Індетті жұқтырғандар саны көбейіп келеді

Өңірде карантиндік шектеулер күшейтіліп, 7 қараша сағат 00:00-ден бастап санитарлық бекеттер жұмыс істей бастайды. Кешкі 21.00-ден таңғы 06:00-ге дейін көшеде жүруге тыйым салынып, демалыс күндері локдаун сақталады. Бұл жөнінде өңірдің бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Облыста коронавирус бойынша жағдай күрделене түсті. Індет басталғаннан 2-ші қарашаға дейінгі статистикалық мәліметтер бойынша облыста лабораториялық жолмен анықталған 3805 оқиға тіркеліпті. 1 қазан мен 2 қараша аралығында 318 адам аты жаман індетке шалдыққан. Оның 184-і Көкшетау қаласының тұрғындары болса, Бурабай ауданында – 29, Степногорск қаласында – 27, Біржан сал ауданында – 48, Атбасарда – 10, қалған аудандарда 10-ға жуық оқиғадан тіркелген. Оқушылар арасында 19 баладан індет лабораториялық жолмен анықталса, мектепке дейінгі мекемелерде 11 бүлдіршін мен 2 тәрбиеші аталмыш індетке шалдыққан. Облыстағы коронавирустың таралу жағдайы бойынша мәлім болған көрсеткіштерге көз жүргіртсек, жағдай өте күрделі. Өткен аптада індеттің жұқтыру өсімі 2,2 пайызды құрады. Соңғы үш аптада Көкшетау қаласының тұрғындары арасында COVID-19 ауруының өсімі 3,5 есе ұлғайған. Алдыңғы аптада Біржан сал ауданындағы «Семізбай-U» кен орнында 43 адамнан коронавирус жұқпасы анықталып, қазіргі уақытта барлық кеншілер карантиндік госпитальде ем қабылдауда. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің мәлімдеуінше, онда қазір соңғы дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр.
– Облыста індеттің таралу жағдайы күрделене түсті. Қазір біздің өңір эпидемиологиялық ахуал бойынша жасыл деңгейге кірді, сондықтан, карантин талаптарын қатаңдату қажет, – дей келе Айнагүл Советқызы Көкшетау қаласы бойынша санитарлық бекеттердің орнатылатындығы және олардың жұмыс тәртібі туралы айтып берді. Санитариялық бекеттер карантин аймағына кіру және шығу пункттерінде орнатылады.
Сонымен, облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 3 қарашадағы қаулысына сәйкес ағымдағы жылдың 7-қарашасынан бастап карантиндік шектеулер күшейтіледі. Көкшетау қаласының жан-жағынан санитарлық бекеттер орнатылып, демалыс және мереке күндері қалаішілік қозғалыс транспорттары тоқтатылады.
Брифинг соңында өңірдің бас санитарлық дәрігері тұрғындардан санитарлық талаптарды сақтап, әркім өзінің және жақындарының денсаулықтарын қадағалап, карантинге түсіністікпен қарауға шақырды.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар