Жүрегі тарихи Отанын емес, Қазақстанды қалаған

Қазіргі таңда Ақмола облысының орталығында отызға тарта этномәдени бірлестіктер жұмыс істейді. Солардың бірі – Қазақстан халқы Ақмола ассамблея-сы жанындағы Светлана Корнеева басшылық ететін «Видергебурд» неміс этно-мәдени қоғамдық бірлестігі өзінің салт-дәстүрін және Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықты сақтауда алтын көпірге айналуда.

Бүгінде әр түрлі бағыттағы көптеген жобаларды қолға алып, жұмыс жүргізіп келе жатқан бұл бірлестікке Германия тарапынан қаржылай қолдау көрсетіледі. Мұндағы негізгі жобаның бірі – тілді оқыту. Бұл орталықта ересектерге, жастарға және балаларға арналған тіл курс-
тары нақты жолға қойылған. Бұл жоба қоғамдық бірлестіктің барлық бағыттарын қамтиды. Мәселен, Щучинск, Балкашино, Атбасардағы неміс ұлтының шоғырланған жерлерінде тіл курстары оқытылады. Ол үшін мұғалімдердің арнайы дайындықтан өту мүмкіндігі қарастырылған. Себебі, мұндай курстарда тілді оқытудың белгілі бір ерекшеліктері де жоқ емес. Балаларға арналған тіл ғана емес, қолданбалы өнер түріндегі неміс тілінің бастион курстары да бар. Мысалы, Рождество кезінде әрдайым көрмелер ұйымдастырылады. Мұнда ересектермен қатар, балалардың да қолымен жасалған тақырыптық бұйымдар қойылады.
Этномәдени бірлестіктегі құрамында 66 адамы бар «Зодиак» жастар клубы да жақсы жұмыс істеп келеді. Мұндағы барлық жобалар негізінен сол жастардың қатысуымен жүзеге асырылады. Сондай-ақ, театр студиясы өзінің керемет қойылымдарымен көпшіліктің көңілінен шығуда. Бүгінгі күнге дейін жұмыс істеп келген режиссер Ресейдің аспирантурасында білімін жалғастыруына байланыс-ты, қазіргі күні орыс драма театрының режиссерімен жұмыс істеуге тура келген.
– Бізде театралдық студиясымен қатар, вокалдық ұжым да жұмысын жалғастыруда. Онда концертмейстер, сабақ жүргізетін вокалистер бар. Олар спорттық іс-шараларды да өткізеді. Біз спорт мектептерін жалға аламыз. Әсіресе, Бурабай мұз айдынының ақысын төлеп, жас спортшыларымызды салауатты өмір салтына баулу мақсатында біраз жобаларды қолға алудамыз. Өзіміздің мәдени салт-дәстүрімізді үйренеміз. Жалпы, ауқымды мерекелерді өткізгенде біз келгендердің бәрін, тіпті, кез-келген ұлт өкілдерін де қатыстырамыз. Мәселен, «Достық» үйінде өткізілетін Рождество сияқты іс-шараға 150 орын жетпей де қалатын кездер болады. Өткен жылы біз Рождествоны Астана қаласындағы ФРГ елшілігімен бірлесіп өткіздік. Олар біздің бұл жобамызды ішінара қаржыландырды. Бұл көрермендердің айтуынша, Рождество емес, ертегі сияқты әсер қалдырды, – дейді Светлана Георгиевна.
Жалпы, бізде 25 мыңға жуық неміс ұлтының өкілдері тұрады. Бүгінде шығармашылықпен жұмыс істеп келе жатқан этномәдени бірлестік сонау зобалаң жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, кейін ақталған немесе зейнет жасындағы жандар мен мүгедектерге, көп балалы отбасыларына арналған әлеуметтік гуманитарлық жобаны да жүзеге асырып отырғанының куәсі болдық. Онда неміс ұлтының өкілдері тиісті құжаттарын тапсыру арқылы әлеуметтік қолдауға ие болады. Ол жай беріліп қана қоймайды, жан-жақты тексеріліп, мұқтаждық жағдайы ескеріледі. Өйткені, бұл шараға Германия тарапынан гранттар бөлініп отырады екен.
Елімізде коронавирус пандемиясы басталғанда жедел пилоттық жоба қолға алынып, 150 отбасына көмек көрсетілсе, бұл жоба төртінші тоқсанда да жүзеге асырылып, тағы да сонша пакет таратылуда. Оған барлық санаттағы адамдар қатыстырылған. Сегіз ай бойы жүріп жатқан эпидемия кезінде жұмысын жоғалтып, аурудың асқынуына байланысты дәрі-дәрмек ала алмай қаржылық қиындыққа тап болған жандарға тиісті үлесін әлеуметтік жұмыс жөніндегі үйлестіруші тікелей көлікпен қала, ауыл-селоларға жеткізіп отырады. Сондай-ақ, бұрынғы Көкшетау облысы, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Арықбалық елді мекенінде тұратын неміс ұлты өкілдеріне де әлі күнге дейін қызмет көрсетіледі екен. Өйткені, Тайынша, Арықбалық сияқты елді мекендер Петропавлға қарағанда Көкшетауға жақынырақ. Жалпы, дәрі-дәрмек үлестірудегі бір мақсат, созылмалы ауыруы бар диспансерлік есепте тұрған адамдар 12 мыңнан 30 мыңға дейін баратын препараттарды өздері сатып алып, оның түбертегі мен өзінің ауруы туралы анықтамасын әкелсе, пилоттық жоба арқылы қайтарып ала алады. Сонымен қатар, әлеуметтік жобаларға кәрілігіне байланысты үйде күтім жасауды қажет ететін жандар кіреді. Дәл сондай, жалғыз тұратын 10 адам бар екен. Олар Балкашино, Хуторок, Арықбалық және Көкшетау қаласында. Оларға баратын әлеуметтік қызметкерлер пәтерлерін жинау мен ас-суы, дәрі-дәрмектерін әкеліп беру, әңгімелесіп, естеліктерімен бөлісуді жолға қойған.
Тағы бір айта кетерлік жоба – еске сақтау маршруты. Ол бойынша 90 жастағы еңбек армиясында болған әжелерге әлеуметтік қызметкерлер бекітіліп, қамқорлыққа алынуда. Оларға жуғыш заттар, сусабындарға дейін апарып беріледі. Неміс этномәдени бірлестігінде Игорь бастаған үйлестірушілік топ жақында ғана осындай қайырымдылық жұмыстарымен ауыл-селоларды аралап, қал-жағдайларын біліп қайтқан.
Светлана Георгиевна басшылық ететін бірлестікте «Вундеркинд» білім беретін балалар орталығы жұмыс істейді. Онда кішкентай балаларға неміс тілі жеті жасқа дейін тегін оқытылады. Оқыту орны үшін Ахмет Байтұрсынов көшесіндегі жаңа ғимарат жалға алынған. Ол арнайы жиһаздармен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, түрлі үйірмелер өткізілетін бөлмелер, жалпы білім беретін пәндер, яғни, мектепке дайындық және басқалары қарастырылған. Мұнда қуыршақ театры жобасы да жұмысын бастаған. Желтоқсан айында Рождествоға байланысты тағы бір жоба жүзеге асырылмақшы. Бұл тұрғыда Щучинск қаласының жастары бір арнаға топтастырылған.
«Видергебурд» неміс этномәдени қоғамдық бірлестігінің тағы бір үлкен жобасы студенттерді неміс-ағылшын тілі мұғалімі ретінде даярлау. Бір кездері неміс тілі қажеттілігін жойып алған кездері де болған. Ал, қазір неміс тілі қайтадан жанданып, мұғалімдердің қажеттілігі туындай бастаған. Міне, биыл төртінші курстың алғашқы түлектері білім ордасын тәмамдайды. Олар Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің шет тілдер кафедрасынан дәріс алуда. Онда бірнеше студент тегін мамандық алып шығатын болады.
Жалпы, оқытылып жатқан 30-ға жуық маман болашақ неміс тілінің мұғалімдері. Сонымен қатар, төртінші курста оқитын студенттер біртіндеп жұмысқа тартылып жатқанының да куәсі болдық. Айталық, Аня Качанова есімді студент балалар мен жасөспірімдерге арналған курстарда сабақ беріп жүр. Ол бір жағынан тәжірибе, ал, екінші жағынан еңбекақы алады. Демек, мамандығы бойынша ақша табады. Бүгінде елімізді жайлаған қауіпті дерттің әсерінен қашықтықтан оқыту жалғасуда. Сондықтан, атбасарлық Альберт те өз ауданынан неміс тілі курсынан сабақ беруде. Міне, бұл да қосымша ақша табудың мүмкіндігі. Ал, 4-курста оқитын тағы бір студент балалармен бірге қуыршақ театрын ұйымдастыруда. Демек, Светлана Георгиевнаның айтуынша, өздерінің жолын жалғастыратын сенімді ізбасарлар дайындалуда.
– Біз ешқашан демеуші іздеп, оның көмегіне жүгінген емеспіз. Бүгінде Қазақстан мен Германия арасында этникалық немістерді қолдау туралы үкіметаралық келісімдер бар. Яғни, гранттық келісім-шарт. Сондықтан, біздің барлық жобаларымызды Германия қаржыландырады. Әр жобаға бөлінген қаражаттың он пайызы өзімізге қалады. Мәселен, олар бізге курстарға бес миллион теңге берсе, соның 500 мыңы біздікі. Міне, сол сияқты тоғыз жобамызға бөлінген қаражатта, яғни, әр грантта өз үлесіміз бар. Тағы бір айтарым, бізде волонтерлікпен айналысатын жастар өте көп, әсіресе, ауылдарда. Негізінен, барлық жобаларымыз сол жастардың күш-жігерімен ұйымдастырылуда. Менің бұл салада 30 жылға жуық тәжірибем бар. Негізгі мамандығым мұғалім. Бұрын аудармашы болып жұмыс істегенмін. Біздің облыс тараған кезде мені осы бірлестіктің орынбасары қызметіне ұсынды. Мен қуана келістім. Содан бұрынғы төраға зейнеткерлікке шығып, Германияға кетті де, мен соның орнын жалғастырып қалдым, – деді Светлана Георгиевна бірлестік мүшелеріне арналған кеңседегі тіс емдеу мен оқыту бөлмелерін аралатып, Германиядан бөлінген қаражатқа алынған стоматологиялық орындықтың әлеуметтік жоба арқылы қариялардың қажеттілігін өтеп отырғанын мақтанышпен жеткізді.
Міне, осындай ауқымды жобалармен жұмыс істеп жатқан С.Корнеева сексенді, тоқсанды алқымдаған қариялар үшін емханаға барып кезекке тұрмай, кардиолог, психолог, гастроэнтеролог, басқа да дәрігерлерді өз кеңселеріне шақырып, әлеуметтік жоба аясында тегін қызмет көрсетеді. Әжелер кезек күтіп отырмайды, уақытында келіп кеткеніне өте риза. Оған қоса, қариялар келіп дәріс оқып, психологиялық ой-өрістерін кеңейтіп жататыны тағы бар.
Кезінде Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау институтын неміс тілі мамандығы бойынша тәмамдаған Светлана Георгиевна Қарағанды облысында туып, Целиноградта тұрған. 1973 жылы Көкшетау қаласына келіп, жоғары оқу орнына қабылданады. Ол сол студенттік кездерін сағынышпен еске алып, кафедраның өте күшті құрамы болғанын, қазіргі күнде олар да қартайып, орнын жастар басып, өздері Германияға қоныс аударғанын айтып өтті. Ал, өзі болса, тарихи Отанына оралған жоқ. Қазақстанда туған оның қазақ халқына деген құрметі де өзгеше. Қазақстанда білім алып, отбасын құрып, балаларын өсіріп-өндіріп, ұрпақ тәрбиелеу жолында биік белестерді бағындырып келеді. Бүгінде зейнеткерлікке шықса да, этно-мәдени бірлестікте жанашырлықпен еңбек етіп, жастарды тәрбиелеп, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалімен марапатталып, бірнеше Алғыс хаттар мен дипломдардың иегері атанған.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар