Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұстазым туралы үзік сыр - АРҚА АЖАРЫ

Ұстазым туралы үзік сыр

Әр адамның өзінің өмірбаянына көз жіберіп, өткенін екшейтін кезі болады. Сол сәтте көңілінің түкпірінен өмір жолының белгілі бір саламен ағуына әсер еткен адамның тұлғасы қылаң береді. Мен үшін осындай жан – ұстазым Қызылгүл Нұрғалықызы.

Қарапайым да өр тұлғасы әрбір шәкіртінің жүрегінен берік орын тепкен Қызылгүл мұғалімнің бейнесі тек мен үшін ғана емес, алдынан тәлім алған кез-келген оқушысы үшін қымбат екендігіне дау жоқ. Апайымыздың өмір жолы кеңестік құрылыста өмір сүрген замандастарынан сәл бөлектеу, сәл басқашалау өрбіген екен. Қарап отырсаңыз, оның өмірі – басқалар үшін өз қызығы мен қуанышын, керек десеңіз, өсу жолы мен қызметін құрбандыққа шалудан тұратын сияқты. Қызылгүл Нұрғалықызы 1931 жылы қаңтардың 1 жұлдызында ән-жырымен әйгілі, қазақ тарихында аты қалған дараларымен даңқты Жаңақорғанда дүниеге келіпті. Қазақта «тартпай қоймас тегіне» деген сөз бар, апайымыздың шыққан жері – текті, қызметкер отбасы екен. Әкесі – Нұрғалы Тоқымұлы сол кезде аталмыш ауданның милиция бастығы қызметін атқарған адам.
Туған жері Жаңақорған болғанымен, ұстазымның өмірінің сабақталған, тамыры жайылған жері қазіргі Ақмола облысы. Ол түсінікті де, себебі, бұл аймақ – ата-баба қонысы, жекжат-жұрағаттарының ортасы. 1937 жылы Ақмола облысының Шортанды ауданына қарасты Күлшін ауылына көшіп келіп, осы жерде алғаш мектеп табалдырғын аттаған апайымыз 1944 жылы сұрапыл соғыс қиыншылықтарына қарамай, жеті жылдық мектепті үздік бітіріп, одан әрі оқуын Ақмола қаласындағы (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы) №2 Сталин атындағы мектепте жалғастырады. Келесі жылында халық ағарту саласындағы реформаларға байланысты (ұлдар мен қыздарды бөліп оқытудың енгізілуі) Сталин мектебі ер балалар мектебіне айналып, қыз балалар №4 Жамбыл мектебіне ауыстырылады. Апайымыз бұл мектепті 1947 жылы жақсы бағалармен бітіріп шықты. Аттестатына қарап отырсақ, орыс және қазақ тілінен төрттік бағалар шығып, басқасынан тек қана бестіктер болған екен. Осының өзі Қызылгүл апайдың мектеп қабырғасынан-ақ жаратылыстану-математикалық ғылымдармен айрықша жақын болғанын көрсетіп, ойлау мәдениетінің сол салаға жақын болғандығының куәсі болса керек.
Дегенмен, сол жылы апайдың оқуын одан әрі жалғастыруына мүмкіндігі болмады. Әкесінің ауырғандығына байланыс-
ты ауылына қайтып, өзі ұшқан мектепте математика және физика пәндерінен сабақ беріп, ұстаздық жолын бастайды.1948 жылы өмірлік жарын кездестіріп, тұрмыс құрып, жолдасы Кәкең (Кәкен Ахматуллин) екеуі қол ұстасып, Қазақстанның білім ордасы – Алматыға оқу іздеп кетеді. Жолдасы еліміздегі сол кездегі бірден-бір университет – ҚазМУ-дың 3 курсында оқиды, ал, өзі осы оқу орнының физика бөліміне оқуға түседі.Ұлағатты ұстаз – Қызылгүл Нұрғалықызы мен (марқұм) Кәкен Хамеретдинұлы 7 бала тәрбиелеп өсіріп жеткізді. Ұстаздық атты қиын да, ұлағатты жолда жүрсе де, отбасы-ошақ қасының да бабын тауып, жеті баласын қоса өмір айдынына талмай-тынбай жетелеген аяулы жар, ардақты ана. Бүгінгі таңда 13 немеренің, 15 шөберенің қызығына, алғысына бөлініп отырған ардақты ұстазымыз.1950 жылы екінші курсты тәмамдағаннан кейін апайы-
мыз ауырған атасына қарайласып үйде қалады. Өйткені, жолдасы бұл жылы соңғы курста оқып жүрген болатын. Қызылгүл Нұрғалықызы тағдырының тағы бір қызық жері – қайда жүрсе де өзі оқыған мектептерге айналып қайтып, ұстаздық еткендігі. Отбасының орналасқан жері – Ақмола қаласында тағы да өзі бітіріп шыққан №4 Жамбыл атындағы орта мектепте 5-7 сыныптарға физика және математика пәндерінен дәріс береді. Сонда да оқуын тас-
тамай, білімін Қарағанды педагогикалық институтында сырттай жалғастырып, 1955 жылы диплом алады.
Бір жылдан соң жолдасы да оқуын аяқтап, астана Алматыда тұрақтап қалуына мүмкіндік болғанына қарамастан (ол кезде жоғары білімді, қолынан іс келетін азаматтарға қай жерде де жол ашық еді ғой), елге оралып, апайымыз ұстаздық етіп жатқан мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып орналасады. Содан 1956 жылға дейін екеуі осы мектепте қызмет атқарады. 1956 жылы Ерейментау ауданындағы Благодать орта мектебіне ауысып, мұнда табан аудармастан 20 жыл қызмет істейді. Өзінің ізденімпаздығымен, табандылығымен, әр нәрсені ыңғайымен істеуге ұмтылушылығымен ерекшеленетін апайымыз осы жерде бес жыл мектеп директоры, кейін партия ұйымының хатшысы қызметін атқарады. 1976 жылдан осы ауданның «Торғай» кеңшарының орта мектебінде директорлық қызмет атқарып, құрметті зейнет демалысына шығады.Қызылгүл Нұрғалықызының тағы бір қыры – жас мамандарды баулуда өзіндік мектебінің қалыптасуы. Әлі есімде, апайдың алдынан дәріс алып, мектеп бітірген соң, бірер жыл оның қарамағында математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істедім. Сонда әдістемелік даярлығымыз жетісіңкіремей, сабақтың мазмұнын қалайша ашудың жолдарын таба алмай қиналғанымызда ерте демей, кеш демей, салып ұрып апайдың үйіне барып кеңес сұрайтынбыз. Сонда апайымыз істеп жатқан шаруасын тастай салып (ауыл әйелінің жұмысы өмірі біткен бе?), 45 минуттық сабаққа екі сағат бойы түсініктеме беріп даярлап жіберетін. Бұл да болса, ұстазымның ақжүрек, қолынан келгенін аямайтын мәрттік көңілінің нышанынан хабар бермей ме?
Байқап отырсақ, апайымыз өзінің бүкіл саналы ғұмырын мұғалімдікке, ұрпақ тәрбиелеуге арнаған екен. Үкімет те оның бұл еңбегін бағалап, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттаған, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағын алған. Бұдан тыс Қызылгүл апай КСРО Жоғарғы кеңесі Төралқасының Құрмет грамотасымен, бірнеше рет республикалық, облыстық деңгейдегі грамоталармен марапатталған екен. Дегенмен, апайымыз үшін ең басты марапат – шәкірттерінің ыстық ілтипаты. Айта кету керек, оның оқушыларының қатарында елімізге әйгілі ғалымдар, ұстаздар, басшы қызметкерлер бар. Өзінің айтуынша, Мұғалім күні мерекесінде бұрынғы оқушылары жеделхаттар жолдап, құттықтағанда бір жасап қалады, олардың жақсы атаққа іліккенін естігенде шаттыққа бөленеді екен. Міне, бұл – нағыз ұстаздың аузынан шығатын сөз. Нағыз ұстаз – Қызылгүл апайымыз биылғы жылы 90 жасқа толып отыр. Шәкірт үшін қаймағын қалқи құйып, қаспағын еңбекпенен қырып берген, талай жыл білім жолында тер төккен биік тұлға, ардақты ұстазыма тілейтінім: «Білім» деген ұлы көшке салған сара жолыңызды жалғастырған шәкірттеріңіздің шексіз алғысына бөлене беріңіз.
Амангелді ҚҰДАБАЕВ,
Алматы экономика және статистика академиясы өкілдігінің басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор.

Қарағанды қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар