Ақмола облыстық «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен қазақ халық ауыз әдебиетін насихаттау және қоғамда ертегі айту дәстүрін жандандыру мақсатында «Ерте, ерте, ертеде…» атты онлайн байқау болып өтті. Тағылымы мол танымды іс-шараға облысымыздың Зеренді, Бурабай, Біржан сал, Ақкөл, Целиноград, Қорғалжын, Жарқайың, Аршалы аудандары мен Степногорск және Көкшетау қалаларынан барлығы 62 әже қатысып, өзара бақ сынасты.
Байқау шарты бойынша үміткерлер өздері білетін бір ертегіні немесе аңызды барынша көркем тілмен баяндап, бейнежазбаға түсіруі қажет болатын. Қазылар алқасы бейнебаяндардың сапасына, қатысушылардың баяндау мәнеріне, тіл тазалығына баса мән берді.
Жасырары жоқ, ұлттық сана, ұлттық тәрбие бесік жыры мен ертегі айтудан басталады. Ежелден келе жатқан осы бір ұлттық үрдістің тіні үзілмесе екен дейсің осындайда. Батыр Бауыржан Момышұлы: «Бірінші, балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Екінші немерелеріне ертегі айтып беретін әжелердің азаюынан қорқамын…» деген екен. Шынында да, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып, сан ғасырлар сорабынан сарқылмай жеткен құндылықтың бірі баланы бесікке бөлеу болса, ертегі айту дәстүрі де көнеден келе жатқан өнеге ғой. Осы орайда, өскелең ұрпақтың бойында адамгершілік, елжандылық сияқты абзал қасиеттерді дамыту, игі дәстүрлерді дәріптеу мақсатында көптеген танымы мол тағылымды іс-шараларды ұйымдастырып жүрген өңірлік «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі ұжымының еңбегі орасан екендігін баса айтқанымыз жөн.
Аталмыш байқауға әжелердің аса ыждаһаттылықпен дайындалғандықтары аңғарылып тұрды. Елімізде белең алып отырған аты жаман індеттен сақтану мақсатында кейбір әжелер немерелеріне бетперде кигізіп бейнебаянға түскен. Бұл да болса, қамқорлықтың белгісі. Степногорск қаласынан байқауда бағын сынаған Айсұлу Бейсекқызы болса, немересіне онлайн, яғни, телефон арқылы ертегі оқып берді. Оқып бермей, жатқа айтқанында бұл бейнебаян бұдан да әсерлі шығар ма еді, кім білсін?! Ал, красноярлық Светлана Қаби апамыз болса, бір ұл, бір қыз баланы дас-
тархан басына отырғызып, ертегіні әңгімелеп берді. Бір ерекше атап өтерлігі, соңында ас қайырған соң, балдырған бала бата берді. Қандай әдемі көрініс десеңізші! Өзінің жасы келсе де, ер бала отырғанда, әйел адамның бата бермеу керектігін бір көрініс арқылы аңғарта білген апаның даналығына қалай ғана тәнті болмайсың? Сүйсінесің һәм өнеге аласың. Мінекей, ұлттық тәрбие деген осы! Жалпы әжелердің қай қайсысы болсын, ұлттық дәстүрді берік ұстанған жандар екендіктерін байқатты. Бірі аңыз айта отырып, күй шертсе, енді бірі қымыз сапыра отырып, ертегісіне елітті. Енді бірі кесте тігіп, тағы бірі ұршық иіріп, енді бірі қыздарға шашбау тағып отырып, әңгіменің балақ бауын ағытты. Әсіресе, Күлсара Құмарбек, Ұлбикеш Бейсенова, Меруерт Үйсін, Ләззат Айдарова, Ақжамал Аймаханова, Раушан Қапарова, Ләтипа Итжанова, Бақыт Шәмшиева, Сипат Дүйсекеева, Шәрбану Жамалиева, Тазагүл Жәдігерова және тағы басқаларының тіл тазалығы, баяндау мәнері тәнті етті. Ерекше екпін түсіре айта кететін жайт қатысушылардың арасында өзге тілдің өкілі Пелагея Андреевана да өз өнерін ортаға салды.
Байқаудың шарты бойынша алпыс екі қатысушының арасынан үздік шыққан жеті әже ғана жүлделі және ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Онлайн байқауда оза шапқандардың арасында «Қасқыр мен қара тоқты» ертегісін айтқан көкшетаулық Майра Орындыққызы жүлделі 1 орынды иеленсе, «Ақылды бала» ертегісін айтқан Ақкөл ауданына қарасты Барап ауылының тұрғыны Күлсара Құмарбек екінші орынмен марапатталды. «Үш жалқау» ертегісімен қазылар алқасын тәнті еткен красноярлық Светлана Қаби жүлделі үшінші орынға ие болды. Сонымен қатар, үш бірдей ынталандыру жүлдесі тағайындалды. Ұйымдастыру алқасы тағайындаған ынталандыру жүлдесіне Ләззат Айдарова, Меруерт Үйсін, Ақжамал Аймахановалар ие болса, байқауда бағын сынаған өзге ұлттың өкілі Пелагея Көпжасарова «Ел бірлігі» қоғамдық қорының атаулы сыйлығына лайық деп танылды.
Байқаудың жүлдегерлері ұйымдастыру алқасының Алғыс хаттары және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Ұлттық құндылықты насихаттайтын осындай танымды іс-шаралардан алар өнеге көп. Ұрпақ сабақтастығы үзілмей, ұлттық дәстүр дәріптеле берсін. Әманда солай болғай!
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.