Жемқорлықпен күрес – мемлекеттік маңызы бар міндет

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен облыстық әкімдіктің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Жыл сайын желтоқсанның 9-ында Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні атап өтіледі. 2003 жылы жоғары деңгейдегі саяси конференцияда БҰҰ Бас Ассамблеясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы Конвенцияны қабылдаған еді. Бүгінде 140-қа жуық мемлекет Конвенцияға қол қойып, 80-і бекіткен. Қазақстан аталмыш Конвенцияны 2008 жылдың мамырында ратификациялаған болатын.
–Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған бірнеше негізгі міндеттерді белгіледі. Ол алдымен, транспарентті мемлекет, кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыруға және заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, бизнестің дамуына жағдай жасауға қатысты міндеттер. Осы бағытта облыста «Ақмола – адалдық алаңы», Ашық бюджеттердің интерактивтік картасы, Бизнес пен инвестиция-ны сыбайлас жемқорлықтан қорғау, «Adal komek», адалдық мектептері секілді жобалар іске асырылуда, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, тұрғындардың мемлекеттік аппаратқа деген сенімін арттыру және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясын жүзеге асыру мақсатында облыста сервистік әкімдіктер ашылып, жұмыс істеуде. Бүгінде барлық аудандық әкімдіктер, Краснояр селосының әкімдігі, туризм басқармасы, волонтерлік орталық, сот және құқық қорғау органдары осындай форматта жұмыс атқаруда. Үстіміздегі жылдың қараша айында қорғаныс істері жөніндегі департаментінде, желтоқсан айында қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде де сервистік орталық ашылды. Барлық мемлекеттік мекемелерде халыққа мейлінше ашық, әрі қолжетімді болу қағидасы ұсталынады.
Өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев кеңінен баяндап берді. Одан кейін «Ақмола – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Самира Тәйтенова сөз алып, өзі басқарып отырған мекеменің жұмысы туралы әңгімеледі.
Комиссия отырысын қорытындылаған облыс әкімі көптеген маңызды мемлекеттік істерде қоғамдық бақылау институттарының қатысып жүргенін, мемлекет пен қоғамның өзара әрекеттесуі үшін әкімшілік тосқауылдар қысқарғанын атап өтті.
–Мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен халқымыздың амандығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді іс-шаралардың жүргізілуіне байланысты. Осыған орай, мемлекеттік органдар жемқорлықтың алдын алу бағытында белсенді жұмыс атқаруы керек, – деді облыс әкімі.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар