Көпті көрген қария

Кезінде Қазақ ССР Жоғарғы Советінің екі мәрте депутаты болған Құлан Өтебайұлы жайлы бір үзік сыр

Қорғалжын өңірінің тумасы боп келетін осы қариямен жолығуыма себепші болған кісі – Совет Біләлұлы Жұмабаев. Ұзақ уақыт Целиноград ауданының Максимовка ауылдық округінің әкімі лауазымында қызмет етті.
Оған дейін Теңіз ауданында жұмыс істегесін атақты шопан Құлан Өтебайұлының өмірін жетік білді. Бір кездескенімізде ауданымыздың іргесіне көшіп келген осы еңбек ардагері жайлы сырға толы әңгіме айтқаны бар.
– Бүгіндері, жасы 90-нан асқан қария өмірлік жары Балташ Өкенқызы екеуі Өтеміс ауылында тұрып жатыр, – деді ол маған қарап. – Барсақ қуана қарсы алады.
Ауылдың шетінде орналасқан үйдің іші кең, бірден қонақжай дала қазағының пейілін еске салады.
Ақжарқын кісілер бізді көріп бәйек боп қалды. Немере-шөберелерімен отырған қос қария қазақы дөңгелек үстелдерін төрде отырған біздің алдымызға әкеп орнықтырды. Ежелгі ата дәстүрі бойынша дастархан беті бауырсақ пен қаймаққа, тәтті мен тоқашқа толып кетті.
Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның: «Әттең, бір кем дүние» деген сөзі ойыма оралды. Мыңғыртып мал айдаған кешегі дала еңбеккері балалары болмаса елдің жетегін ұстаған басшылардың назарынан тысқары қалған екен.
Құлан Өтебайұлы Қорғалжын өңірінің тумасы. Кеңестік дәуірдің қадір-қасиетін көп көрген кісі.
Облыстың озат шопаны, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің екі мәрте депутаты болған, кезінде 100 қойдан 105 қозы алғаны үшін Ленин орденімен, көптеген медальдармен марапатталған еңбек адамдарының бірегейі.
Ең бастысы, бұл кісі Ақмола – Тың өлкесінің орталығы атанғанда сонда еңбек қарқынын арттырған жастардың қатарында болған. Өмірлік жолын қысқа болса да мазмұнды естеліктермен ойға түсірген ол сол уақыттың ауыртпалығын, игілікті істерін бірден еске алды.
– Сонау Қиыр Шығыста жатқан Владивосток қаласында 4 жыл 2 ай әскери қызметімді өтеп келгеннен кейін әкемнің шаруашылығына ден қойып, әсерлі жастық шаққа қарамастан, бірден еңбекке араластым. 40 жыл бойы қой бақтым.
Еңбегім еш болған жоқ. Өткеннің бәрін жамандай беруге әсте болмайды. Мал басын көбейтіп, шаруашылықтың жұмысын ілгерілеткенім үшін – жоғары жақтан алған Мақтау қағаздарым мен медальдарым аз болған жоқ. Соның арқасында жоғары деңгейде ұйымдастырылатын мемлекеттік ізгі шараларға қатысып, небір тарихи тұлғалармен көзбе-көз кездескенім – мен үшін зор мақтаныш.
Тың өлкесі тұсында Н.С.Хрущевпен бірнеше мәрте кездестік. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болғанымда Алматы мен Москвада СССР Компартиясының Бас хатшысы Л.И.Брежневті, Қазақстанның еңбегі зор әрі тұлғалы азаматы Д.И.Қонаевты бірнеше рет кездестіріп, жасаған баяндамаларына құлақ астық.
Қорғалжынның мерейін көтерген ел азаматтары Әділхан Шабатов пен Ақтан Төлеубаев туралы Құлан аға толғана естеліктер айтты. Өмірден кетсе де – ойдан шықпайтын бұл қазақ жігіттерінің қайратты шақтарында жасаған еңбектері орасан.
Озат шопанның өмірлік серігі Балташ Өкенқызы дүниеге 12 сәби әкелген. Дала еңбеккерінің өмірін гүлдендіруде бұл нәзік жанды кісінің атқарған ісі жеңіл болмағаны белгілі.
– Біз Қорғалжынның «Абай» совхозында, Теңіз ауданының орталығы Баршында ел қатарлы еңбек еттік. Жаздың аптап ыстығында, қара күздің бет қарыған суығында қой бағу, оның төлін ит-құстан аман сақтап қалу – үлкен жауапкершілікті талап етеді, – деп еске алды өткенді асыл ана. – Жолдасым ол кездері жиі өтетін жиналыстарға, съездерге кетіп қалатын. Аттың үстінде отырып ұршық иіріп, балаларға кеудеше, бас киім, аяқ киім тоқудан жалықпадық. Сөйтіп елдің де, үйімнің де ырысының өсуіне шама-шарқымыз келгенше үлес қостық қой.
Теңіз ауданында жүргенінде Балташ Өтебай келіні депутаттар санатында болды. Үйде де, еңбекте де үлгі көрсетті.
Тәжірибелі шопан Құлан ағаның еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Ол үш жыл бойы жас шопандар ұжымына жетекшілік жасады.
Биыл бұл жандардың шаңырақ көтергендеріне тура 56 жыл толыпты. Балалары өмірде өз орындарын тапқан. Бірі Нұр-Сұлтанда, екіншісі – Көкшетауда, үшіншісі – Қорғалжынның Сабындысында, қалғандары Целиноград ауданының біраз елді мекендерінде ел қатарлы еңбек етуде. Қазақ атамыз: «Береке бастауы – еңбек» деп бекер айтпаған ғой. Ер жеткен ұл-қыздарының жастайынан еңбекке араласып өскендерінің арқасында бәрі де үлгілі жанұяға айналған. Бұған біз қариялардың әңгімесін тыңдап отырған шақта көз жеткізе алдық. Кішкене шөберелерінің еркеліктері қос қарияның жанарына қуаныш ұялатып, өмірлерін ұзартып жатқандарына ризалық сезіммен қарап отырдық. Бүгіндері олар ұлдарының кенжесі Еркеболатпен тұрып жатыр.
– Елдің болашағы – жастар десек, оларға жағдай жасауымыз керек, – деп әңгімесін сабақтады еңбек ардагері Құлан Өтебайұлы. – Заманды өзгертетін, келешекті гүлдендіретін – солар ғой. Тіпті, олар үшін ынталандырудың жолын да жан-жақты қарастырған жөн болар.
Шерхан аға айтпақшы, қазіргі кездегі бір кем дүние осыған да байланысты ма деп ойлайтынымыз бар. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін көтермелеу ісінің қалыс қалғанын көзіміз көріп жүр. Бұл көңіл аударуға уақыты жеткен мәселелердің бірі деп санау керек. Қоғамдағы алып-қашпа әңгімелер, түрлі дау-дамайлар – қашанда әділетсіздікке байланысты туындайды.
Еңбекші қауымның дәрежесі, олардың атқарған істерінің өтемақысы қашанда затына сай болғаны абзал.
Біз көңіл-күйі жарасқан ерлі-зайыптылардың қуанышы мен сыны аралас сөздеріне мән беріп, өткен өмірден бір салиқалы сабақ алғандай болдық. Жақсыны айту, кемшілікті көре білу – әділдікке бастар жолдың басы болмақ. Қос дәуірдің өмір үлгісін жайып салған асылдардың жасаған істері шын мәнінде ауызбен айтып жеткізе алмайтын ерекше бір өнеге. Ізгіліктің жолын әңгімелеген көреген жандарға Алла ғұмыр берсін деп тіледік.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.

Нұр-Сұлтан қаласы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар