Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көркем сөздің шебері - АРҚА АЖАРЫ

Көркем сөздің шебері

Көкше өңірінің ардақты азаматы, белгілі жазушы-журналист, публицист Жанайдар Баймырзаұлы Мусиннің туғанына бүгін 85 жыл толып отыр. Ол қоғамның рухани, мәдени саласында үлкен орны бар асыл азаматтардың бірі. Аз ғұмырында үш роман, үш повесть, көптеген очерктер, публицистикалық мақалалар мен толғаулардан құралған бірнеше жинақтар және «Жер шоқтығы – Көкшетау» эсселік кітабын жазып, артына мол мұра қалдырды.

Отыз жылдан астам уақыт журналистік қызметті, оның ішінде жиырма жылдан аса редакторлық міндетті абыроймен атқарды. Жанайдар Баймырзаұлы облыс пен республиканың қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысып, бірнеше рет облыстық Кеңестің депутаты, облыстық партия комитетінің мүшесі, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтары басқармаларының мүшесі болып сайланды. Публицистикалық шығармалары үшін КСРО Журналистер одағының сыйлығына ие болды. «Құрмет Белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасының білім және мәдениет мекемелеріне есімдер беру туралы» Қаулысына сәйкес 1996 жылы 12 шілдеде Көкшетау қаласындағы қазақ педагогикалық колледжіне осы оқу орнының қайта ашылуына тікелей атсалысқан қоғам қайраткері, жазушы Жанайдар Баймырзаұлы Мусиннің есімі берілген болатын. Бүгінде жазушы есімін абыроймен иеленіп келе жатқан кәсіби білім ордасынан жыл сайын 12 біліктілік бойынша жүздеген түлек түлеп ұшып, республикамыздың түкпір-түкпірінде абыройлы қызмет етуде.Тәуелсіздікпен тағдырлас білім ордасы Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжіне биыл 30 жыл толды.
Колледжіміз осы уақыт аралығында тәуелсіз еліміздің жастарын өнер-білімге баулып, интеллектуалды және рухы жоғары дамыған орта буын мамандарын дайындауға өз үлесін қосып келе жатқан іргелі білім ордасына айналды.Колледж ұстаздары мен студенттері журналист-жазушы есімін ардақтау мақсатында қаламгердің шығармашылық жолын көрсетіп, ұлтына қалдырған мол мұрасының тәрбиелік мәнін түсіндіруде қыруар еңбек етіп келеді.
Жанайдар Мусин – өзіндік үні, айшықты кестелі тілі, ауқымды тақырыбымен қазақ әдебиеті туын биік ұстаған кең тынысты, қуаты мол, қарымды да дарынды қаламгер. Кейіпкерлерін сол кездегі дәуір тілімен сөйлетіп, қоршаған дүниені тартымды сипаттай білген жазушының 1977 жылы «Ақ алаң» атты алғашқы романы жарық көрді. «Ақ алаң» романы – адамның жан дүниесін, ішкі сезімін терең ашып көрсетуге айрықша мән берілген психологиялық роман. Романның сюжетіне соғыс кезіндегі ауыл өмірі, тылдағы еңбеккерлердің ауыр жағдайы арқау болған. Қай шығарма болсын, қашан, қалай жазылса да, көркемдік жағымен, қай дәрежеде жазылуымен бағаланары ақиқат. «Ақ алаң» – күш-қуат беріктігінің, махаббатқа адалдықтың жыры, ол – жақсылық пен жамандықтың, мейірімділік пен жауыздықтың, адамгершілік пен пасықтықтың мәңгі күресі. Қанды майдан соғыс жылдарында барлық ер азаматтар елін қорғауға аттанғанда, солардың орнын басып, тылдағы өмірдің бар тауқыметін нәзік жанымен көтерген қыз-келіншектер, әйел-аналар екені бәрімізге белгілі. Романдағы барлық оқиға желісі, кейіпкерлер шындықтан туындаған, өмірдің өзінен алынған, автордың өзінің басынан өткерген жағдайлары деуге болады. Соғыстың қайнаған тұсында, ер азаматтарынан айырылған ауыл тұрмысының аянышты халі, қиындыққа мойымай, тырысып еңбек етіп, жеңіске өзінше үлес қосқан кейіпкерлер бейнесі біраз шығармаларға ортақ қасиет.
Роман кейіпкерлері – соғыс апатына душар болған ауылдағы жаралы адамдар. Бірі ерінен, бірі баласынан, енді бірі іні, ағасынан тірідей айырылған қасірет шегуші сырты бүтін, іші түтін жандар. Осылай бола тұра, бойындағы оптимистік күш-қуатынан айырылмаған, қайсар адамдар образы баршылық. Олар Базаркүл, Қаудыр шал, Алтынай, Рахман, аудандық партия комитетінің хатшысы Ақылбек. Осыларға қарама-қарсы ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүрген, аз уақыттағы ел қиындығын өзінше жорамалдап, өздерінше пайдаланып, оңай олжа, жеңіл тіршілікке бейім болып шыққан Әйтіке, Түлкібай, Айнамкөздер бейнесі де бар. «Жау жағадан алғанда бөрі етектен алады» деп халық тегін айтпаса керек, осы философиялық тұжырым соғыс жылдары айна-қатесіз ауыл өмірінде кездескен шындық еді. Бұрын ел басқарып, шаруашылық мәселелерін тасқаяқтай қағып, көпшілік қамын ойлар тамаша азаматтар қан майданға аттанғанда, елде қалған қайсыбір, солақай, тайыз жандар осы мүмкіндікті пайдаланып, өз қарабасының қамын, нәпсі жолын ойлап, небір сұмдық пен сорақылық жолға түскен. Бұл – сол кездегі шынайы шындық. Шынтуайтына келгенде, ауыртпалық заманда жамандардың, пасықтардың сөзі іске асып, онымен күресер жанның белі қайысар еді. Автор осы шындықты ел арасындағы адал, арам жандардың қақтығысы арқылы әдемі мүсіндеген. Мұндайда жеңіске оңай жетпейтін жігерлі адамдардың бар қиын тіршілігін, азап пен мазаққа ұшырап барып, түбінде дегеніне жетер совет азаматтарының сол тұстағы қиын да болса жағымды образын шынайы бейнелеген.
Романдағы басты образ – Базаркүл образы. Табиғат тұла бойына аямай берген жас келіншектің соғыс жылдары ері майданға кеткенде ауыл ішінде қалған бірен-саран жігіттердің көзіне түсіп, солардың нысанасына ілігуі табиғи да, болған да шындық. Сол отты жылдары неше бір жас арулар қайсыбір жағымсыз жандардың, қалталы адамдардың қолжаулығы болмады? Бірі адамдық нәпсі жолына шыдай алмай, енді бірі соңына жарық алып түскен кейбір сұмдардың қысымына қарсы тұруға қажып, майдандағы ерін күтпей, басқаның босағасын аттаған, не өз ошағын бұзған. Осыған қарама-қарсы, қандай ауыртпалыққа түссе де, қандай тұзақ құрылса да ақылын басшы етіп, елінен, жерінен қымсынып, еріне деген махаббатын таза ұстаған талай-талай беті де сұлу, жаны да сұлу келіншектер болған. Әрине, бұлар сын сағаттағы азамат, батыр әйелдер еді. Сүйген жарын сұрапыл майданға аттандырып, үміт үзбей күтумен күн кешкен Базаргүлдің Ақжанға деген пәк сезімнен тұратын адал махаббаты, тірлік шырағданындай жарқырап қилы-қилы тағдыр тәлкегінен арандатпай аман алып шығады. Жұдырықтай Марданын медет тұтып, жарының жолына қарап оның аман келуі үшін ел қатарлы түн қатып, түс қашып, еңбек еткен жас ана арқылы дініне берік, парасаты биік қазақ келіншектерінің қиын кезеңдегі жиынтық бейнесі жасалған десек, артық айтпаспыз. Базаргүл – осы әйелдердің жиынтық образы. Базаргүлдің төңірегіндегі адал жандар арқылы адал әйелдердің образы шығарманы оқыған сайын жете көріне түседі.
Базаркүлге қарама-қарсы образ – Айнамкөз образы. Бұл да ерен сұлу, жүріс-тұрысы да қарасаң көзің тоймас көркем келіншек. Жазушы бұл кейіпкер бойындағы қателік-қасіретті шым-шымдап жеткізіп, ең аяғында күйреуге әкеп жеткізеді. Айнамкөздің басты айыбы – өмірге деген көзқарасы, қате ойы, адам туралы тайыз философиясы. Автор роман соңында Айнамкөзді өз қателігін іштей мойындатып, көзіне жас әкелтіп егілтсе де, оны түзелген адам қатарына қоспауы – заңды құбылыс. Бұдан басқаша болса, шығарманың шыншылдығына нұқсан келер ме еді.
Жазушы романда ішкі монологты қолдануы арқылы Базаргүл образын одан сайын аша түседі. Мысалы: «Ах, шіркін, қайран дүние, – дейді азалы әйел, – қызығына ұзағынан сүйіндірмей, өмірімді қысқа қайырып, күйіндіріп өлтірейін дедің бе? Жар зары, бала күйігі жетпеп пе еді бір басыма!.. Қызғыштай қорыған, адалдық асылына бағалаған арымды ақ төсегімде ойрандамақ… Өмір мен өлім арасында қан кешіп, ел намысын көтерісіп жүрген ер қайратын суалтпас алыстағы махаббатынан қара құзғын сусындамақ… Тірегім бәйтерегім – Ақжаным, сен опырылып құласаң да сойқын дауылмен арпалысып құладың. Бұралқы ит дауылпаз арланның мерт болғанын тілеп ұлиды. Құзғын шұқығанша, қара жер құшсайшы денемді». Міне, осылайша кейіпкерді дастандардағы арулардай тебірентеді. Еңбегін елге, махаббатын жарына арнап, ешкімге мойын бұрмай, жанына жан жолатпай, жалғыз отырып қалған адал да асыл жарлар көп. Соның бірі Базаркүл еді. Адал махаббат – Базаркүл сияқты жесірлердің жүрегінен туған екінші ерлік.
Жалпы, қазақ жазушыларының барлығы дерлік соғыс тақырыбына қалам тартқан. Көптеген шығармаларда соғыс салған тауқыметтерді қайыспай көтерген қайсар адамдар, әсіресе, тылда еңбек еткен әйелдер, аналар образдарының бейнесі жасалды. Дегенмен, жазушы «Ақ алаң» романында Базаркүл образын басқа шығарма кейіпкерлердегідей емес, жаңа бір қырынан суреттей білді.
Қазақ әдебиетінде жасалған әйелдер образының тамаша жиынтығының алғашқылары болып Зере, Ұлжан, Әйгерім, Тоғжан тұрса, орта тұсында Ақбөпе, Айша, Ботагөз, Раушан, Майра, Қорлан бейнелерін көреміз. Айғыз, Ұлпан, Мәриям тұлғаларын тағы да танимыз. Жазушыларымыз жасаған асыл ана образдары осылай біріне-бірі жалғасып жатыр. Гуманист-жазушы Жанайдар Мусин әдебиетімізге осы қатарға кіретін Базаркүлдей жанды, жаңа, тың бейне қоса білді.

Данагүл ІЛИЯС,
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі директордың тәрбие жұмысы бойынша орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар