Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Қазақстанның халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, талантты сахна саңлағы Жібек Есекеқызы Бағысованы қабылдап, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатын табыс етті.
– Өнер жолында елеулі ізіңізді қалдырып, жастарға тәлімгер болып шыңдап келе жатқан қайраткерсіз. Сіздің сахнадағы әрбір сомдаған рөліңіз шынайылығымен жүрекке жылылық, көңілге қуат береді. Көрермендеріңіз сізді кешегі Ақан сері, Біржан сал сынды ұлылардың жолын жалғастырған үлкен өнер иесі деп біледі. Бойыңыздағы талантыңыз бен жеткен атақ-абыройыңыз осының дәлелі, – деген өңір басшысы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан берілген Алғыс хатты табыс етіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерекелік медалімен марапаттады.
Өз кезегінде 27 жасында халық әртісі атанған Жібек Есекеқызы Қазақстан Президенті мен облыс басшысына деген үлкен ризашылығын білдіріп, 60 жыл бойы өнерін тамашалап келе жатқан көрермендерімен бірге жасап, бақытқа бөленіп отырғанына мақтанатынын айтты. Өнер адамына қашанда мейірім мен қолдаудың қажет екені сөзсіз. Осы орайда, ол өзі еңбек етіп жүрген өңірдегі бірден-бір өнер ұжымы Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрындағы жастардың өсуіне жағдай жасауға өтініш білдіріп, әлі де өз өнерімен көрермендердің тамсандыратынын жеткізді. Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев театр анасы атанған өнер иесіне мерейлі жасымен құттықтап, гүл шоқтарын тарту етті.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.