Еркеш Ибраһим (Еркеш Ебікенов) 1930 жылы 7 қарашада Ақмола облысының Балкашино селосында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Біраз жылдар Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып қызмет істеген. Сосын республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің Көкшетау облысы бойынша, бірқатар жыл Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі болды. Осы жылдар аралығында өзінің табиғи дарыны мен тынымсыз ізденісінің арқасында көрнекті ақын және журналист деңгейіне көтерілген әрі өзі туған жеріне балап, шексіз сүйіп өткен сұлу Көкшені ең көп жырлаған талант иесі.
Әр жылдары баспадан «Көкшетау көріністері» (1960), «Өмір өлмейді» (1963), «Жұлдызды жылдар» (1968), «Көктем күлкісі» (1974), «Махаббат теңізі» (1977), «Теміртау оттары» (1981), «Шұғыла» (1982), «Алау» (1985) өлеңдер және поэмалар жинақтары жарық көрген. Көзі тірісінде (1980) және қайтыс болғаннан кейін (2013) екі томдық таңдамалы шығармалары баспадан шыққан.
Ақын өмірінің соңғы жылдары өзі тұрып, еңбек еткен Қарағанды қаласында 1986 жылы қайтыс болып, сонда жерленген.
Жабал Ерғалиев,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері
Ақ көбігі ақ маржандай мөлдірей шашылған айдын көл тулап жатыр.
Жардың қабағына бауырымен соғылып тұрған мынау жалғыз қайық қана айтар мұңы, айтар зары бар жандай жағаға ұмтылады. Жағаға ұмтылады да мына баянсыз дүниеден жүрегі суынып, көңілі қалған пенденің кейпімен тіршілік-жағадан кері серпіліп, тұңғиыққа бір батып, бір шығып бебеулейді…
Қараңғы түнде мұңайып,
Толқынға малып тұмсығын.
Жағада жалғыз тұр қайық,
Маңайда меңіреу тылсым түн!
Менің де жарым сағынып,
Ойлардан небір айықпай.
Отыр ма екен жабығып,
Осынау жалғыз қайықтай!
Осынау бір жалғыз қайықтың мұңын да, зарын да осы бір жырымен, осы бір сырымен, осы бір әнімен айтып, осынау қасиетті көлдің сағыныш пен мұңнан жаралған терең тұңғиығына ой әлемімен, түпсіз қиялымен батып, мына дүниеден зар кешкен ақын Еркеш дәл қазір де Жалғыздық атты мәңгіліктің өшпес күйін шертіп тұрғандай.
Ақын Еркеш өз ғұмырында өмір бойы жағада қалып қоя берген, өмір айдынының жағалауына шығып қала берген осынау бір жалғыз қайықтай болып елестей беретіні бар мен үшін.
Жетім қалған лақ көрсем тітірейді жүрегім,
Мен де сондай ана сүтін ембегеннің бірі едім…
Көз алдымда елесі жоқ ең болмаса мұнартқан,
Мен сөздерін естігем жоқ, еркелеткен құмартқан.
«Ана дария» дейді ғой жұрт, ол теңізді кешпедім,
Арсалаңдап ақ мамаға, омырауын шешпедім,
Өлгенде де екі емшегі иіп жатты бұлақтай,–
дейді әжемдер, бұл бір сөзі қалай қояр жылатпай…
Соңғы сөзі депті әжеме:– «өсірерсің… жылатпай»…
Осы бір сөз менің үшін мәңгі сөнбес шырақтай,
Қорым жаққа жетелейді кейде мені шыдатпай!..
Ақын өмірінің Жалғыздық трагедиясы мен қасіреті «Ана дарияның теңізін кешпеуден» басталып, жан дүниесі өмірдің өгейлігі мен жалғыздығынан өрттелуден, өз жанын өз мұңымен әлдилеп тербеп, жетілу мен кетілуден құралып еді.
Жаратқан ием Ана-дарияның жағасына сәби Еркешті тұңғыш рет осылайша шырылдатып тастап кеткен тұғын…
Ана-дарияның жағасынан еңбектеп, шұғыла күнге ұмтылған Еркешіне туған жері кең құшағын жая, еркелете де білді оны. Өйткені, ол өзінің Ана-дариядан жалғыз қалғандығына қарамастан мына тылсым дүниеге ғашық еді. Сол дүниеге, сол өмірге өзінің ғашық екендігін ашық айтып, өгей тіршіліктің есігін жыр қоңырауымен қағып ашты:
Мен білмеймін, қайран ғұмыр қайда барып тоқтарын,
Жаңғырады жарық күнге жанымдағы сотқар үн.
Түңіледі өлең болып, ағылады жыр,
Жаутаң қағып жасынданып жарқылдаған оттарым.
Мен өмірге шын ғашықпын, шын егілем қызығып,
Мен өмірге шын ғашықпын, ынтық жаным үзіліп.
Суық құшақ, ызғырық түн телміргенің болғанда,
Аққан жұлдыз сияқтанып жарқ етермін созылып,
Сонда маған қарағайсың сүзіліп!
«Шын егіліп, қызығып, жаны үзіліп» ғашық болған сол өмірінде мәңгілік махаббатын, іңкәр жанын өзінің туған жерін жырлауға арнап өткен ақын Еркешіне, бұл күндері тау мен даласы, орманы мен көлдері іздеу салады, жоқтау айтады. Сыңсып ақ қайыңың іздейді. Айнакөлің шерлі бүгін, Оқжетпесің мұң-тұманның жаулығын шешер емес, ақын аға!
Өзің боп нәзігім де,
Дөкейім де,
Көкшетау
Сен жүресің көкейімде,
Сағынған қазір осы сәттерімде
Шіркін-ай,
Самалың боп кетейін бе?!
Әлде бір ақ жаңбыр боп жетейін бе,
Әлде мен аңызғақ боп кетейін бе,
Сағынған қазір сені сәттерімде,
Бұрқап бір бораның боп өтейін бе,–
деп ет жүрегімен сағына білген Көкшетауы да өз ұлын, өз ұрпағын, өз ақыны, қайран Еркешін қайтып сағынбасын?!
Сағынады, сағынады, әрине!
Осы бір туған еліне деген сағыныш атты құдіретті сезімнің иірімі өз ғұмырының соңғы жылдарын Қарағанды жерінде өткізген Еркеш ақынды өз тереңінен талай-талай батырып жібергені де бар.
Еркеш ақынның жүрегін Көкшетауға деген алапат сағыныш өртеп кеткен жоқ па екен осы?!
Еркеш ақынның неғайбылдан демінің үзіліп қалуы Көкшетауының бір жұтым ауасының жетпей қалғандығынан емес пе екен әлде?!
О, шіркін асқақ қарап тұрысын,
Оқжетпесім! Сөз жетпесім, ырысым,
Көкшетау, көктемдегі сиқырың-ай,
Кернеген бұл кеудемді күй тілің-ай!
***
Табиғатта таңдай болса сен боларсың, Бурабай,
Көлкілдеген толқынында бұлтыңдайды сынған Ай!
Міне, өзінің Көкшетауының қасиетін осыншалықты үзіле, терең ой, ғашық жүрегімен, іңкәр көңілімен асқақ жырлай білген ақын:
Кешір сен мені қайран Көкшетауым,
Толқындар тарпуына шыдамадым, –
деп шет айырылып кеткенімен, өзінің «бірде алдын, бірде артын беретін» баянсыз тіршілігінің жағалауына шығып қалып, туған жерінен жырақтап, «ойлардан не бір айықпай», жағадағы жалғыз қайықтай екінші бір күй кешкендігі осы бір кезең-тін.
Ақын Еркеш Ибраһимнің творчествосы жайында сөз болғанда бұдан бұрын айтқан жайды бір қайталағым келеді. Қасиетті Көкшетауды небір жыр дүлдүлдері жырға қосқанымен, өз сүйіспеншіліктері мен көңіл іңкәрлігін ешқайсысы ақын Еркештей жеткізе алмағандығын ұғынасың. Ұғынасың да Көкшетаудың бауырынан түлеп, әсем өлкенің қасиетін жырымен, әнімен әлдилеген Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Сәкендерден кейінгі Көкшетау жыр дастанын жалғастырған ақын Еркеш Ибраһим!
Әуелі Ана-дария… онан соң туған жері қалдырып кеткен «Жалғыздықтың» жағалауын қалың ой, терең мұң, ыстық бір сағынышпен жағалап әрі-сәрі болып жүрген шағында ақын Еркештің қайық жүрегін аяулы жары да өмір толқынына жалғыз тастап, ол да баянсыз дүниеден баз кешті.
Қалқамай, қас қағымда жалғыз тастап,
Шашымды енді ағарған қаралы еттің,
Шашымды енді ағарған қаралы еттің!
Сәбидей шырылдаған ақынның бұл үніне де мына жалған дүние тіл қатқан жоқ еді. Омырауын жас жуған ақынның үні зарлы болғанымен, жүрегінде Ақылдай серігінен, Ақылдай жарынан өшпейтін жалын, суынбайтын мәңгілік махаббат қалғанына қайран қалар едің!
Ей, ғасыр,
Менің сондай болған жарым.
Мен үшін аямайтын қайран жанын
Жаралған махаббаттың бір гүлі еді,
Құлпыртқан қылығымен арман бағын.
Құт еді дастарханы кемімеген,
Қаңтарды көктем қылған деміменен.
Соңынан аяулымның, қайда барса,
Жүретін ақ қозыдай еріп өлең!
Достармен жан-жағымды арай қылып,
Шырқатқан бұл басымды талай биік!
Осындай махаббаттың әулиесін,
Апырмай жерге бердім қалай қиып?!
Міне, өз жарына деген осыншалықты сүйіспеншіліктің «Апырмай жерге бердім қалай қиып» деген күйігі ақын жанын өртемей тұра алушы ма еді?!
Күйдірген жанды ыстық жас,
Қалай көзден ытпайсың,–
деп ақын жүрегі жар күйігінің зар әуенін былайша бір төккені бар-ды.
Енді сен ауа жұтпайсың,
Көрмейсің күннің сәулесін.
Көшеге бірге шықпайсың,
Жүрмейсің бірге сеулешім.
Күн етіп маған өзіңді,
Балқытқан, балқып сүйдірген.
Қап-қара мойыл көзіңді,
Топыраққа қалай қидым мен.
Құлпырған қолаң шашыңды,
Енді сен тарап жумайсың.
Ойнатып қиғаш қасыңды,
Айнада күліп тұрмайсың!
Өмірдің өкініші бұл! Ақын Еркештің бұл өмірден соңғы бір зар кешіп, зарланып өткен өкініші еді бұл.
Әйтеуір көңілге дәт балаларым,
Тірліктің бөліп жесіп қара нанын.
Оларға әке де мен, шеше де мен,
Білмеймін ақыр түбі не боларын,
Білмеймін ақыр түбі не боларын?!
Өз ғұмырында мынау өмірдің үш бірдей дариясының жағалауынан баян таппаған ақын жүрегі «Білмеймін ақыры не боларын»,–деп мұңға батқан жетім көңілімен беймәлім жағалауға қайығын бұрып, ескегін есіп жүре беріп еді. Сол бір беймәлім жағалауға сол бір жалғыз қайыққа мініп аттанған ақын Еркеш жете алмай кетті. Айдын көлдің ен ортасындағы Мәңгілік атты аралда мәңгілікке қалып қалды ол. Ақын Еркеш өмір бойы сағынып өткен өзінің қасиетті Көкшетауына жете алмады. Толқындар ол мінген жалғыз қайықты ғана жағалауға алып келді. Сол қайық қой әне, анау тұрған мұңайып!
(«Егемен Қазақстан», 29 наурыз 1996 жыл).
(«Көкшетау» газеті, 8 қарша 2000 жыл).
Көкшетау, айналайын келбетіңнен!..
Еркеш Ибраһим
Көкшем менің күздегі
Көкшетау, айналайын келбетіңнен,
Бар ма екен сенен ардақ жер бетінде.
Шалқыған ол шеті мен бұл шетінде,
Қарашы ақ бидайға тербетілген!
Мен ғашық сырларыңа тұнып жатқан,
Ұйыған ақ уыздай діріл қаққан.
Жаңғырған шыңдарыңа құлақ тігем,
Сұңқылдап ғасырларға бір үн қатқан.
Арманың армандардың төрін күткен,
Сол үшін ұлдарынан өр үн күткен.
Ақтарып сандығыңды жатырсың-ау,
Шашу ғып алтын дәнді көрімдікке.
Таңменен таранасың аққудайын,
Теңіздей тебіреніп ақ бидайың.
Орманың тоты құстай құлпырады,
Лапылдап ақ жалын мен аққу қайың.
Көк терек қызыл шоқтай шиеленіп,
Ойпырмай кетесің бір киеленіп.
Жартасты жарып шыққан қарағайлар,
Көк түске жалғыз өзі иеленіп.
Кетесің күз келгенде алтынданып,
Бар-барша жапырағың балқып-жанып.
Құлпыртып қырларыңды алаулатып,
Шолпылдап көлдеріңде алтын балық.
Шертеді небір ғажап ертегіні,
Ұстайды айна көлдің еркелігі.
Ұқсайды сонда маған Оқжетпесің,
Сияқты замандардың бел темірі.
Көкшетау, Оқжетпесім, Жұмбақтасым.
Аспаның өзіңменен құндақтасым,
Сен бе екен әулие жер әлемдегі,
Алдымен ашатұғын жыр қақпасын!
Ән болып аспанымда аңқылдайтын,
Дән болып туған жерге толқындайтын.
Жыр болып қаламынан тамылжитын,
Құс болып көкірегімде қаңқылдайтын.
Сыр болып кеудемдегі сыбырлайтын,
Жыр болып жұлдыздардай жымыңдайтын.
Ну болып сандуғаштар сайрап ұшқан,
Ту болып қолымдағы жығылмайтын.
Көкшетау, айналайын келтебіңнен,
Бар ма екен сенен ардақ жер бетінде,
Тасқындар ол шетің мен бұл шетіңе.
Қарашы ақ бидайға тербетілген.
Табиғат мықтыларды ғаламдағы,
Аямай берген екен саған бәрін.
Тіл шіркін жетер ме екен суреттеуге,
Ерлігін бауырындағы адамдардың!
Ата-баба мекені
Ол маңайдың күркірейді өзені,
Ол маңайдың қалың жыныс өзегі.
Күбір етсең бар төңірек жаңғырып,
Келгеніңді сыбырласпай сезеді.
Ол маңайдың сеңгір-сеңгір жартасы,
Шатқалдары – бейне түннің ортасы.
Сыбыр етсең бар төңірек жаңғырып,
Күңіренеді бірге қозып арқасы.
Күңіренеді бейне дабыл қаққандай,
Сонау алыс ғасырлар мұң шаққандай.
Қара тасқа құлақ тіге қаласың,
Ата-бабаң сырлар шертіп жатқандай.
Қара тастың арасында бұлақ бар,
Қара тастың қырларында сұрақ бар.
Сол сырларға, сол мұңдарға елеңдеп,
Елегізіп тербеле ме құрақ, тал?
Сол бұлақты – бұрымындай даланың,
Сол бұлақтың былдырлаған бал әнін,
Қара тастың көкірегін қақ жарған
Ата-бабам арманы деп қаламын.
Далада
Дала қандай тамаша, айхай, дала!
Қаздар самғап барады қай-қайдаға.
Қоңыр бұлт көкжиекте мамырлаған,
Дегендей: – Қалғып тұрмын, айқайлама.
Ете ме әлде әсер соның күші,
Даланың маужырайды тобылғысы.
Ұшқан қаз тамылжыған таң кезінде,
Сияқты самғаған бір көңіл құсы.
Көркіңе, айхай дала, жалтақ қағам,
Мен қалай жолаушылап дәл тоқтағам!? –
Жазғы шық мөлдірейді гүл үстінде,
Жасындай сағыныштың моншақтаған.
Тозған айна
Сен неге тұнжырайсың, тозған айна,
Ешбір жан әлде сені қозғамай ма?
Ақ жүзін толықсыған балап айға,
Телміріп ару әлде қарамай ма?
Жалт еткен жанарымен ол тіл қатып,
Шаштарын тарамай ма толқындатып?
Түріңе тұнжыраған қара өзің,
Әлде ол төңкермей ме қара көзін?
Көрген ем, серік қылған талай сені,
Ал бүгін секпіл басқан қалай сені?
Айтшы сен, айтшы маған, сұлу айна,
Табылған тәңіріндей сұлу қайда?
Сұлу қайда жанары мөлдірейтін,
Сен неге көрсетпейсің енді кейпін?
Сұлу қайда, алдында тұрып айқын,
Сәулем деп әлде кімге сыбырлайтын.
Мен-дағы сағындым ғой сол бір үнді,
Күбірле, күбірлеші соңғы күнді.
Соңғы рет гүл көйлегін киді қалай,
Жан досың жалғыздыққа қиды қалай?
Оңаша сырласайық осындайда,
Айтшы бол, айтшы маған, досың қайда?
Не болған, айна, сенің жүздеріңе?
Әлде бұл қамығудың іздері ме?!..
Сен-дағы әлде мендей жүдедің бе,
Менің де дақ жатыр ғой жүрегімде..
Кел онда, кел екеуміз жыр жазайық,
Не деген ұқсастық ед бұл ғажайып.
Күлмеңдер
Күлмеңдер, замандастар, заңсыз санап,
Жібі бар жүрегімнің жалғыз сабақ.
Жалғыз сабақ екен деп қысылмаймын,
Сондықтан әркімге бір ұсынбаймын.
Ұсынбан құлай сүйіп елтігенше,
Теңіз боп махаббаты көлкігенше.
Оның да балқығанша адал жаны,
О, мейлі, мейлі көзім қадалмады.
Күлмеңдер, замандастар, заңсыз санап,
Жанымның нәзік жібі жалғыз сабақ.
Керек ол өкініште қалмауыма,
Өзіммен ұрпағымды жалғауыма.
Айтуға жалғыздығын қысылмаймын,
Сондықтан әркімге бір ұсынбаймын.
Жүр, сәулем
Мен саған терем гүлін Сырымбеттің,
Мен саған әперемін нұрын көктің.
Өзіңмен аулақ түнде ай күзетіп,
Келеді Айыртауды күбірлеткім.
Сол үшін ен даланы дүбірлеттім,
Сол үшін жалын раушан гүлін ектім.
Өзіңмен өр толқында бірге жүзіп,
Келеді Айнакөлді дірілдеткім.
Мен саған шертем сырын Бурабайдың,
Кеткендей тебіреніп тулап айдын.
Мен саған жүрегімді ұсынамын,
Нұрындай бейне жаңа туған айдың.
Азсынсаң, берем гүлін Зерендінің,
Азсынсаң Айдарлының терем гүлін,
Көңілім ақ – сымбатындай ақ қайыңның,
Арманым даласындай өлеңдінің.
Азсынсаң, аспаннан от әперемін,
Бұл сенің бір отыңды өтегенім.
Сен, бәлки, теңіз болып буырқансаң,
Жартас боп ашуыңды көтеремін.
Келші, жаным, келсеңші
Келші, жаным, келші мұнда, Бурабайға барайық,
Айдын көлдің жағасынан Оқжетпеске қарайық.
Біздер үнсіз отырайық, сырларын көл сапырсын,
Келші, жаным, келсеңші тез, үнсіз не ғып жатырсың.
Өзіңді іздеп сағынғандай, міне самал жүгірді,
Балғын құрақ елеңдеді, толқын көлді қыдырды.
Не білді екен, не сезді екен толқын шіркін елгезек,
Қарауытқан қайықтыны қалам кейде сен бе деп.
Сонау белді, көкжиекті кернеп өскен тұр егін,
Самал ойнап өткен сәтте ол да менің жүрегім.
Кейде мұнда жел тұрады орман іші шуылдап,
Дән теңізі тербеледі, тербеледі суылдап.
Суылдаған сол дауыспен мені де үрей басады,
Сетінеп бір кетпес пе деп әннің алтын шашағы.
Сол егіннің ортасына егіз өскен бар қайың,
Сол арада, көз алдымда сен тұрасың әрдайым.
Жайлау
Жайқалған әсем екен бала қайың,
Қоя тұр шаруаңды, ал ағайын.
Ат екеш ат та аунап-қунайды ғой,
Мен де бір еш алаңсыз домалайын.
Аунайын, көгал төсін аймалайын,
Қайың боп сілкінейін, ойланайын.
Бұтақтай бүршік жарған майысайын,
Жанымды жапырақ қып жаймалайын.
Даланың самалымен таласпайын,
Желігін қос қайыңның тарасайын.
Демей ме, жаны жайлау мұндай сәтті,
Жанымды жайлау қылып жарасайын.
Әнеки желкілдейді бала шалғын,
Жасыл нұр бұл не деген қарашы алдың.
Шофер дос кеттім сонда машинаңды,
Жайлау болған жағаммен жаба салғын.