Ақмола облысы «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен «Бабалар рухы – балаларға» атты облыстық онлайн байқауы болып өтті. Жыр додасына Көкшетау, Степногорск қалалары мен Бұланды, Біржан сал, Зеренді, Ақкөл, Бурабай, Астрахан, Целиноград, Қорғалжын, Есіл, Аршалы, Егіндікөл аудандарынан барлығы 7-14 жас аралығындағы екі жүзге жуық жас өрен қатысты.
Бізді ең әуелі батырлар жырын жатқа оқыған, білмекке ұмтылған білімпаз екі жүзге жуық баланың талабы қуантты. Себебі, Елбасы айтқан Ұлттық жаңғырудың бір тармағы қазақтың осы ерлік баянында, жауһар жырында жатқандығы даусыз ғой. Сонымен қатар, ұрпағымыздың тамырынан ажырамауы үшін де қажет қарекет бұл. Батырлар жырының ұлт руханиятында алар орны ерекше. Осы орайда, байқауды ұйымдастырған Ақмола облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің ұлттық құндылықтарды дәріптеуде атқарып жатқан еселі еңбегін атап өтуіміз керек. Ендігі орайда, бұл бастаманы жыл сайын дәстүрлі етіп тұрсақ, құба-құп. Жыл сайын лек-легімен батырлар жырын жатқа айтып отыратын өскелең ұрпақ ұлттық құндылықтың бағасын біліп өсері хақ.
«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, байқау барысында жырды жатқа оқығандар арасында тұсаулы аттай кібіртіктеп қалғандары да байқалды. Тағы бір ерекше екпін түсіріп айта кететін жәйт, елімізде орнаған карантин шараларына байланысты көп байқаулар, іс-шаралар онлайн форматына көшіп отыр. Осы орайда, «Адамнан айла асқан ба?» деген ойға қала беретінің бар. Кейбір қатысушылардың жатқа оқымай, білдіртпей қағаздан оқып тұрғандары, тіпті кейбірінің ауызын жыбырлатып, жай монтаж жасағандықтары да байқалды. Кімді алдаймыз дейміз-ау, сонда? Балаға бас пайда үшін жас кезінен өтірік айтуды, айла табуды ата-ана мен ұстаздардың үйреткені қалай?!
Бұл байқауға бір Бұланды ауданынан елу бала қатысқан екен. Сонымен қатар, Зеренді мен Бурабай аудандары да белсенділік танытқан. Бір Көкшетау қаласынан жиырмадан астам бала қатысыпты. Алайда, осындайда облыс орталығында мемлекеттік тілде білім беретін мектептердің оқушылары неге бой көрсетпейді деген ой келеді. Мәселен, Сәкен Жүнісов атындағы №18 қазақ орта мектебі мен Ақмола облыстық дарынды балаларға арналған мектеп интернатының, жүз жылдан астам тарихы бар М.Ғабдуллин атындағы көпсалалы мектеп гимназиясының дарынды ерұландары қайда?
Осындайда Қорғалжын ауданынан жалғыз өзі байқауда бақ сынаған жас өреннің талабы мақтауға тұрарлықтай. Байқауға жіті дайындалғаны да көрініп тұрды. Бұрынғының батырларындай атқа мініп, қолына қамшы ұстап, дала төсінде жыр оқып тұрған талапкердің болашағы зор екендігі байқалады. Бұл байқауда өзге ұлттың өкілдері де өз өнерлерін ортаға салды. Солардың арасында тілді шұбарламай, әр сөзді анық айтып, жүрекпен жеткізе білген зеренділік Леонид Кушунов өз қатарластарынан оқ бойы озық тұрды.
Әділ қазылар алқасына оңай болмағаны анық. Ақмола облыстық тілдерді оқыту орталығының басшысы Қаратай Төлекеев бастаған қазылар алқасының шешімімен жүлделі І-ші орынды Мырзатхан Бекарыс (Біржан сал ауданы) пен Арнұр Жалғасов (Бұланды ауданы) иеленді. Жүлделі екінші орынды Төлеубай Райымбек (Көкшетау қаласы, Станционный кенті) пен Ержан Ақтілек (Бұланды ауданы) өзара бөлісті. Ал, жүлделі үшінші орынға зеренділік Зибат Данияр мен Леонид Кушунов лайық деп танылды.
Ынталандыру сыйлықтарын Құттыбай Батырхан (Егіндікөл ауданы, Ұзынкөл ауылы), Айбек Еркеғали (Аршалы ауданы, Сарыоба станциясы), Кенжеболатов Ораз (Бурабай ауданы, Щучинск қаласы), Жеңіс Дархан (Көкшетау қаласы), Тілеухан Сырым (Степногорск, Қырыққұдық ауылы), Нұрсұлтан Еренбекұлы (Бұланды ауданы, Елтай ауылы) иеленді.
Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ұйымдастыру алқасының Алғыс хаттары мен жерлес ақын Қайырбай Төреғожаның балаларға арналған «Көкжиек» кітабы мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.