Депозит өсімімен өмір сүруге бола ма?..

Жасыратыны жоқ, қазіргі күні қазақтардың басым көпшілігі қит етсе банктен кредит алатын болды. Таусылмайтын тойлар көбейіп, ағыл-тегіл сол тойларды кредитпен өткізу бәсекеге айналып барады. Бір басында екі-үш кредиті бар адамдар көп. Банктер де өсімі жоғары кредитті оңды-солды шашып беруде. Дегенмен де, осындай жағдайға қарамастан, өсім деңгейі шетелдік банктермен салыстырғанда біршама төмендеу болса да, депозит алатындар қатары да жыл санап өсіп келе жатқанын атап өткен артық болмас. Бірақ та, депозит ашып жатқандардың басым көпшілігі өзге ұлт өкілдері екенін атап өтуге тиіспіз.

Ұлттық банктің мәліметіне сай, биылғы жылдың қазан айына дейін еліміздегі екінші деңгейлі банктердегі азаматтардың депозиттерінің көлемі 21,4 триллион теңге болыпты. Осылайша банк депозиттері жыл басынан бері 12,4 пайызға өскен. Оның ішінде теңгемен салған депозиттер көлемі 16,7 пайызға өсіп, 12,6 триллион теңгеге көбейген. Теңге депозитіне жұрттың ықыласының көп болуы теңгеге деген сенімнің күштілігінен болмаса керек. Біздегі валюта депозиттерінің өсімі 1 пайыздан апсайды. Яғни, ол тек жиған-терген ақшаңызды сақтауға ғана көмектеседі. Ал теңге депозиттері 14 пайызға дейін. Одан қалды, теңге депозиттеріне мемлекеттік кепілдік те бар. Бұл да депозитті теңгемен салуға деген жұртшылықтың ынтасын арттыруға айтарлықтай әсер еткені анық.
Нарыққа көшкеніне жүздеген жылдар өткен Батыс елдерінің азаматтары қор жинау мәселесіне өте бейім екендігін мына мәліметтерден аңғаруға болады. Мәселен, АҚШ тұрғындарының 70 пайызының қор нарығында түрлі акциялары және банк депозиттері бар екен. Швейцария тұрғындарының 80 пайызы жұмыс істемей, банктегі салымдарының өсімімен өмір сүреді. Батыс елдерінің ақыл-есі дұрыс әрбір азаматының жұмыстан айрылып қалған жағдайда күн көретін азды-көпті қоры болады. Өкінішке орай, бұл жағынан біздің еліміздің азаматтары біршама кейін қалған. Батыс елдеріндегідей қатты дамымаса да, Қазақстанда құнды қағаздар нарығы тұрақты жұмыс істейді. 10 миллион теңгеге дейінгі салымға мемлекет тарапынан кепілдік жасалған. Яғни, ақшадан ақша жасау немесе инвестициямен айналысамын деген адамға мүмкіндік мол.
Осыған бір мысал ретінде өзім бірнеше жылдан бері пайдаланып келе жатқан «ХоумКредитбанктің» «Қарапайым» деп аталатын депозитін айта кеткен артық болмас. Аты айтып тұрғандай депозит қарапайым, яғни, екінің бірі үшін қолжетімді. Депозитті ашу үшін 1000 теңгеңіз болса жетеді. Мың теңгемен ашып, содан кейін қалағаныңызша ай сайын ба, тоқсан сайын ба үстемелеп қосып отыруыңызға болады. Депозиттің жылдық өсім пайызы – 12,5 пайыз. Отандық банктер ұсынатын депозиттің ең жоғарғы өсім пайызы – 14 пайыз екендігін ескерсек, бұл оншалықты жаман көрсеткіш емес.
Депозиттің тағы бір қолайлы жағы: басқа депозиттер сияқты мерзімі жоқ, яғни, бір рет аштыңыз, содан кейін жыл сайын автоматты түрде жалғастырылып отырады. Депозиттің ең тиімді қыры – ақшаңыздың капиталданатындығы десек, артық айтқандық болмас. Мәселен, 50 мың теңге салдыңыз делік. Салған күні 50 мың болып тұрған депозитке келесі күні қосылған өсім пайызы қоса есептеледі. Ал өсім пайызы күн сайын түсіп тұрады. Депозиттің және бір артықшылық жағы: «ХоумКредитбанктің» кәртішкесін алып, депозитке ақшаны сол арқылы салуға немесе қалауыңызша депозиттен ақшаңызды шығарып алып отыруыңызға болады. Кәртішке тегін беріледі.
Депозит өсімін, шығарып алу немесе депозитті толтыру жұмыстарының бәрін сіз банктің сайтындағы өз кабинетіңізден жасай аласыз. Ол үшін смартфоныңызға банк қосымшасын тіркеп алсаңыз болғаны. Ал компьютер арқылы жұмыс істегіңіз келсе, іздеу терезесінен банк сайтын тауып, кілт сөзіңіз бен логиніңіз арқылы кіруге болады. Банк сайтында бәрі де ашық көрсетілген.
Осылардың бәрінен байқап отырғанымыздай, депозит ашып, ақшаңызды инфляциядан қорғап қана қоймай, көбейтуге елімізде мүмкіндіктер жоқ емес, бар. Бұндай депозиттер отандық банктерде қазір жетіп артылады.
Қазақ ертеде бар байлықты малмен өлшегені белгілі. Өйткені, мал өздігінен көбейіп, өсіп отырады. Тек малдың өсуіне қолайлы жағдайлар жасап, соған мүмкіндік берсеңіз болғаны. Ақшаның да сол мал сияқты өздігінен көбейетін қасиеті бар. Оның тағы бір артықшылық жағы: ақшаға мал сияқты жемшөп бермейсіз, жылы қораның да қажеті жоқ. Ақшаның осы көбейгіштік қасиетін пайдаланып, байлыққа қол жеткізіп жатқандар әлемде аз емес. Атақты ғалым Альберт Эйнштейн «Күрделі процент әлемдегі ең құдыретті күш» деген екен. Өздігінен өсіп, капиталданатын ақшада күрделі проценттің құдыретті қуаты бар.
Мәселен, шетелдік жылына 24-25 пайыз өсім беретін Виста деп аталатын депозит арқылы қалай миллионер болуға болатынын бір ресейлік кәсіпкер калькулятормен есептеп шығарыпты. Оның есептеуінше, 1000 евро салып, соның өсуіне мүмкіндік берсеңіз, арада 26 жыл өткенде сіздің салымыңыз 1 миллион евродан асып жығылады екен және айына 67 мың евро түсім түсіріп тұратын деңгейге жетпек. Міне, миллионер болудың қарапайым және қолжетімді тәсілі.
Кредит алып, оны пәлен пайыз өсіммен қайтарып, шығынға батқанша, депозитке ақша салып, өсімін пайдаланып, ақшаңызды еселеп көбейткен әлдеқайда тиімді екенінде дау жоқ. Ол үшін ақшаны үнемді пайдалануды үйренген жөн.
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар