Еңбегімен еңселі әулет

Щучинск қаласында алпыс бес жыл уақыт бойы энергетика саласында еңбек етіп келе жатқан Шәймерденовтер отбасы тұрады. Адал еңбектерімен, өз жұмыстарына деген аса жауапкершіліктерімен ұжым мүшелеріне үлгі бола білген отбасы аудан орталығын жарықпен қамтамасыз етіп отырған іргелі өндіріс – Щучинск ауданаралық электр желілерінде еңбек етеді.

Әулеттің негізін қалаушы Қайырбек Дайырұлы энергетика саласы өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын баса айтады. Осы мамандықтың қыр-сырын меңгеруге бауырлары мен ұлы Самат та бет бұрған.
– Еңбексүйгіштік, жауапкершілік, берік тәртіп – осының бәрін мен әкемнен үйрендім, өйткені, электр энергетика саласы немқұрайлылық пен қателіктерді кешірмейді, – дейді Қайырбек Дайырұлы. – Егер лайықты энергетик болғың келсе, шешімдерде берік бол, электр қауіпсіздігі қағидаларын мүлтіксіз сақта және ең алдымен, өз мамандығыңды сүй, жұмысыңа адал бол, – дейді ол.
Білікті маманның бар саналы ғұмыры «Көкшетау Энерго» серіктестігіне қарасты Щучинск ауданаралық электр желілерімен байланысты. Ол бұл салада табан аудармастан 42 жыл еңбек етіп келеді. Еңбек жолын 1978 жылы Щучье аудандық электр желілерінің «Златополье» шағын станциясында қарапайым электрмонтердан бастаған ол, кейін инженер қызметіне ауысты. Кейінірек еңбек өтілі аудандық электр желісінің бас инженері қызметімен жалғасып, 2015 жылы кәсіпорынның басшысы болды. Қазіргі уақытта «Санаторная» шағын станциясында кезекші электрмонтері болып жұмыс істейді. Осы жылдар аралығында Қайырбек Дайырұлы «Көкшетау Энерго» серіктестігінің еңбек ардагері медалімен, вице-премьер Ә.Исекешевтің Құрмет грамотасымен, сондай-ақ, Ақмола облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Қайырбек Дайырұлы үлгілі әке, ұлы мен қызын тәрбиелеген жақсы отағасы, немерелері бар. Ұлы Самат ата жолын жалғастырып, ұзақ жылдар аудандық электр желісінде жұмыс істеді, қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласындағы шағын станцияда диспетчер болып еңбек етеді. Шәймерденовтердің әулет дәстүрін Қайырбек Дайырұлының үш бауыры да жалғастырып келеді. Олардың үшеуі де кезекші электрмонтерлар болып жұмыс істейді.
Ағымдағы жылы Қайырбек Дайырұлы құрметті зейнет демалысына шықты, алайда, ол зейнеткерлік жас жұмысқа кедергі болмайды деп есептейді, оның жоспарында туған кәсіпорнын дамыту игілігі үшін одан әрі де еңбек ету және өз білімі мен тәжірибесін әріптестерімен, жас мамандармен бөлісу бар.
Кәсібі нәсібі ғана емес, өмірінің мәніне айналған маманның өскелең ұрпаққа берер өнегесі өміршең екендігі даусыз.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар