Қазақстанда Адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспарының жобасы әзірленді

Қазақстанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің Адам саудасына байланысты қылмыстардың алдын алу, болдырмау және оларға қарсы күрес жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының жобасы әзірленді. Жоспар адам саудасына қарсы іс-қимыл бойынша ұйымдастырушылық-практикалық іс-шараларды қамтитын 6 бөлімнен тұрады. Бұдан басқа, құжатта ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің құзыретті органдарымен, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдармен және т. б. ынтымақтастық мәселелері регламенттеледі.

Жоспардың жобасы бейнеконференция режимінде өткен адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 39-шы отырысында ұсынылды, содан кейін мүдделі органдарға келісуге жіберілді.

Айта кетейік, 2020 жылғы 22 қазанда өткен ҚР Президенті жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адам саудасына байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мен анықтаудың тиімділігін арттыру және адам саудасы мен мәжбүрлі еңбектің құрбандары болған шетелдік азаматтарды қоса алғанда, барлық адамдарға көмек көрсету бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Іс-шараға ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия хатшылығының меңгерушісі, Бас прокуратура, Жоғарғы Сот органдарының, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ішкі істер, денсаулық сақтау, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің, Сыртқы істер, жергілікті атқарушы органдардың   өкілдері қатысты.

Отырыста ҚР Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаменті Ұйымдастыру-талдау басқармасы бастығының орынбасары Қайрат Әбдіғалиев баяндама жасады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта ІІМ Бас прокуратура және Жоғарғы Сотпен бірлесіп заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірледі. Атап айтқанда, БҰҰ Палермиялық хаттамасына сәйкес «Адам саудасы» ұғымын кеңейту туралы сөз болып отыр.

Сондай-ақ кеңеске адам саудасының құрбандарына әлеуметтік қызмет көрсететін ҮЕҰ өкілдері қатысты.

«Қорғау-Астана» қоры жанындағы «Көмек» адам саудасының құрбандарын уақытша тұру және оңалту орталығының төрағасы Анна Рыльдың айтуынша, адам саудасының құрбандарына көмек кешенді түрде көрсетілуде.

«Біздің мекемеге келетін адамдарға баспана, құқықтық және психологиялық көмек, әлеуметтік қызметтер, құжаттарды қалпына келтіруге көмек көрсетеміз», – деді спикер.

Қазақстанда адам саудасына қарсы іс-қимыл бойынша жұмыс 2003 жылдан бастап ҚР Үкіметінің Адам саудасына байланысты қылмыстарға қарсы күрес, оларды болдырмау және алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспары шеңберінде жүргізілуде. Адам саудасының құрбандары үшін арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарты 2016 жылы Адам саудасының құрбандарын анықтаудың үлкен үлесі бар өңірлерде: Қостанай, Оңтүстік Қазақстан облыстары, Астана (Нұр-Сұлтан қ.) және Алматы қалаларында «пилоттық» режимде әзірленді және енгізілді.

Кейінгі жылдары адам саудасының құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және басқа да өңірлерде көрсетілді.

2016-2020  жылдар аралығында 700-ден астам адам 288 млн. теңгеден астам сомаға қызмет алды.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айының соңында ҚР Еңбекмині өңірлерге ұсынылатын қызметтердің үздіксіздігін қамтамасыз ету мақсатында дағдарыс орталықтарымен адам саудасы құрбандарына қызметтер көрсетуге мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша шарттар жасасудың бір жылдық жүйесінен үш жылдық жүйесіне көшу туралы ұсыныстар жіберді.

Бұдан басқа, дағдарыс орталықтарымен қамтылмаған 7 өңірде (Алматы, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстары және Шымкент қаласы) ҮЕҰ-ға Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлу жоспарлануда.

Естеріңізге сала кетейік, өзара іс-қимылды үйлестіру үшін комиссияға төрағалық ету ротациялық негізде жүргізіледі. 2014-2015 жылдары, 2018-2019 жылдары ҚР ІІМ жүзеге асырса, 2016-2017 жылдары, сондай-ақ ағымдағы жылдан бастап 2021 жылға дейін ҚР Еңбекмині жүзеге асыруда.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар