Карантин кезінде қоғамдық көліктер қалай қатынайды?

Ақмола облысының бас санитарлық дәрігері тағы да жаңа қаулыға қол қойып, карантиндік шектеулер күшейтіле түсті. Осы орайда, облыс аумағы бойынша жолаушылар тасымалына қандай шектеулер мен өзгерістер енгізілгендігі туралы облыстық жолаушылар көліктері және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Есім Оспановтан сұрап білдік.

Көкшетауда автобустар жұмыс күндері сағат 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін қатынайды. Ал, сенбі күндері автобустар таңертең 8.00-ден 10.00-ге дейін және кешкісін 17.00-ден 20.00-ге дейін жүреді. Ал, жексенбі күндері қалалық қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтатылады.

– Автобус жүргізушілері қатаң түрде маска тағып, қолдарына қолғап киеді. Егер қоғамдық көлікке маскасыз мінген азаматтар болса, оларға ескерту жасалады, талапты ескермейтіндер болса, жүргізушілердің оларды көліктен түсіріп кетуіне немесе отырғызбауына және айыппұл салғызуға құқылары бар. Автобустарды әрбір соңғы аялдамада санитарлық зарарсыздандыру жасалып, ішін желдетіп алу қажет. Бұл жерде адамдар ұстап тұратын тұтқалар мен ұстауыштарды да дезинфекциялау керек, – деді бөлім басшысы.
Қоғамдық автобустарда әлі де арақашықтық сақталмай келеді. Тәуліктің адамдар өте көп жүретін қарбалас кезеңдерінде автобустарды көптеп шығару бұдан бұрын айтылса да, оны ескеріп жатқан ешкім жоқ тәрізді. Себебі, жұмысқа барсақ та, келсек те, қоғамдық көліктердің ішінде әлеуметтік арақашықтық былай тұрсын, аяқ қоятын жер де таппай жататындар болады. Осы ретте, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:
– Қазіргі уақытта мектеп оқушылары мен студенттердің сабақтары қашықтықтан жүргізілгендіктен, оның үстіне бірқатар мекемелер мен ұйымдар қашықтықтан жұмыс істеуге ауысқандықтан, автобустарда жолаушылар азайды. Сондықтан, әлеуметтік арақашықтық сақталады деп ойлаймын. Ал, қарбалас сәттерде, мысалы түскі ас уақытында, үйге баратын кешкілікте қосымша автобустар шығады, – деді. Автобустардың осы айтылғанындай, көптеп шығып жүргенін неге байқамаймыз? Бұл арада, бәрі автобус парктерінің жауапкершілігінде ме? Осы ретте, көлікпен жүретін бастықсымақтар бір күн болсын, қарбалас сәттерде қоғамдық көлікпен бір жүріп көрсе ғой деген ой келеді.
– Облыстың өз ішінде жолаушылар тасымалдайтын тағы 12 маршрут бар. Олар атап айтқанда, Степногорск, Атбасар, Макинск, Шучинск, Астраханка, Капитоновка және тағы басқа бағыттарға жүреді. Әрбір рейстің алдында автобустарға санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіледі. Жүргізушілер мұнда да карантиндік талаптарды сақтап, маска тағып, қолғап киеді. Қазір пандемияға байланысты жолаушылар көп жүреді деп айта алмаймыз, сондықтан арақашықтық сақталады, – деді агенттік қызметкері.
Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың
7 қарашасынан бастап, Көкшетау қаласының аумағында санитарлық бекеттер орнатылды. Онда қалаға кірген-шыққан көліктердегі жолаушылардың дене қызуы өлшеніп, сауалнама жүргізіледі. Ал, 13 қарашадан бастап, өңірдегі эпидемиологиялық ахуалдың ушыға түсуіне орай, карантин тәртібі қатаңдатылды. Ендігі арада өзге аймақтардың тұрғындары ПТР тесттің нәтижесінсіз Көкшетау қаласына кіре алмайды. ПТР тест нәтижесі 3 күнге ғана жарамды екендігін ескеру керек. Тестілердің болуына санитарлық бекеттер бақылау жасайды. Қазіргі таңда соңғы шыққан қаулы да автовокзалдардың тасымалдаушыларына жолданып, қолдарына тиіп отыр.
Әсел ТҰРАР,
Ырысалды ШАМШИЕВА.
(Арнайы «Арқа ажары» үшін).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар