Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Сәдуов журналистерге 10 қаңтар күнгі облыстық мәслихат сай-лауында дауыс берудің алдын ала қорытындылары туралы ақпарат берді.
– Дауыс беру 10 қаңтар күні 20:00-де аяқталып, одан кейін дауыс санау басталды. Оны сайлау комиссиялары заң бойынша 12 сағаттың ішінде бітірді. Хаттамаларын толтырып, аудан, қалалардағы сайлау учаскелеріне тапсырды. Келіп түскен барлық хаттамаларды тексеріп, сайлауда дауыс берудің алдын ала қорытындыларын шығардық, – дей келе, Манарбек Сәдуов облыстық сайлау комиссиясы облыстық мәслихат депутаттығына «Nur Otan» партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы және «Адал» саяси партиясының партиялық тізімдерін тіркегенін, облыс бойынша тіркелген
519 633 сайлаушының 370 760-ы дауыс беруге қатысқанын айтты.
Облыстық сайлау комиссиясының алдын ала қорытындысы бойынша, «Nur Otan» партиясы – 275 414 (75 пайыз), «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 32 365 (8,90 пайыз), «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы –
32 398 (8,91 пайыз) және «Адал» саяси партиясы – 23 544 (6,47 пайыз) дауыс жинаған. 7039 бюллетень жарамсыз деп танылған.
– Осылайша партиялық тізімдер бойынша дауыс беру қорытындысына сәйкес облыстық мәслихаттың депутаттық мандаттары төрт партия арасында бөлінеді. Барлық хаттамаларды тексергеннен кейін жақын күндері сайлау комиссиясының отырысында депутаттық орындарды бөлеміз. Ақмола облысы бойынша барлығы 254 депутаттық орын болса, оның 32-сі облыстық мәслихат депутаттары, – деген облыстық сайлау комиссиясының төрағасы облыстық мәслихат депутаттығына аталған төрт партиядан қанша кандидат өткенін жақын күндері ресми хабарлайтындарын айтты.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.