Ар мен жан тазалығын сақтау парыз

Киелі атына заты сай Ақмола облысы, оның «Арқа ажары» газетіне, соңғы уақытта, елдің келешегі не болады, – деген тықыршу оймен: «Қазақ несімен қазақ?», «Тегімізге жат әулекілік» деген айдармен, тағы да басқа мақалалар жаздым. Газет басшыларына рақмет, ризамын, жарыққа шығарды. Ол мақалаларымда біреу білсе, біреулер біле бермейтін ел келешегі жөнінде біраз ой-толғау тұжырымдарым айтылды. Ондағым – елім, халқым, өздерінің асыл қасиеттерін біліп, ұрпақтарын, қиын-қыстау алмағайып заманда дұрыс жолға салып, бұлығыңқырап бара жатқан ұлттық қасиеттерімізді жалтақтамай меңгеріп, әдет-ғұрыптарын сақтап, әрі жалғастыра жаңғыртып әкетсе деген ой, мақсаттармен жазғандарым еді. Қозғай берсең, қоздай береді.

Білген тоқығаныңды ортаңа айтып жүрмесең – өзіңе күнә, ал, шын жүректен айтқаныңды айналаң елемесе, өздеріне күнә деген қағида болған соң (жасым да біразға келіп қалды), бұл жолы да біздердің күнделікті өмірімізде, мән бермей жүрген әттегенайымыз көбейіп, содан барып, ұлттық болмысымызға көлеңке түсіріп нұқсан келтіріп жүрген жерлеріміз, дүмбілездікке ұрынып бара жатқандығымыз әр жерде көзге іліге берген соң, көрген білгендерімді қаламға жармасып, қағаз бетіне түсіруге мәжбүр болып отырмын. Оның үстіне Абай хакімнің: «өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың»  – деген 37-ші қара сөзі де түрткі болды. Білген тоқығаныңды ортаңа айтып жүрмесең – өзіңе күнә, ал, шын жүректен айтқаныңды айналаң елемесе, өздеріне күнә деген қағида болған соң (жасым да біразға келіп қалды), бұл жолы да біздердің күнделікті өмірімізде, мән бермей жүрген әттегенайымыз көбейіп, содан барып, ұлттық болмысымызға көлеңке түсіріп нұқсан келтіріп жүрген жерлеріміз, дүмбілездікке ұрынып бара жатқандығымыз әр жерде көзге іліге берген соң, көрген білгендерімді қаламға жармасып, қағаз бетіне түсіруге мәжбүр болып отырмын. Оның үстіне Абай хакімнің: «өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың»  – деген 37-ші қара сөзі де түрткі болды. Әріден бастайын. Апатты, қайғы-қасіреті мол Екінші дүниежүзілік соғыстың жүріп жатқан кезі. Он жастағы буыны бекіп, бұғанасы қатпаған бала болсам да, жоқшылық не істетпейді, бір кісідей үлкендердің қатарына қосылып, қажысам да, қара жұмыс атқардым. Сол кездегі ашқұрсақ, жартылай жалаңаштық өмір, жас балаларды тез есейтіп, дірдектете жұмысқа жетелейді екен. Жұмалап аптаған ыстықта, басыма қолға түскен қағаздан қалпақ жасап, жалаң аяқ, қайыстай қара табан болып, табаның жарылып, сыздап ауырып, қан-жылым тілінсе де шоқаңдай жүгіріп жүріп, жаз бойы қой да, тайынша да бақтым, кей жылдары шөп шабу науқанына да қатыстым. Оныншы сынып бітіргенше жұмыста болдым. Күнге қақталып, ернім жарылып, қара бала атандым. Жасы үлкендерден қалыспай еңбек етіп, бірдей тер төгісіп жүргендіктен, олардың менен екі-үш мүшел үлкен болғандықтарына қарамай тең сөйлесетін дәрежеде ғұмыр кештім. «Әкесі құрдастың, баласы құрдас» – деген осындайдан шықса керек, дүниетанымым кемшілікпен күресуге бейімделіп кетті. Соның жалғасы, ғұмыр бойы, қандай лауазымды қызметте жүрейін, жасымның кішілігіне қарамай, үлкен ақсақалдар кезіге қалса болды, ішім бірден жылып, еркелеп, құрдастай, қалжың аралас шүйіркелесіп кететінім қаныма сіңген қасиеттердің біріне айналды……Жастайымнан үлкендермен бірге жұмыс атқарып жүргендегі аңғарғаным, көрші ауылда бір ағайын хал үстінде жатыр дегенді естісе болды, ол кісінің алдында кінәлары болса керек, қайсыбірі жұмыстарын біреулерге тапсыра салып, кешірім алысуға, бақылдасуға асыға, дереу жүріп кететін. Келе, үстерінен бір ауыр жүк түскендей, желпініп, көкірегі сергіп, жеңілденіп емен-жарқын жұмысын әрі қарай атқарып кете баратын. Ал, біреуге обалдық жасаған адам, ахирет сарайына аттанар алдында, жәбірлеген адамын шақыртатын. «Ағайын өкпеге қиса да, өлімге қимайды» деген бар ғой, көрместей болып, өкпелеп жүрген адамы, оған барып бақылдасатын, кешірісетін. Өз басыма, осынау қыруар жасқа келгенімде, маған жасаған көптеген адамдардың жат қылықтарынан, жапқан жалаларынан жапа шегіп, жүрегіме қаншама жара түсті. Ең соңында сырқатым бәсеңсімей атқарып жүрген қызметімді де тоқтатуға да тура келді. Бұл дүниеде сол жалақорлардың бәрі деуге болады, қазір арамызда жоқ. Алпыстың о жақ бұ жағында жауыздықтары тегін кетпей, өздерін өздері құртты. Солардың бірде-біреуі алдыма келіп, не шақыртып кешірім сұрауға, арын ақтап алуға беті бармай, көкірегіндегі желін баса алмай, аруақтана алмай, сол кір қалпымен ахирет сарайына аттанып кете барды. Ұлттық ұлы қасиеттерінен айрылғандықтарын аңғартып, артында қалған ұрпақтарына үлгі-өнеге, таза, арлы қасиеттерді көрсете алмады.Өзіме келсем өмірімде бір кісіден ғана кешірім сұрай алмадым. Басқа өңірге қоныс аударған болар. Есесіне, мені сол кісіге итеріп, күнәға батырған адаммен қызметтес болып жүріп, жібімей кеттім. Басқа да былықтары болған соң, жаназа намазына да бармадым. Шындығында араздасып кеткен ағайынды, алыстап кеткен достарды да қайта қабыстырар, ұлтты біріктірер ажал емес пе?Мағжан Жұмабаевтың:– Жан досым, бақытсызбын бара алмадым,Бақылдық ауызыңнан ала алмадым.Көз жасың, қасіретіңе мен кінәлі емДариға кешу сұрап қала алмадым, –деп, кейіп, мазалануында, күйінуінде қандай тазалық, арлылық, ұлылық жатыр десеңізші. Ақтық сапарға аттанып бара жатқанда, әркімнің кешірім сұрасып, арын ақтап, аруақтанып аттануы, әрі артында қалғандардың бақылдасып тазарып қалуы, мыңдаған жылдар өтсе де ұлылығымыздың кіндігінің үзілмей келе жатқан теңдесі жоқ қасиетімізде жатса керек. Содан барып елдік тұтастығымыз, жасаған тәңіріммен ұштасып, сонау көне заманнан, автохтонды шет шегі жоқ жерімізді сақтап көзіміздің қарашығындай жан алып, жан берісіп, бүгінге жетуіміз, ұлттық белгіміз, ар тазалығымен екі дүниенің сабақтастығының нәтижесі деуімізге болады. Әрі соңғы мұз дәуірінен кейін дүниежүзі халықтарының қара шаңырағын мызғымай ұстап отырғандығымыздың өзі, талассыз, ғажайып феномен – ұлы құбылыс. Осынау рухани байлығымыздың бір ұшы, жаратқан иеміздің қолдауымен біздің тазалық, арлылық, бірлігімізге, мәдениетіміздің тамырының өзі тереңнен нәр алып келе жатқандығын біздің қандасымыз Анахарсистің (б.д.д. VII-VI ғ.ғ.) Медоку деген адамға жазған хатында: «… Скифы радуются чужому благополучию и стремятся к тому, что им возможно достигнуть; а ненависть, зависть и всякие погубные страсти они постоянно всеми силами изгоняют, как врагов» – деуінен-ақ аңғаруға болады. Біршама кейін, мұсылман дінін қабылдасақ та, бұл дін біздің көнеден келе жатқан мәдениетімізді тежемей, қайта, дем беріп, қоштап, әрі қарай дамуымызға ықпалын тигізді. Соның бір айғағы, пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с., (Оған Алланың ризалығымен сәлемі болсын) кісі хақысын жегендердің намазына бармауы, өзіне-өзі қол салғандардың жаназа намазын шығартпай, ортақ қорымға жолатпай, зираттың сыртына бөлек жерлетуі, біздің ежелден келе жатқан рухы биік, ар тазалығын ұстанып келе жатқандығымызды қолдауында жатса керек. Мұсылман діні догма емес, тұнып тұрған ғылыми дін. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. (Оған Алланың ризалығымен сәлемі болсын)1 хадисінде: – «Әр ел, мұсылман дінін қабылдағанымен өзінің әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, елдік қасиеттерін сақтап қалуға міндетті» демей ме!Ертеде, елге жау шапқанда, ауылдың ер азаматтары жаумен қарсыласып, жан алып жан берісіп жатқанда, әйелдері жаппай атқа қонып, қолдарына сойыл алып, ауылын жаудан қорғаушы еді. Сонда деймін-ау, бүгінгі қыз-келіншектеріміздің салт-дәстүр, көне мәдениетін ұмытып, талақ етіп, бетін бүркеп, қолапайсыз, икемі жоқ, етектері шұбатылған, орашолақ көйлек киіп жүрген сиықтарын қалай ғана түсінуге болар екен? Еліктеген осы екен деп, бас жарып, көз шығаруға бола ма? Әлгі әйелдердей шідерленіп жүріп, ұлттық белгілерден айрылсақ, олардан туған ұрпақ бізді жарға жықпай ма?Елімізді жаулап алуға келген парсының патшасы Кирмен соғысып, басын қан толтырылған торсыққа бөктірген Томирис (Таңырыс б.з.б. 570-518ж.) апалары, бүгінгі сіңілілерінің қылықтарын көрсе, оларды аттың бауырына алып, бастарына қамшы үйіруі күмән туғызбас еді. Имамдар көбік сөзді емес, көпке керекті уағызды неге айта білмейді, жалпақ шешендік кімге опа бермек?Біздер, өзімізді-өзіміз қайрап: «малым жаным садағасы, жаным арым садағасы», «Мен өзімнің тәуір қасиеттерімді білемін, сен менің мінімді айт» – деп, тектілігімізді ту қылып ұстанған ел, ұлыс, халық едік. Бұл заманда басымызға соншама, не түсті, ұлы қасиеттерімізден айрылатын? Арсыздыққа ұрынып, құйтырқы өтірікке толы көбік сөздерге мәз болып, жер басып жүруге ерінетіндей? Бос, көзін бақырайтып тұрып бетіне айтқан мадақтан не пайда? «Тамақтың иісіне ақшаның сылдыры» іспеттес нәрсе емес пе? Осынау ой Абай хакімнің еңбегінде де бар. Оны айтасың, сөйлесіп отырып, кез-келген қазаққа, оның мінін бетіне айтсаң – бірден-бір жауы боласың. Парадокс. Содан барып елімізде жалтақтар, қорғаншақтар, екіжүзділер, жалпақ шешендер, құлдық ұрушылар, алаяқтар, сайқалдар, жағымпаздар, көпшік қойғыштар, мәймөңкешілер, жарамсақтар, сылдырлар, сілімтіктер бетсіздер қара шегірткедей қаптап кетті. Тірісінде өзінің жасаған күнәларынан тазарғысы, арылғысы келмей, бақилыққа өз қалауымен аттанып бара жатса, «біліп, білмей істеген күнәсі болса, кешірім болсын, кешірім болсын! – деп имамның араша түсуі мұсылмандыққа, арлылыққа, адалдыққа, елдің бірлігіне көлеңке түсірмей ме? Имам, молда деген атаққа ие болғандардың 12 ғылымнан хабары болуы шарт қой. О дүниеге аттанып бара жатқандар, тірісінде тазармай, екі дүниені қатарынан ластап, кірлетіп бара жатса, біз сонда қай уақытта, қай мерзімде, қай жерде адалдыққа бой бұрып, қоғамымыздың адамгершілікті ту қылып ұстанған, арлы азаматы атанып, тазармақпыз, жасағанның адал құлы болмақпыз. Осындай қажетті дүниелерімізді дін басылары жүрген жерлеріндегі уағыздарында неге шегелеп айтпайды? Ұрпағымыз кімге қарап бой түзеп, үлгі алмақ.Елімізде бес мыңнан аса мешіт бар деп бөсеміз. Сол мешіттердің бұл күнде индульгенцияға – табыс көзі орталығына, Мағжан Жұмабаев айтқандай: «Бұл Мешіт, көк үй емес, қарын үйіне» айналып бара жатқандығы аңғарылмай ма? Мен оппозицияда жоқ адаммын, маған ақиқат пен шындық қымбат. Еліміздің азып-тозып, ұрлық-қарлыққа ұшырап, ұрылардың өзі, шаңдатып, ізін жасырып, ұрыларды ұстаңдар – деп жар салып жүрген қылықтарына, дін басыларының да ат салысып жатқандығы сезіледі. Ол дегенің мүфти, имамдар халықтың қалауымен емес, жоғарғылардың қалауы бойынша тағайындалуынан. Содан барып мәдениетіміз билікке де, дін басыларына да қажет болмай барады. Бос мәймөңке. Діннен, ділден алшақтады деген осы болар. Әйтпесе, асылып, сотталып, атылып кетсе де халықтың сөзін сөйлейтін Имам, молдалар қайда? Мүдде, мұратты жоғары қойып, елмен, халықпен бірге болмай, содан барып рухымыз басылып, намыссыздыққа ұрынып, жігерсіз тобырға айналуға бет түзегендейміз. Ондай болмаймыз десек, осынау қыруар кең байтақ жерімізге мыңдаған жыл ие болуымыз, рухымыз биік, кең қолтық, арымыздың мөлдір, көңіліміздің кіршіксіз ақ-таза болуы, өсіп, өніп келе жатқан біздерге – туған топырағымызда жатқан кіндігімізбен сабақтас аруақтарымыздың да арқасы екендігін ешқашан естен шығармау әр қазаққа міндет, парыз болмақ. Ұлттық намыс, ұлттық патриотизм, тегің, теңдесі жоқ бай тілің, бар болмысың, екі дүниенің сабақтастығында жатқандығын сезіну, ерекше жаратылған біздің ұлы мінезімізде болғанын ұғыну керек-ақ. Оған мысал мәңгілік өмірдің жоқтығын біліп, біздің көне заманнан өлімнен қорықпай, мағыналы өмір сүріп, батыл да батыр халық болып, аруағын ешкімге қорлатпай, жауын жеңіп отырғаны жөнінде 2,5 мың жыл бұрын, тарихтың атасы Геродоттың еңбегінде айтылған. Ата-баба аруағымен рухтану, қуаттану, қайраттану, сыйыну деген тек біздің мәдениетімізге ғана тән ұғым. Содан барып қабір басында марқұмға топырақ салу әр ер азаматқа міндет, парыз. Дегенмен, соңғы жылдары осынау үрдісті орындамай мәйіттің жаназ намазын шығарысымен жиналғандардың басым бөлігі асханаға тіке тартатын болып жүр.Өкінішті-ақ. Ал, мәдениетімізге берік Шоқан Уәлиханов әжесі қайтыс болғанда, ол кезде Трансібір темір жолы жоқ заман. Ауыр да ұзақ жол жүріп, сонау Петербургтен Көкшетауға келіп әжесінің қабіріне топырақ салып кетті. Қандай ұлылық, мейірімділік!.. Басқа халықтардай емес, ата-бабамыз өлімнің өзін үш түрге бөлген. Қыршын жастағы азамат шейіт болса үйінің алдына қызыл ту тігіп қайғырған. Орта жастағы марқұм болса қызыл ала ту ілген. Мәшһүр Жүсіптің (1858-1931) еңбегінде Шорман бидің: «50-ге келмей дүниеден өткеннің арманы жоқ. Себебі, туған-туыстары, ағайындары, дос-жоралары қайғырады, қара жер қуанады. Қартайып барып дүниеден озсаң – ағайын, туғандарың қайғырмайды, қара жер қуанбайды» – деуінде шындық жатыр. Оған негіз – Пайғамбар жасынан асып, кезегі келіп, ұрпағының алдында ахирет сарайына аттанса ұрпақтары ақ ту іліп той жасаған. Мысалға, Жезқазғанның бағаналы, балталы руынан шыққан Шоқан Уәлихановтан аға сұлтандықты тартып алған Сандыбайдың Ерденінің асына ұрпақтары той жасап, 1860 жылқы 600 қой жұмсаған…Әйелдер, марқұм болған адамның жүрген ортасына атқарған ерен қасиеттерін жұрттың есіне салып, жоқтау айтқан. Сондай жоқтаудың арқасында Түрік мемлекетін ұйыстырған Көсем Алып-ЕрТұңғаның (Афрасиябтың б.3.б. VII-VI ғ.ғ.) аңыздық бейнесінің, оның түріктерді жау табанына салдырмаған аяулы ұлы болғандығы, сонау көнеден бүгінге жетуі ғажап дүние ғой. Ал, бұл заманда жоқтау айту тарс ұмытылған. Құр дауыстап жылап, бақыру. Жоқтаушысы болса сол адамның мәңгілігі ел аузында жасай бермек. Отағасысы бақилыққа аттанған үйдің жақын бауырлары қолына ақ байласа, қыз-келіндері, әйелдері тұтас ақ киген. Ұрпақ сабақтастығы деген ұғым осындай ғажайып әдет-ғұрыптарда жатса керек. Осындай киелі дүниелерге мән бермей, бұл заманда туған күн дегенді көршілерден қағып алып, арақ-шарапты судай ағызып, бос мадақ сөз естігенімізге мәзбіз. Және де азып бара жатқандығымыздың бір белгісі, жер-жерде ас беріліп жатқанда, әркім өз дәрежесіне сыни қарамай, содан барып, дастарқан басында өзінің отырар орнын білмегендіктен, асқа сән, мән берер, жөн айтар сыйлы ел азаматтарының сырылып, шетқақпай қалуы көңіліңді құлазытады. Көбіне дастарқан басында шатып-бұтып алған дипломы, ғылыми атағы барлар киелі төрді қор қылады. Ондайлардан ғибратты сөз, ортаға ой тастап отыру қайда, екі сөздің басын құрап айтары жоқ, дастарқанның берекесін кетіреді. Отырған қалың қауым кімге қарап бой түзерін білмей, әсіресе, жастар, мына ай ашық күн жарық заманда түзу жол таба алмай адасуларының бір ұшы осындайлардың кесірінен туындаса керек. Атам Тәуке, ылғи да бір орын кем отыр деп айтып отырушы еді. Сол есімде, әлгілерден қашқақтап жүруім қаныма сіңген, қашан да кем отырам. Әлгі оқтау жұтқан шіренбелер табаққа тартылған басты ұстап отырып, жаратып асқа дәм қайырып, бата да бере алмайды. Жаттанды бірдеңелерді зуылдатып, шын ниетімен адал дастарқанға мәнді ықылас білдіруден мақұрым.Қолындағы бастан, айнала отырған адамдарға тілек білдіріп, бастың әр жерінен дәм татқызып, риза қылу қайда, көзін алып үңірейтіп, құлағын кесіп шұнтитып, жасартатын қасиеті бар мидан дәм татпай, бір қойдың басында 13 түрлі дәм бар екендігінде шаруасы жоқ, домалатып итере салады. Төрдің киелі болғанымен қандастарымыздың қылықтары әлгіндей. «Жаман адам төршіл, жаман сиыр өршіл» – деген қағидаға ұрындырады. Абай хакім айтқандай: «Бас басына би болған өңкей қиқым»-дар жастарды жаңылтып, сеңге соғылған балықтай дәрежеге ұрындырып, үлкенді сыйлаудан мақұрым қылып, содан барып тәуір ұрпақ тәрбиелеудің тамыры үзіліп барады. Таяуда қазақтың бір отыздағы жігіті моншаның су буы бөлмесіндегі ысымаған тасына жөнсіз су құя берген соң, оған іреніш білдіріп едім, бетіме бадырая қарап, орысшалап, балағат сөз айтып тастады. Не дерімді білмедім… Ғұмыры былапыт сөз айтпаушы едім, 87 жасқа қараған шағымда аузымды қалай былғайын. Бұл жігіттің әдепсіз, көргенсіздігіне әрине үй ішіндегі үлкендері кінәлі. Оған қоса әдет-ғұрыптан мақұрым мәдениетін терең білмейтін, иман шошытар, сақал-мұртсыз, имам, молда атанып жүргендердің де кінәлары бар. Қалай ел болу керек, мұсылмандығымызды күнделікті өмірімізде қалай ұстануымыздың жолын айтудың орнына, қай-қайдағы аңыз, мифтерді мыжи төңіректеп, жүрген жерінде адамды мезі қылады. Көбі мағынасына түсінбесе де жаттап алған құран сүрелерін қалай болса солай, мақамсыз, қара дүрсінге салып, жөңкіле оқып күнәға батуда. Осындайда Мағжан Жұмабаевтың:Риялы, ораза, намазбенӨзіңді-өзің алдама.Әдепті болсаң онан даКөп жақының Аллаға! – деуі содан болса керек. Ендігі бір немқұрайлық, енжарлықтан мән бермей жүргеніміз, арамызға, сырттан бір қатерлі індет кірсе болды, оның етек жайып кетуі қынжылтады. Оған бірден-бір себеп, ертеректе әлде бір бас қосуға, асқа кешігіп келгендер: «Ассалаумағалейкүм армысыздар!» – деп басын иіп, қолын кеудесіне апарып ешкімге қол бермей, бос орынға отыра салатын. Қазір бұл дәстүр мүлде ұмытылған. Кім болсын, жапыр-жұпыр қол берісіп, қол алысып жатады. Осындайда қайта-қайта қолыңды жуа да алмайсын. Ал, асқа, жиынға келген адамдардың жүрген, тұрған ортасы бөлек, денсаулық деңгейі әр түрлі болғандықтан, олардың денесіндегі микроб, вирустарының күш-қуаты да сан түрлі дәрежеде патогенді, вируленттілері кезігіп, шүпірлесіп қол алысып жатқанда ауру жұқтыруда. Тіке мағынасына көшсек Абай хакімнің: «Адам бір – боқ көтерген боқтың қабы, боқтан сасық боласың өлсең тағы»-ға саяды. Көзге көрінбейтін денеңдегі микробтарды кірге салса, кәдімгідей, әжептәуір салмағы да бар. Өз басым осынау бір тұрпайы әдеттің кеселінен құтылу керектігін, жүрген жерімде сан мәрте айтып жүрсем де, құлақ асқандарды байқамадым. Тарихта халқымыздың қасіреті мол жұқпалы оба, шешек, тырысқақ т.б. ауруларды бастан кешкені мәлім. Қатарымызды да селдіреттік. ХХ ғасырда арамызға туберкулез ауруы дендеп кірді. Әлі де айыға алмай келеміз. Оған СПИД қосылды, елең етер түріміз жоқ. ХХІ ғасырға коронавирус жайылып тарады, одан да етегімізді жияр түріміз байқалмайды. Сонда біз неткен жайма-шуақтыққа, қалай болса солай жауапсыздыққа салынып барамыз? Қарасаң, біздерге бауырлас жапондықтар бір-бірімен кездескенде қол бермей, басын төмен иіп, құрмет көрсетеді. Қандай игілік, ғанибет. Осынау коронавирус қолдан жасалып таратылған індет ауруына ұқсайды. Демек, алдымызда талай жаңа жұқпалы аурулар пайда болатынға саяды. Келешекте, отыз жылдан кейін бір ақ миллиард халық қалады деген болжам да бар. Социологияның негізін қалаушы Ибн-Хальдунның (1332-1406): «Өркениет адамзатты құртып тынады» – деген болжамы, келешекте іске асатын болса, қазақ жер бетінен бірінші болып жойылуы мүмкін ғой. Бұған бірден-бір қарсы жолымыз дін мен ділді біріктіріп ғылыми түрде өмір сүруіміз қажет. Ең алдымен арамдық, хайуандық, жауыздықтың тамырын үзу, өзіміздің күндегі өмір харекетімізге байланысты, ар тазалығына жол ашуымыз қажет. Бұл күрделі мәселе, неше түрлі тәуір заң жазылғанымен («Если бы бумага имело свойство краснеть»,ке келіп тіреледі (Цицерон б.д.д 106-43). Күш әркімнің әділдігінде, тазалығында. «Өзіңе зиян болса да шындығын айт», –дейді пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. (Оған Алланың ризалығымен сәлемі болсын) мына жарық дүниеге келген екенсің, таза жүріп, таза тұр. Қорықпа – өлім хақ! Содан барып ата-бабаларымыз хақтың жолымен жүріп, ешкімнен қаймықпаған, тайсалмаған. Ал, жасқанып, әділдіктен айрылдың екен, азып-тозып, құлдықтың қамытын кидім дей бер. Мәдениеті жоғары, ары таза, тіліне, дініне, діліне берік ел басына қандай іс түспесін, жеңе білген. Қорыта келе айтпағым – бізге ұлттық сапа жетпей тұр. Басымызды біріктіре алатын, өткенімізді жаңғырта келіп келешекке жол сілтейтін – Әлихан Бөкейханов (1866-1937), Жұмабек Тәшенов (1915-1986), жікке бөлініп, тоз-тозы шығып жүрген немістерді тезге салып, басын біріктіріп, ұлы халық дәрежесіне көтерген Бисмарк (1815-1898) сияқты азаматтар болмай тұр. Шындап іздесек ел ішінен табуға болар еді, егер ниетіміз түзу болса. Осындайда елдің қамын ойлайтын жалпы ұлттық «Алаш» партиясы сұранып-ақ тұрғандай. Джавахарлал Нерудың (1889-1964): «Адам өне бойы артына қарай берсе, көзі желкесінде болар еді» – дегенін бір сәт естен шығармай, өмірге деген көзқарасыма сыни қарап, қоламтанып бара жатқан көнеден келе жатқан қасиеттерімізге орала беруім, Түріктен басқа еш елдің мәдениетінде жоқ, Тәңірімнің қайнар бұлағынан сусындап, ұштасып жатқан біздің мәдениеттің ескірмейтіндігінде жатса керек. Сол асыл теңдессіз дүниелерді әрі қарай дамытсақ, ілгерілетсек деген ойдамын. Мағжанның:… Тұранда жер жүзінде жер жеткен бе?Түрікке адамзатта ел жеткен бе?Кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиялТұранның ерлеріне ер жеткен бе?….. Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқаТүріктен басқа от болып жан туып па?Көп түрік енші алып тарасқандаҚазақта қара шаңырақ қалған жоқ па? –дегенін есімізге сақтап, еліміздің қара шаңырағын шайқалтпай елдігімізді қалай сақтап қалуымыз керектігі жөнінде біраз ой толғағандаймын. Ойға ой қосыңдар, ағайын!Нұр-Сұлтан қаласы.

Қасым Тәукенов,
мемлекет және қоғам қайраткері

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар