Туған ауылын түлеткен…

Соңғы жылдары табиғаты көркем, топырағы құнарлы, айдынында балығы тайдай тулаған, орман-тоғайының бауыры жеміс-жидекке толы Зеренді өңірінде 22 ауыл жабылып қалды. Қошқарбай тауының етегіндегі үркердей Қошқарбай ауылы үдере көшіп жатқан кезінде ел азаматының араласуымен аман қалып, қазір шаруасын шалқытып отыр.

1991 жылы осы елдің тумасы Қайыркен Хасенов туған ауылын сақтап қалу үшін жеке кәсібін ашқан. Қара басының қамын ойлап емес, қараша ауылдағы қарапайым адамдар үшін жұмыс көзі болсыншы деп. Бір кезде 50-60 түтіні бар шоқ жұлдыздай шағын ауылда дәл сол сәтте небары 12-ақ үй қалған. Онда да негізінен зейнеткерлер. Күш-қуаты бар азаматтың бәрі жұмыс іздеп, жанбағар кәсіп іздеп, аудан, облыс орталығына қоныс аударған.
Бұл кезде іргедегі «Айдабол» кеңшарында тәп-тәуір қызмет етіп жүр еді. Жалақысы да толымды, үй жайы бар, көңілі сүйіп атқаратын жұмысы бар. Білдей бас мал дәрігері. Ауыл ақсақалдары келіп өтініш айтқан соң, сенім артқан соң туған ауылына қайтып оралуға мәжбүр болған.
– Сенің қолыңнан келеді,– дескен ауылдың үлкендері, –ата қоныстың қаңырап, иесіз қалғаны жарамайды, еңсесін тіктеп, ел қатарына қосуың керек.
Әуелі көп ойланды, қабырғасымен кеңесті, болашаққа жоспар құрды. Ауыл адамдарының туған топырағын тастап үдере көшу себептерін талдады. Ең бастысы, екі қолға бір күрек керек екен. Әйтпесе, бұл ауыл көзің қиып кететін жер емес. Қолдың саласындай ақ қайыңдар мен мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген ығы мол, егістік алқаптары өте құнарлы өңір. Үзіліп бара жатқан үмітке жалғау болғандай, Алтайдан алты отбасы көшіп келген. Экологиясы сын көтермейтін Арал өңірінен де осыншама шаңырақ Қошқарбайдың құт қойнауынан мекен тапты. Алғашқы жылдары егін егіп, азын-аулақ қаражат жинаған соң Қошқарбайдың болашағы бар екенін дәлелдеп қыр асып кеткен ауыл жастарын шақырды. Сөйтіп, жаңадан үш көше үй салынған. Қайыркеннің тірлігі қайырлы болатынына іштей кәміл сенген, ауылдан амалсыз көшіп кеткен жастар жағы орала бастады. Қошқарбайдың қотаны кәдімгідей құрылыс алаңына айналды. Жаңадан 26 үй салынды. Ал, шаруашылық болса аз уақыттың ішінде аумағы ат шаптырым астық, жанар-жағар май қоймаларын, кең де жарық мал базын, механикаландырылған қырман салып алды.
Бала басы құрала бастады. Күні кеше ғана тіршіліктің нышаны білінбейтін ауыл ортасы кәдімгідей балалардың шат күлкісіне толды. Міне, осы сәтте Қайыркен Сағдиұлының көкірегін қуаныш кернегені. Арманы да осы еді. Үзіліп бара жатқан үміт шырағы қайта лаулады. Жаратқан ие қуат берсе туған ауылының мерейін үстем етеріне өзі де сенді, жұртты да сендірді.
Бала көбейген соң 1930 жылы ағаштан қиып салынған, әбден ескіріп, еңсесі түскен мектептің тарлық ететіндігі анық байқалды. Оның үстіне қыста оқушылар жаурап шығады. Балаларын оқытатын мектеп қолайсыз болған соң ауыл жастары көшуге қамданып, қопаңдауы да әбден мүмкін. Шаруашылықтың өз қаржысымен мектеп салу қамына кіріскен. 1999 жылы негізгі мектепті салып берді. Жаңа жыл қарсаңында ашылу тойын тойлаған. Ендігісі ауылдастарының рухани әлемін нұрландыру. Осы орайда жатпай-тұрмай 2004 жылы жаңа мешіт бой көтерді. Пенде шіркінге керегі иман екен. Ата-ананың қадіріне жетуге де, бөтен қылықтан ада болуға да ықпалы тиіп жатыр. Ауылда ешкім ала жіпті аттамайды.
Биыл Ұлы Отан соғысына аттанған ауыл азаматтарының тізімі жасалып, ең көрнекті жерде соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіш бой көтерді. Әдеттегідей Қайыркен Сағдиұлы иманды істің басы-қасында жүрді. Шаруашылық есебінен мол қаражат бөлді. Ауыл адамдары да қарап қалған жоқ, барлығы ынтымақтаса бірігіп, ортақ іске үлес қосты. Нәтижесінде кейінгі ұрпаққа Отан деген ұлы ұғымды ұқтыратын, шейіт болған аруақтардың қасиетті есімін ел жадына салып тұратын тамаша ескерткіш бой көтерді.
Шаруашылық қанатын кеңге жая бастаған. Енді «Қошқарбай» серіктестігі құрылды. Төрт жарым мың гектар жерге егін екті. Ауыл адамдарына қысы-жазы жұмыс болсын деп қара малдың басын бір жарым мыңға жеткізді. Ауыл шаруашылығын игеру айтуға ғана оңай, әйтпесе қиындығы бастан асып жатыр. Ең алдымен техника қымбат.
–Мәселен, – дейді Қайыркен Сағдиұлы, – шаруашылықтың әр жылғы табысынан кемінде екі техниканы жаңадан алуға тырысамыз. Биыл бір комбайнды 61 миллион теңгеге алдым. Рас, мемлекет 25 процентін субсидия ретінде қайтарып береді. Соның өзінде адымыңды алға асырмайды. Оған тыңайтқышты, жанар-жағар майдың, қосалқы бөлшектің құнын қоссаңыз банкрот болып қалудың аз-ақ алдында тұрасыз. Осы арада бір ғана мысал келтіре кетейін, мәселен ауыл шаруашылығы техникаларына қажетті саймандар осыдан 5-6 жыл бұрынғы бағасынан бес есе қымбаттап кетті. Ал, біздің осыншама еңбекпен өсіріп отырған өніміміз қымбаттаған жоқ қой. Мемлекет тарапынан қамқорлық көрсетіліп жатқаны рас, бірақ, оның да тиімділігі көп емес. Жанар-жағар май бір литрі 170 теңгеден босатылады. Ауылға жеткенше 175 теңгеге түседі. Жанар-жағар май станциясында сатылып жатқан бағадан бар болғаны 5-6 теңгеге ғана арзан. Егер баға арасындағы айырмашылық көбірек болса бір жөн.
Бір жыл фирманың құрамында болды. Бірақ, ауылға шарапатының аз екенін байқаған соң бөлініп шығып, «Шоқ қарағай» шаруа қожалығын құрған. Осынысы дұрыс болыпты. Ауыл тұрғындары мал сүмесімен күн көріп жатқаны рас. Бірақ, соны бағалап өткізе алмайды екен. Қазір оңтүстік облыстардың кәсіпкерлері қара малды алып жатыр. Саудагерге тапсырғаннан осы аудандағы Мәлік Ғабдуллин ауылы жанындағы мал бордақылау алаңына тапсырған әлдеқайда тиімді. Олар тірідей салмағының әр келісін 750 теңгеден алады. Субсидия ретінде әр келісіне 250 теңге төленеді. Сонда тірідей салмағының әр келісі үшін тұп-тұру 1000 теңгеден алуға болады. Ал, саудагерге тапсырса, ауыл тұрғыны әр келісінен 300 теңгеден ұтылады. Егер екі жыл баққан, бордақыланған торпағыңыз 3 центнерге жетсе, бір басынан түсетін табыстың 90 мың теңгесінен қағылады екенсіз. Қайсысы дұрыс?! Міне, малмен күн көріп отырған ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартудың ел ескере бермейтін осындай бір жайы бар. Ал, өзге жерді қайдам, Қошқарбайда ауыл тұрғындарының жеке шаруашылығында мал бағуға мүмкіндік әбден тудырылып отыр.
– Жыл сайын ауылдың әр отбасына бес тонна шөп, бес тонна сабан, тиісінше жемді тегін береміз, – дейді шаруашылық басшысы, – Көкшетау қаласынан көмірін тасып әкелуге тегін көлік бөлеміз. Егер орман шаруашылығынан отын жаздырып алатын болса, оны да тегін тасып береміз.
Дәл осындай жағдай тудырылып отырса, неге мал бақпасқа?! Бағуын бағады-ау, табысы толымды болса. Бұл арада айта кететін тағы бір жай бар, ол мал терісі мен қой жүнінің кәдеге аспай жатқандығы. Шаруа басшылығының айтуына қарағанда, облыс орталығындағы жүн өңдеу фабрикасы қой жүнінің әр келісін 70 теңгеден қабылдайды екен. Бірақ, бұл туралы халық құлақтанбаған. Ал, ауылға келіп жүн жинайтын кәсіпкерлер әр келісін 23 теңгеден ғана алады. Екі бағаның арасындағы айырмашылық кәсіпкердің қалтасында.
–Бар ниетім осы ауылды ел қатарына қосу болғандықтан, келешегін көп ойлаймын. Менің ойымша жастар тұрақтап қалу үшін ауылда мәдениет орны болуы керек. Алдағы жылы өз қаражатыма селолық клуб салып берсем деп отырмын. Ғимаратын үлкейтіп салсам, ауылдық фельдшерлік-акушерлік пункті де, кітапханасы да сол жерде болар еді, – дейді Қайыркен Сағдиұлы.
Елге ел қосылып, тозған ауылдың топырағында қайта түлеген Қошқарбайға мойын бұратындар аз емес. Осы ауылдың күйеу баласы Андрей Окс көшіп келген. Бесас-пап механизатор. Қазақ тілін кей қазақтан тәуір біледі. Шаруашылық басшысы өз үйінің жанынан Андрей Оттовичтің шаңырағын көтерісуге көмектескен. «Түсі игіден түңілме» дегендей, алдынан жұмыс үркіп отыратын мұндай азаматтар қай жерде болсын керек.
Шаруашылық басшысының айтуына қарағанда, қазір қара жұмыс істейтін адам табу қиын. Ілкідегі қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта, түкірігің жерге түспей қататын сақылдаған сары аязда жанын жалдап жұмыс істейтін адам азайған. Азайғаныңыз не, жоққа таяу. Негізгі себебі, еңбек адамының қадірленбей қалуынан екен.
– Осы ауданды үш жыл басқарған бір әкім үш орден алып кетті,– дейді шаруашылық басшысы, – әрине, қызғанышпен айтпаймыз. Бірақ, көзіміз көріп жүр, мереке қарсаңында марапат үлестіргенде негізінен атқамінерлер ғана аталып, қара жұмыс істеп жүргендер қағыс қалады. Кешегі кеңес заманындағыдай ел еңбегі лайықты бағаланып, ынталандыру жұмыстары жүргізілсе, адамдардың ықыласы адал еңбекке ауар ма еді, кім білсін. Іргеміздегі Шағалалы ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын колледжімен шарт жасасып, әр жыл сайын үш-төрт түлегін жұмысқа тартып отырмыз. Екі жаққа да тиімді. Оқу орны түлегін жұмысқа орналастырса, бізге жұмыс істейтін маман керек.
Өтпелі кезеңнің өкпек желіне шыдамай, шалғайдағы шағын ауылдардың талайы жабылып қалды. Дені қазақ
ауылдары. Қошқарбайдың бауырындағы қайыры мол тірлікке қарап отырып, шіркін-ай сол елде дәл осындай бір азамат болса әлдеқалай болар еді деп ойлайсың. Шынында да елдің ел болуына, қатарынан қалмай, алға ұмтылауына Қошқарбайдың Қайыркені тәрізді бір жанашыр керек-ау!..

Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар