Жан жылуымен жадыратып…

Соңғы уақытта ажары кіріп, тамырына қан жүгіріп келе жатқан елді мекендердің еңсесін көтеруіне туған жерінің тұғырын биіктеткісі келген перзенттерінің пейілі де себеп болуда. Егер әркім өз елінің қамын ойлап, қолынан келген көмегін көрсетсе, аялы ақ бесіктің өңі кіріп қалар еді.

Тасы өрге өрмелеп тұрған кәсіпкерлердің ел қамын жеген еңселі істерін көргенде көңілің көтеріліп қалады. Ырыс біткен, толайым табысқа қолы жеткен іскер жандардың енді бір уақ замандастарының жайын, туған жерінің қамын ойлап, дәулетінің бір мысқалын бөліп, қайырымдылық жасауға ұмтылуы шын мәнінде ғанибет емес пе?! Олар шалғайдағы шағын ауылдардың, өздері түтінін түтетіп отырған туған топырақтың кейбір мұң-мұқтажын саналарымен салмақтап, ақыл таразысына салып, етек-жеңін қымтауға қол ұшын созуда. Облыста биыл бірнеше мектеп, аурухана салынып, мәдениет ошақтары, спорт және балалар алаңдары бой көтерді. Өтпелі кезеңнің өкпек желіне құмыға тұншығып, ісі қожырап бара жатқан мәдениет ошақтарының оты қайта маздап, кітапханалар жөнделіп, жаңа кітаптармен толықтырылды. Осының барлығы туған жерге деген перзенттік таңғы шықтай мөлдіреген таза пейілден туындаған көмек-қайырым.
Үстіміздегі жылы облыста жалпы құны 5,5 миллиард теңгені құрайтын 840 әлеуметтік бастама жүзеге асырылды. Көрген жанның көзін қуантып, көңіліндегі сенімді нығайтатын осындай игі шаралардың арқасында 1 мектеп, 9 спорт алаңы, 7 мәдениет ошағы тәрізді 21 нысан салынды. 788 әлеуметтік бастама жүзеге асырылды. Оның ішінде тұрмысы төмен отбасыларына көмек, медициналық құрал-жабдықтар, дәрі-дәрмектер алып беру, елді мекендерді абаттандыру тәрізді қайырымдылық істер бар. Мұндай жан жадыратар жұмыстың Көкшетау қаласы мен Бурабай, Целиноград, Жарқайың, Зеренді, Сандықтау және Атбасар аудандарында кеңінен қанат жайып отырғанын айта кеткен ләзім.
Кір жуып, кіндік кескен туған топырағының болашағын ойлау, соған қызмет ету ең алдымен әркімнің жүрегіндегі айнымас адал сезім мен адамгершілік қасиеттер екендігі даусыз. Осы орайда, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кәсіпкерлерді туған жерлеріне көмек көрсетуге, жанашырлық жасауға шақырған бір ауыз сөзі де игі әсер еткендігін екпін түсіріп айта кеткен жөн. Елбасы айтқан салиқалы сөз саналарына жетіп, көкірек көздерін ашқан кәсіпкерлер бұл бағыттағы салмақты да иманды шаруаға кірісіп кетті. Адами борышын өтеуге бел буған қалталы ағайынның қолға алған шаруасы да оңынан оралуда. Істің көзін білетін іскер жандар бар жайды ақыл таразысына салып, ел үшін алдымен не керек екендігін, қай шаруаның басын қайырғандары ауылдастары үшін тиімді болатынын бағамдап, күш-қуаттарын жұмылдыруда. Айталық, шалғайдағы Жарқайың ауданына қарасты Тасөткел ауылындағы мәдени-демалыс орталығы көп жылдардан бері жөндеу көрмей, жүдеп тұрған болатын. Ауыл жастарының бір уақыт дем алып, көңіл көтеретін жерлері де осы. Ал, ол жұмыс істемесе, көңілдері жүдеп, бос уақыттарында барар жер таба алмай, томаға-тұйық күй кешетін. Осы жайды ескерген «Темірлан» серіктестігінің басшысы Ерлан Алин 95 миллион теңгеге қаражат бөліп, орталықты құрылысшы қалағынан жаңа шыққандай етіп жөндеп берді. Жалғыз жөндеу жұмысы ғана емес, орталыққа қажетті құрал-жабдықтардың барлығын сыйға тартты. Қазір Тасөткел ауылындағы орталық ауыл тұрмақ, облыс орталығының өзінде сирек кездесетін мәдениет ошағына айналды. Атбасар ауданындағы «Нұр 777» серіктестігінің ұжымы Тимашевский орта мектебіне 24 миллион теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізді. Мектептің ескі шатыры жаңартылып, терезелері алмастырылды. Целиноград ауданындағы Қоянды ауылында жеке кәсіпкер План Ахантай жерлестеріне 10 миллион теңге қаржыға бірінші кезекте қажетті заттар мен азық-түлік сатып әперді. Жомарт жанның қайырымдылығына Қоянды ауылының тұрғындары дән разы. Мұндай көмек қолын созған адамдар аз емес. Жақынына жанашырлық жасаудан аянбайтын ізгі ниетті адамдардың ақ пейілі көңіл сүйсінтеді. Мәселен, Аршалы ауданындағы кәсіпкер Әлібек Тоқпаев Сарыоба орта мектебіне 9 миллион теңгеден астам қаржы бөліп, көмек көрсетті. Биыл облыстағы ондаған мектеп ақ ниетті атымтай жомарттардың арқасында тәп-тәуір жөнделіп, бірқатар мәселелерін шешіп алды. Ақкөл ауданындағы «Хлебороб» серіктестігі Наумов, Өрнек, Виноградов мектептеріне екі миллионнан астам қаржыға жөндеу жұмыстарын жүргізді. Жалғыз білім ошақтары ғана емес, Наумов селолық мәдениет үйі де жөндеуден өткізіліп, бір жаңғырып қалды. Облыс орталығындағы «Кристалл» сауда орталығы Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Саумалкөл ауылындағы балалар үйін бауырына тартып, 2 миллион теңгеге киім-кешек пен оқу құралдарын сатып әперді. Өзге де жалпақ жұртқа, қалталы азаматтарға үлгі болар шаралар аз емес. Айталық, Сандықтау ауданындағы «Байдалы» серіктестігінің ұжымы Веселое селосындағы көпірді жөндеп берді.
Жақсылық іске жан сүйсінеді. Қоғам мейірімнен ажырамаған екен. Ізгіліктің ізетті нұры төрт құбыламызда шалқып тұр. Соған қарап, шүкіршілік етеміз. Бұл жақсылық талай адамның жан жүрегін баурап, сенімін нығайта түсуде. Көкшетау қаласындағы «Алуа строй» серіктестігінің басшысы Ерлік Өмірғалиев көп балалы отбасына тұрғын үй тарту етті. Бұл да бір айта қаларлықтай шаруа болды. Қала жұртшылығы Ерлік Қайдарұлының ерлікке пара-пар ізетті шаруасын ең алдымен, шиеттей балаларға жасалып жатқан қайырымдылық деп ұқты. Құлақтанған жұрт азаматтың осы бір айта қаларлықтай ісіне разы болып, балалар үшін қуанды. Біржан сал ауданындағы «Семізбай U» және «КазБиф ЛТД» ұжымдары көп балалы, әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасыларына қарасуды өз міндеттері санайды. Кәсіпорындардың қамқорлығынан тыл еңбеккерлері, жетім-жесірлер және мүгедектер тыс қалып отырған жоқ. Биылғы жылдың өзінде ғана осындай отбасыларға 3 миллион теңгеден астам қаржыға көмек көрсетілген.
Ауылдық жердегі мәдениет мекемелерін қолдау да өте маңызды. Бұл орайда да ауыз толтырып айтуға лайықты шаралар аз емес. Айталық, Целиноград ауданындағы «Шалқар» серіктестігінің басшысы Дулат Қамзебаев 80 миллион теңгеге селолық клуб салып берді. Ғажап емес пе?!
Елбасы ерекше ықыласпен айтқан туған жерді қастерлеу, сүю осы емес пе?! Елін сүйген ерлердің елге деген құрметі замандастарына жақсы үлгі болса, қанекей!..

Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Суретте: Тасөткел ауылындағы мәдени-демалыс орталығы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар