Қыз тағдырына ұлт тағдыры деп қарасақшы еді!..

I. Қыз – қуыршақ па?

Қазіргі қоғамда қыз балаға ұлт болашағы деп емес, қуыршақ ретінде қарайтындар көптеп кездеседі. Қыз тағдыры ойыншық емес екендігін ұғына білгеннің өзі даналық. Иә, тағдырдан көреміз, маңдайға жазылған дейміз, қалай дегенмен де, әрбір адам өз тағдырының иесі екендігін ұмытпағанымыз абзал шығар.

Гүлайымның тағдырына бойлай отырып, осындай байламға келіп отырмыз.
– Сүйген жігітім алып қашып, студенттік кезде отбасын құрдым. Алғашында ата-анам қарсы болғанымен, өзім сүйіп қалаған соң бақытымды тілеп, ақ батасын берді. Он тоғыз жасымда тұңғышымды дүниеге әкелдім. Бала дүниеге келген соң жігітімнің қыдыруы көбейді. Отырыстардан ішімдік ішіп, үйге таң ата келіп жүрді. Себебін сұрай бастасам, маған қол көтеруге дейін баратын. Үйден береке кетті. Ажырасуға бел будым. Баламды көтеріп елге оралдым. «Ішіме сыйған балам, сыртыма да сыяды» деп ата-анам түсіністікпен қабылдады, – деп бастады Гүлайым жан сырымен бөлісіп. – Сөйтіп жүргенде бір күні елге бір діндар ер азамат келді. Тағдырыма алаңдап жүретін анам мені ертіп сол кісіге апарды. Менен отыз жас үлкендігі бар әлгі адам маған біртүрлі көзқараспен сынай қарағанын бірден байқадым. Дұға оқып, үшкіріп, мені үйге қайтарып жібергенімен, анамды шақырып, жеке сөйлесіпті. Үйге келген соң анам маған: «Әлгі діндар сенімен некеге отырғысы келеді екен, некеге отырмаған соң жолың байланған» деді анам жылап. «Ертеңге дейін ойлануға рұқсат берді. Ертең жауабын айт, қызым ойлан, екеуің ерлі-зайыпты ретінде қарым-қатынаста болмайсыңдар, тек қана некелеріңді қиясыңдар деді. Діни сауаты бар адам ғой, өтірік айтпайтын шығар» деді анам қадап.
Түнімен ой кемірдім. Түбі бір шикілік барын іштей сездім. Ол сонда қалай болғаны? Алланың алдында ант бере отырып, өтірік ерлі-зайыпты болу деген не? Ертесінде діндар адамға анам тағы да ертіп апарды. Ол маған жағдайды былай деп түсіндірді.
– Айналайын, саған дуа жасалған екен. Бұрынғы күйеуіңмен некеге отырмаған болсаң, менімен некеге отыр. Сонда жолың ашылады. Әйтпесе жолың байланған. Былайғы тағдырыңды ойла, – деді.
– Аға, неке деген менің түсінігімде бірін-бірі ұнатқан адамдардың Алла алдында беретін анты. Ал мен сізді ер азамат ретінде қалай қабылдаймын. Кешіріңіз, тағдырым сондай болса көндіктім. Бірақ, Алланың алдында өтірік ант бере алмайды екенмін. Некеге отырсам ғана бағым ашылатын болса, әуелден етегінен ұстап, тұрмыс құрған жігітімді алдыңызға әкелейін, сонымен некеге отырайын дегенім сол еді. Ол кісі сол жерде маған өз сезімін білдіре бастады.
– Ақыры сезім туралы өзің айтқан екенсің, айналайын, мен сені бір көргенде ұнатқам, сол себепті сен өз еркіңмен мендік боласың, не болмаса мен сені «оқып, оқып» өзіме қаратып аламын бәрібір,– деді.
– Алладан қорықпасаңыз, көріңіз, – дегенді айтып, Гүлайым үйден басын ала қашқан.
Мінекей, бұл бір қыздың ғана басынан өткен оқиға. Ажырасқан әйелдерді айтпағанда өрімдей қыздардың тағдырын талқандап жүрген қаншама жігіт бар. Содан кейін еліміздегі демографиялық ахуал, ажырасулар туралы айтудың өзі артық. Бәрі де отбасындағы тәрбиеден. Үйдегі әке өсіп келе жатқан балаға анасын құрметтеуді, қыз балаға деген қамқорлықты өз үлгісінде көрсете білсе, нағыз өнеге сол болар еді.

II. «Талақ» айтып тағдырын талқандаған…

Иә, солай. Соңғы кезде бір-ақ ауыз «талақ» деген сөзбен де ажырасып, уақыт өтпей екінші біреумен некелесіп, отбасылық өмірге ойын ретінде қарайтындар туралы әңгіме жиі естілетін болды. Осының барлығы сайып келгенде діни сауаттың аздығынан да шығар. Жалпы, исламда некелесу күрделі және жауапты іс. Оған жүрдім-бардым қарауға болмайды. Себебі, ақ неке адамзатқа Алланың берген сыйы…
Кеңес кезеңі дәуірлеп тұрған тұста қазақ халқы өз тілінен де, өз дінінен де, өз ділінен де мақұрым қалуға шақ қалған еді. Алайда, сол кездің өзінде тілдің де, діннің де, ділдің де қадіріне жете білген, оны ұстанған аға буын көп еді. Қазір олардың қатары сейіліп барады. Ерекше екпін түсіре айта кететін жайт, сол кезде осы үрдісті ұстанғандар атадан балаға мирас болған дәстүрге сызат түсірмей келді. Тәуелсіздікке қол жеткізіп, еңсемізді тіктей бастаған тұста елімізде өзге ұлттың дініне, өзге елдің діліне, өзге жұрттың тіліне де қызығушылық арта түсіп, тіпті оны өзінікіндей қабылдап жүрген жандар табыла бастады. Бір қуантарлығы, осы тәуелсіздік алған жылдардан бастап, жастардың дені дінге бет бұра бастады. Бірақ, солардың арасында жат ағымның жетегінде кеткендер де бар. Талақ айтып, қыз тағдырын ойыншық қылғандар да осы жат ағымның жетегінде жүргендер болар. Әйтпеген күнде қазақ халқы қашанда отбасы құндылығына аса мән беріп, қыздарын алақанда аялап, жетімін жылатып, жесірін қаңғыртпаған ел еді ғой. Бір-ақ ауыз сөздің кесірінен жас келіншектің бір емес, бірнеше рет тұрмысқа шыққанын қалай түсіндіруге болады. Бұл да болса қыз тағдырына ойыншық ретінде қараудың бір мысалы.
Бұрнағы жылдары елімізде тек шариғат жолымен шаңырақ көтеретіндер тым көбейіп кеткен. Қазіргі таңда мешітте неке қидыру үшін алдымен жергілікті жердегі АХАЖ бөліміне заңды түрде неке қиюға өтініш білдіру керек. Содан кейін ғана шариғат бойынша неке қиылады. Неке қидырып, үйленуге құмар еркектердің арасында шариғат бойынша деп бірнеше әйелмен отасып отырған азаматтар да баршылық. Деректерге сүйенсек, кейбір ниеті бұзық еркектер жауапкершіліктен жалтару үшін әдейі осындай некені таңдайтын көрінеді. Құқығы заңмен қорғалмағандықтан, мұндай жағдайда тек қыз-келіншектер зардап шегетіндігі анық. Бұл заңсыз туған сәбилер мен бала алдында ешқандай жауапкершілігі жоқ әкелер санын арттыратыны анық. Әлеуметтік желіде заңды некеге тұрмай алданып қалған келіншектердің жанайқайы көптеп кездеседі. «Талақ айтып, кешірім сұрайтын күйеуден шаршадым», «Ақтөбелік келіншек мұсылмандық жолда жүрген әйелдердің қиындығы туралы жайып салды. Оның айтуынша, нәзік жандылардың еріне бой ұсынуын пайдасына асырып жүргендер аз емес. Намазхан жігіттер кез-келген нәрсені сылтау қылып, талақ айтып, келесі әйелге үйленіп жүре береді екен. Бұл туралы Qazweek.kz ақпарат агенттігі KAZ.NUR.kz сайтының дерегіне сүйеніп хабарлайды. Немесе мына бір оқиға «Бес күйеуден талақ алған келіншек көрген қорлығы туралы айтты». Осы тақылеттес мақалалар жалғаса береді. Бәрінде бір сценарий: діндар әйел діндар күйеуге шыққысы келеді. Танысады. Азаматтығына сенім артады. Кейіннен ол жігіт талақ айтады. Әйел көп өтпей, дәл сондай екінші бір жігітке тұрмысқа шығады. Ол жігіт алғашқы күйеуінің танысы болуы да мүмкін. Бірақ, бұл жігіт те ыстық-суығы басылған соң, талақ айтып, тастап кетеді. Әйел алдыңғының кебін құшып, басқа еркекпен некелеседі. Дәл осылай бес жылда тоғыз адаммен некелескен әйелдер де бар.

Өмір де, адам тағдыры да ойыншық емес. «Қыздардың өзінде бар дейтін» пікірді де жиі естіп қаламыз. Рас, күнәсіз адам періште саналмақ. Жолынан жаңылғанға жол көрсетіп, құлағанға демеу беру азаматтық. Әсіресе, отбасының, шаңырақтың иесі, ұлттың тізгіні де ер адамда ғой. Қыздарға кіна арта беру қисынсыз. Аруларға қашанда қамқор керек. Қызғалдақ ғұмыр солмасын десеңіздер, қыздарды аялаңыздар! Себебі, қыз намысы – ұлт намысы ғой.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар