6 желтоқсан – Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының құрылған күні

Ақмола облысының прокуроры Айдос Майлыбаев: «Мақсатымыз – азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету»

Биылғы жылы тәуелсіз еліміздің прокуратура органына 29 жыл толып отыр. Тәуелсіз мемлекетіміздің прокуратурасы өз тарихын 1991 жылдың 6 желтоқсандағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ КСР прокуратурасының біркелкі жүйесін құру, оның өз бетінше жұмыс істеу еркіндігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» Қаулысынан бастайды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылдың 8 сәуіріндегі «Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгерту туралы» Жарлығына сәйкес, Ақмола облысының аумақтық құрылымына өзгерістер енгізілген болатын. Біржан сал, Бурабай, Зеренді аудандары Ақмола облысының аумағына енгізіліп, облыс орталығы Көкшетау қаласы болды. Осыған орай, аталған аудандар мен Көкшетау қаласының прокуратуралары да Ақмола облыстық прокуратурасының құрамына енді. Бұның алдында таратылған Торғай облысының құрамында болған Есіл, Жарқайың және Жақсы аудандары да Ақмола облысына қосылған еді. Қазіргі күні Ақмола облыстық прокуратурасының құрамында 17 аудандық, 2 қалалық және бір мамандандырылған прокуратуралар бар.
Облыс орталығы Көкшетау қаласына көшкеннен кейінгі жылдарда облыс прокурорлары болғандардың қатарында Әсет Мәлгаждарұлы Әділхан, Тыныбек Оңалбайұлы Оңалбаев, Сапар Қайыпұлы Қасымжанов, Серікбай Садықұлы Ерімбетов, Болат Қасымұлы Абдулов, Азамат Сембайұлы Жылқыбаев, Мұратбек Құсайынұлы Исадилов, Тимур Ғазизбекұлы Тәшімбаев бар. Біраз жыл облысымызда прокурор болған жоғарыда аталған азаматтардың көбі әлі күнге дейін түрлі жауапты қызметтер атқаруда. Әсет Әділхан қазіргі күні Қазақстан Республикасы прокуратурасы ардагерлері одағын басқарып отыр. Ал, Тимур Тәшімбаев болса, биылғы жылдың ақпан айында Елбасының шешімімен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары болып тағайындалды. Азамат Жылқыбаев қазір Алматы облысының прокуроры болып қызмет атқаруда.
Қазіргі күні Ақмола облыстық прокуратурасында 206 жедел қызметкерлер мен 35 мемлекеттік әкімшілік қызметкерлер еңбек етуде. Биылғы жылы облыс прокуратурасы 232 мың азаматтың конституциялық құқықтарын қорғауды қамтамасыз етті. Прокуратура қызметкерлерінің қолданған шараларының нәтижесінде мемлекет қазынасына 865 миллион теңге ақша мен 1 миллиард теңгенің мүлкі қайтарылды.
Жүргізілген мониторингтің нәтижесінде кадастрлық құны 26,4 миллиард теңге болатын 2421 жер телімі, нақтырақ айтсақ 1,5 миллион гектар пайдаланылмай жатқан жер анықталды. Қазіргі күні бұл жер телімдерін мемлекет иелігіне қайтару жұмыстары жүргізілуде.
Облыс орталығында азаматтардың арыз-шағымдарын қабылдау орталығы қызмет істейді. Орталыққа келген адамдарды прокуратура органдарының қызметкерлері қабылдайды. Биылғы жылы орталыққа 400-ден астам азамат келіп, шағымданды. Олардың бәріне заң шеңберінде қызмет көрсетілді. Қазіргі пандемия жағдайында прокуратура органдарына қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер бойынша шағымдану және сонымен бірге тексерулер мен прокурорлық ықпал ету шаралары электронды үкімет порталы арқылы және пошта байланысы негізінде де жүзеге асырылады.
Еліміздің басты мерекелерінің бірі – Тәуелсіздігіміздің 29 жылдығы да жақындап қалды. Келесі жыл еліміздің тәуелсіздігінің мерейтойлық – 30 жылдығы. Барша қазақстандықтар үшін бұл мерекенің орны ерекше екендігі анық. Прокуратура органында қазіргі күні 36 Тәуелсіздігіміздің құрдастары еңбек ететінін атап өткен артық болмас. Жастарына қарамастан, олар өздеріне жүктелген жауапты міндетті абыроймен атқаруда.
Прокуратура органдарында қызмет еткісі келетін жастар үшін жағымды жаңалық – қызметке қабылдау ережелері біршама өзгерді. Үміткерлер Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы құқық қорғау органдары академиясының іріктеуінен өтеді. Іріктеуден өткендер академияның 1 жылдық кәсіби даярлық курсында оқиды. Алғашқы кәсіби дайындық курсында оқыған кезінде үміткерлер 40 мың теңге көлеміндегі шәкіртақы алып тұрады. Кәсіби даярлықтан өткен үміткерлер қызметке қабылданады және сынақ мерзімінсіз бірден қызметін атқара бастайды.
Қоғам мен мемлекеттің, жеке азаматтардың мүдделері мен қажеттіліктеріне бағдар ұстанған прокуратура органдарының бас-ты міндеті еліміздің Ата Заңында белгіленген заңдылықтардың сақталуын қадағалау. Біз алдағы уақытта да прокурорлық қадағалаудың тиімділіктерін қамтамасыз етуге қажетті барлық шараларды жасайтын боламыз.
Құрметті әріптестер, сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңіз – Қазақстан Республикасы прокуратура органдары күнімен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, отбастарыңызға береке-бақыт, Отанымыздың гүлденуі жолындағы еңбектеріңізге жеміс тілеймін!

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар