«Қоғамдық келісім» сарайында Ақмола облысының әкімі, Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының төрағасы Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен ассамблея кеңесінің отырысы болып өтті.
Еліміздің Тұңғыш Президенті күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы қарсаңында өткен кеңестің кезекті отырысында сөз сөйлеген өңір басшысы Ермек Маржықпаев, коронавирус пандемиясының қауіптілігіне байланысты шағын топпен кеңес отырысын өткізуге тура келіп отырғанын айта келе, «Елбасы белгілеген міндеттерді іске асыру бойынша Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының қызметі туралы» баяндады.
Отырысқа кеңес және облыстық ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктердің басшылары, мемлекеттік органдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Кеңес отырысы барысында Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының мүшесі, «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы М.Қиықов, Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің студенті Екатерина Коник, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің халықаралық қатынастар, тарих және әлеуметтік жұмыс кафедрасының меңгерушісі Ардақ Қапышев, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының менеджері Марина Ли, «Ел жастар» эксперименттік жастар театрының арт-директоры Хакім Хасамбай, «Ботай-Бурабай» ашық аспан асты музейінің экскурсоводы Юлья Кузьменко, Бұланды аудандық жедел жәрдем станциясының фельдшері Ринат Ахметовтар сөз сөйлеп, кеңеске қатысушыларды мерейлі қос мерекемен құттықтады.
Одан әрі кеңес қатысушылары Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының Үндеуін қабылдады. Кеңес отырысының соңында өңір басшысы Ермек Маржықпаев бірқатар мемлекет және қоғам белсенділерін Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойлық медалімен және пандемиямен күресте ерекше көзге түскен Қазақстан Республикасының азаматтарын көтермелеу мақсатында тағайындалған «Халық алғысы» медалімен марапаттады. Марапатталғандардың қатарында мемлекет қайраткері, «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің директоры Жабал Ерғалиев және «Акмолинская правда» газетінің қызметкері Нина Митчинова бар.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.