы ағартушылық немесе ояну дәуірінің көшбасшысына, елдің болашақ бағдарын айқындап берген рухани темірқазығына айналды», – деп Ұлы даланың ойшылы Абайға тереңінен баға береді. Адамзат өркениеті кез-келген халықтың даналарын тарих сахнасына шығарып келгендігі және шығара берері де анық. Осы ойды біз Елбасының «Абай аманаты» мақаласынан жан-жақты тани түстік.
Тұңғыш Президентіміз бүгінгі және келер ұрпаққа Абайдың аманатын салиқалы оймен жеткізеді. Бұл орайда, Абай мұрасындағы халықтың мұң-мұқтажы, арман-қиялы Нұрсұлтан Назарбаевтың ой-мүддесімен сабақтасып жатқандығын аңғаруға болады. Өйткені, Абай өз жұртының мүддесін ойлап, халқын жақсылыққа жетелесе, Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сол қа­лың жұртын тәуелсіздікке жеткізді. Қазақ елі тәуелсіздігінің аз ғана жыл­дарында Қазақстанды әлем таны­ған мемлекетке айналдырды. Бұл орайда, әлем Қазақстанды ең әуелі Назарбаевтың есімімен және ісімен танығандығын айтуға болады.
Дана Абай елінің бірлігін аңсады. Ел-жұртының білім мен ғылымды меңгеруін қалады. Алайда сол кездегі дәуір дүрмегі Абайдың бұл аңсар мұратына жеткізбеді. Сол халқы тәуелсіздіктің арқасында білімі мен ғылымы дамыған мемлекетке айналғандығын көзіміз көріп отыр. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, қолымды мезгілінен кеш сермедім» деген Абай өкінішінен Нұрсұлтан Назарбаев өзінің президенттік қызметі кезінде сабақ ала білді. Қазақ­станның білімі мен ғылымын дамы­ту мәселесі Елбасының айрықша назарында болды. Ел тәуелсіздігінің алас-күлес кезеңдерінің өзінде Тұң­ғыш Президенттің бастамасымен «Болашақ» бағдарламасы ашылып, қазақтың ұл-қыздары әлемнің ең озық оқу орындарында білім алу мүм­кіндігіне ие болды. Бұл көрегендік еді. Қазір сол «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет мемлекеттерден білім алып келген жастар тәуелсіз Қазақстанның әр саласында абыройлы және жемісті еңбек етіп жүр.
Елбасы өз мақаласында Абай­дың өмірі мен шығармасын тұтас қам­титын «Жидебай-Бөрілі» мемле­кеттік тарихи-мәдени және әдеби ме­мориалдық қоры музейі құрыл­ған­дығын, ақшаңқан күмбезді Абай-Шәкәрім кесенесі тұрғызыл­ғандығын жазады. Бұл сөз жоқ тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық қиыншылықтарға қарамастан жүзеге асырылған Абай­дың мәңгілік ескерткішіне айналып, осы күндері халқымыздың және шетелдерден келіп жататын қонақтардың көңіл қуаныштарына айналды. Біз сол үшін де Елбасына ризашылығымызды білдіреміз.
Тәуелсіз Қазақстан ұрпақтары үшін Абайдың жолы еліміздің Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­­тың хакімді ұлықтау жо­лымен бас­талғандығын баса айт­қым келе­ді. Енді міне, сол ұлы Абай­­дың 175 жылдығы елімізде кеңі­­нен аталып отыр. Бұл орайда, Қазақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың дем беруімен Абай мұра­лары қайтадан жаңғырып жатыр. Ой­шы­лы бар халықтың айбыны биік. Абайы бар халықтың мәртебесі жоғары.

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Сенаторлар кеңесінің мүшесі.
(«Егемен Қазақстан», 12 қазан 2020 жыл).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар