Өңіріміздегі сулы-батпақты алқаптар жайлы білеміз бе?

Сулы-батпақты алқаптарды бүкіләлемдік деңгейде сақтап қалу және қорғау Конвенциясына 1971 жылы 2 ақпанда Иран мемлекетінің Рамсар қаласында қол койылды. Сондықтан да, бұл Рамсар Конвенциясы деп аталады және осы Конвенцияға қол қойылған күн 1997 жылдан бастап, Халықаралық сулы-батпақты алқаптарды сақтап қалу күні деп белгіленді.

Сулы-батпақты алқаптар – бұл жаһандық су айналымына және бірқатар маңызды химиялық элементтерге елеулі әсерін тигізетін ғаламшардың экологиялық жүйелерінің негізгі түрлерінің бірі. Сулы-батпақты алқаптар климаттың қалыптасуына елеулі әсерін тигізеді, биологиялық сан алуандығын сақтауға ықпал жасайды. Бүкіл әлемде сулы-батпақты алқаптар жұртшылықтың, ғылым мен өкіметтің тарапынан ынта қойып, назар аударып отырған объектілері болып табылады. Сулы-батпақты алқаптардың табиғи процестердегі және қоғам өміріндегі рөлі өте үлкен. Олардың ең маңызды экологиялық функцияларын атап өту қажет. Оларға: тұщы суды сақтау, жер үсті және жерасты ағындарын реттеу, жер асты суларының деңгейін бір қалыпта ұстау, судың табиғи тазаруы және ластауыш заттарды сүзу, оттегіні атмосфераға қайтару, атмосферадан алу және көміртекті жинақтау, климатты тұрақтандыру, әсіресе жауын-шашын мен температура жағдайына қатысты, жағалаудың жағдайын тұрақтандыру және топырақты эрозиядан сақтау, биологиялық алуантүрлілікті бір қалыпта ұстау, адам үшін практикалық мәні бар және қауіп төнген өсімдіктер мен жануарлардың мекендеу орнын қамтамасыз ету.

Біздің облысымызға қарасты Теңіз-Қорғалжын көлді жүйесі – республикамыз бойынша сулы-батпақты алқаптардың ең маңыздысы болып саналады. Бұл көлдер Қорғалжын қорығының құрамына кіреді. Қорғалжын мемлекеттік қорығы – екі қазақстандық қорықтарының бірі ЮНЕСКО дүниежүзілік мұрасының тізбесіне енсе, 1974 жылы Рамсар сулы-батпақты алқаптар тізіміне енгізілді. 2000 жылы Қазақстанның бірегей көлдерінің бірі – Теңіз көлі «Тірі көлдер» дүниежүзілік жүйесіне кірді. Өз кезегінде оның құрамына әлемнің ең бірегей көлдері кіреді.

Қорғалжын қорығы Нұр-Сұлтан қаласының оңтүстік-батысына қарай 130 шақырым жерде, Ақмола және Қарағанды облыстарының шектесетін жерінде орналасқан.

Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік белестері» 30 музейлік сабақтар жобасы аясында Халықаралық сулы-батпақты алқаптар күніне арналған «Біздің өміріміздің Эко-стратегиясы» онлайн музей сабағы өтті. Сабақ кезінде мектеп оқушылары «Табиғат және экология» залында Қорғалжын қорығы жайлы толық мәлімет алды.

Сулы батпақты алқаптар өзінің ландшафтылық ерекшеліктеріне және оларды адам баласының пайдалану жағдайларына байланысты ғаламшарымыздағы тез өзгеріске ұшырайтын экожүйе болып саналады. Сондықтан, мұндай алқаптарды сақтап қалуға ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Өңіріміздегі Қорғалжын қорығын сулы-батпақты алқаптарға қосу мәселесі қоғам тарапынан қолдау алды. Қазіргі таңда осы мәселе бойынша көптеген жұмыстар атқарылуда.

Дина КЕНЖЕҒҰЛОВА,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар