Коронавирустың өрши түсуіне байланысты карантиндік талаптар күшейтіледі

Ақмола облысының коронавирус пандемиясына байланысты қызыл аймаққа енуіне орай, сенбі, яғни, 28 қарашаға қараған түнгі сағат 00:00-ден бастап, жаңа қаулы күшіне енеді. Соған орай, Көкшетау және Степногорск қалаларында карантиндік шаралар қатаңдатылады. Бұл аумақтарда сенбі, жексенбі және демалыс күндері бірқатар мекемелердің жұмыстары тоқтатылады. Осы жөнінде облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина журналистермен өткен брифинг барысында жан-жақты айтып берді.

Өңірде аты жаман індет одан сайын өршіп барады. Бүгін осымен төртінші күн қатарынан «қызыл аймаққа» еніп тұрмыз. Қазіргі таңда, 25 қарашадағы мәліметтерге назар аударатын болсақ, 4836 науқас тіркелген, олардың 4209-ы емделіп шыққан. 210 адам облыс стационарларында ем қабылдап жатыр. Бүгінде облыстағы жұқпалы аурулар стационарларында әзірленген төсек-орындардың 23 пайызында науқастар емделуде. Соңғы тәулікте жаңадан 75 адам тіркелген. Пандемия басталғалы 86 адам індеттен көз жұмған.

Осы аптада 444 оқиға тіркелсе, өткен аптада 258 адам індетке шалдыққан. Байқап отырғанымыздай індет күш ала бастады. Өткен аптамен салыстырғанда 1,7 есеге дейін көбейіп отыр. Індеттің өрши түсуі фактілері Егіндікөл ауданынан басқа өңірлердің бәрінде анықталып отыр. Өткен брифингтерде айтылғанындай, індеттің таралуы бойынша Көкшетау қаласы алдыңғы орында тұр, бұл – түсінікті жағдай. Себебі, облыс орталығында халық көп шоғырланған. Мұнда қараша айында 646 адамның індетке шалдыққаны анықталды. Одан кейін Степногорск қаласы -128, Бурабай ауданында -88, Зерендіде -38, Бұландыда -31 жағдай анықталған. Қалғандарында жиырманың әр жақ бер жағында. Індет бойынша облыста анықталған жағдайлардың 59,5 пайызы Көкшетау қаласында. Мұнда індет анықталу жағынан өткен аймен салыстырғанда 4,5 есеге артқан. Осындай өте нашар көрсеткіштердің нәтижесінде карантиндік шараларды қатаңдатуға тура келіп отыр.

–Облыста коронавирустың белең алып бара жатқандығына орай, Ақмола облысының аумағы бойынша ағымдағы жылдың 28 қарашасы, сағат 00:00-ден бастап жаңа қаулы күшіне еніп, халықтың жүріп-тұруына белгілі бір жағдайда шектеу талаптары қойылады. Мәселен, Көкшетау және Степногорск қалаларына кіріп-шығу режиміне тыйым салынады. Бұл аумақтар бойынша орнатылған санитарлық бекеттерден өтудің де талаптары күшейтілді. Ал, осы екі қаладан басқа аудандар арасында жүріп-тұруға ешқандай шектеулер қойылмайды. Азық-түлік дүкендері мен дәріханалар Көкшетау

қаласында 20:30-ға дейін, басқа аймақтарда 22:00-ге дейін жұмыс істейтін болады. Ал, қоғамдық көліктердің қатынауы бұрынғыша сақталады, – деді облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Советқызы.

Бұдан әрі басқа мекемелер мен азық-түлік өнімдерін сатпайтын сауда орындарының, мектептердің жұмысы жайында да баяндалды. Сонымен бірге, бас санитарлық дәрігер бұл карантиндік талаптарды күшейту халықтың қамы үшін жасалып отырғандығын айтып, барлығымызды оған түсіністікпен қарауға шақырды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар