«Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы – мұғалім. Алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын ұстаздардікі» деп айтқан екен қазақтың кемеңгер ақыны Мағжан Жұмабаев. Міне, бүгін біз өз шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, өмірінің 25 жылын ұстаздыққа арнаған Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, физика-математика пәнінің оқытушысы Райхан Батқолдина туралы сөз қозғамақпыз.
Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарының бойындағы біз көріп жүрген негізгі қасиеттердің бірі – жаңалыққа құштарлығы. Аталмыш лауазымға екінің бірі лайық бола бермейді. Себебі, бұл қызметтің басты бір қажетті критерийі – ұжым мүшелерімен тіл табыса білу. «Кемшілік іздеу үшін тексеру ең нашар басқару…» деген пікірді жалау ете отырып, Райхан Балтабекқызының ұжым арасында көмекке келуге дайын тұратындығы, небір өзекті мәселелерді бірлесіп шешетіні және шығармашылық ахуалға, әріптестік қарым-қатынасқа ұмтылатыны ұжым арасында мәртебесін асқақтата түсуде. Сонымен қатар, педагогикалық жүйенің үнемі қозғалыста, үнемі даму үстінде болуы үшін оқу-тәрбие жұмысында жоспарлау мен алға мақсат қоюды жетілдіру жолында да жүргізіп келе жатқан жұмыстары жастарға қанаты қатқан маман болып шығуына септігін тигізіп отыр.
Қазіргі кезеңде білім берудің сапасын жақсарту, әдістемелік негізін өзгерту – заман талабына сәйкес туындап отырған қажеттілік. Өйткені, колледждің әр оқу жылы көптеген ғылыми жаңалықтарға, әлеуметтік өзгерістерге толы. Бұрын мұғалім оқу үдерісінде басты рөл атқарса, қазір колледж білім алушының іс-әрекетімен бағаланады. Бүгінде нені оқыту емес, қалай оқыту маңыздырақ. Сабақ барысында білім алушының ізденісі мен зерттеу дағдыларын қалыптастыра отырып, пәнге деген қызығушылығын арттырудың әдіс-тәсілдері баршылық. Заман талабына сай Райхан Балтабекқызының алдынан білім алатын шәкірттері әрдайым ізденіс үстінде жүреді. Бұған дәлел жыл сайын студенттері физикадан өткен Ұлттық интернет олимпиадасының жүлдегері атанса, осы физика пәні бойынша техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары студенттерінің арасындағы облыстық олимпиадада және I дәрежелі дипломға ие болған. Бұл ұстамы жақсы ұстаз еңбегінің жемісі.
Жаңашылдыққа жаны құмар Райхан Балтабекқызы 2019 жылдың қазан айында «Техникалық және кәсіби білім берудегі үздік педагог» облыстық байқауына қатысып, жүлделі екінші орынға ие болды. Ақмола облысының аудандары мен қалаларынан ұстаздық қызметтің биік белестерін бағындырған бес қатысушы додаға түскен болатын. Соның ішінде үш кезең бойынша жоғары ұпай жинап, қазылар алқасын өзінің еңбекқорлығымен, ізденімпаздығымен тәнті еткен колледжіміздің алдыңғы қатарлы ұстаздарының бірі – Райхан Балтабекқызы Батқолдина дегіміз келеді.
Ақмола облысы білім басқармасының Алғыс хаты, «Мұғалімнің жаңашыл көшбасшылығы: болашаққа көзқарас» атты республикалық онлайн семинарында сертификат, «Педагогикалық тәжірибеге шолу» таныстырылымы алаңында ең үздік идеясын ұсынғаны үшін грамота, «Алтын диск» IV республикалық конкурсының облыстық кезеңінің 3 дәрежелі дипломы сынды марапаттарға ие болған әріптесіміздің бұл жетістіктері 25 жыл бойғы үздіксіз ұстаздық қызметінің абыройлы бір нәтижесі. Киелі білім және өнер ордасында осындай сегіз қырлы, бір сырлы ұстаздарымыздың қызмет етуі біздей жас мамандарға үлкен үлгі-өнеге. Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Бүгінгі колледж білім алушылары, егер оқытушы оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады» деген сөзін өз ұстанымы мен мақсаты ете білген әріптесімізге қызмет жолында жаңа табыстар тілейміз!
Талшын МОЛДАҒАЛИ,
Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің
жастар ісі жөніндегі комитетінің төрайымы, театртанушы.